
Облыс әкімі қыз-келіншектерге құрмет көрсетті
Бүгін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов халықаралық әйелдер күні қарсаңында өңірдің түрлі салаларында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерді қабылдап, олардың қоғамға қосқан үлесін атап өтті. Салтанат сарайында өткен кездесуде нәзікжандыларға құрмет көрсетіліп, алғыс айтылды.

“Аяулым” шаруа қожалығының басшысы Назгүл Жұмекееваның ата кәсіп-егін шаруашылығымен айналысып келе жатқанына 20 жылдан асыпты. Бала кезден еңбекқор отбасынан тәлім-тәрбие алған ол Индер ауданында көкөніс өсіріп, маңдай тер еңбектің жемісін көріп келеді. Осыдан он жыл бұрын ашқан шаруа қожалығында бүгінде жиырмаға тарта жұмысшы қызмет етеді. Кәсіпкер биыл мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде “жұмысшы мамандықтары жылы” болып жариялануына орай жұмысшыларға айрықша мән берілсе екен дейді. Өйткені, қазір ауылшаруашылығында агроном мамандар жетіспейді. Шын мәнінде, қарапайым жұмысшы болып та биік белестерді бағындыруға болатынын атап айтқан Назгүл кең байтақ жерімізді игеруге бар күшімізді салу қажет деп есептейді.

-Мал өсірсек, сүт те, ет болады. Импортқа тәуелділікті азайтамыз. Біздің қожалықтың ағаштары қаланың түкпір- түкіпіріне егіліп, шаһар шырайын келтіріп тұр. Осындай айтулы мерекеде қарапайым еңбек адамдарына құрмет білдіргендеріңізге алғыс білдіремін, — дейді Назгүл.

Жылы жүзді кездесуде өңір басшысы да шынайы лебізін жеткізді.
-Әйел заты — біздің қоғамымыздың негізі. Отбасының ұйытқысы. Ел болашағының негізін қалаушы. Әрбір әйел өзінің нәзік жүрегімен, ақыл-парасатымен, отты жігерімен әлемді жақсартуға үлес қосады. Олар әр салада еңбек етіп, елдің дамуына зор ықпал жасайды. Бүгінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының келбетін айқындайтын – әйелдер. Атыраулық қыз-келіншектер ел басқару, кәсіпкерлік, саласында да қажырлы еңбек етіп, биік жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Атырау облысында өндірісте жұмыс істейтін 29,6 мың адамның 6,9 мыңы әйелдер қауымы екен. Олардың бес мыңға жуығы жұмысшы мамандық иелері. Демек, өндіріс саласында әйелдер тек әкімшілік немесе басқа да қызметтермен шектелмей, техникалық және физикалық жұмыстарды ойдағыдай атқарып, ер адамдармен тең қызмет етуде,-деді Серік Шәпкенов.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ