Облыс әкімі Құрманғазы ауданының тұрғындарымен кездесті
Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов Құрманғазы ауданы Сафон ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Алдымен Сафон ауылдық округінде жүріп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Бұл ауылда дәрігерлік амбулатория салу және жедел-жәрдем көлігінің жетіспеу мәселесі мәселесі өзекті.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл медицинасының ахуалын жақсарту туралы тапсырма бергені белгілі. Мен осы жиынға келмес бұрын осы ауылдағы дәрігерлік амбулоторияның жағдайымен таныстым. Ғимарат ескі, қыста суық, апаттық жағдайда тұр. Сондықтан типтік жүйедегі дәрігерлік амбулатория салу туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ емханада кадр тапшылығы мәселесі де бар. Бұл мәселені шешу үшін биылдан бастап өңірге келетін дәрігерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдауды күшейттік. Яғни ауылдық жерлерге келетін мамандарға 5 млн теңгеге дейін бір жолға берілетін жәрдемақы көлемі ұлғайтылды. Десе де жергілікті кадрларды дайындау мәселесіне басты назар аударуымыз керек. Бұл ретте жас мамандарды дайындап, жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Сонымен қатар осы жылдың аяғына дейін ауданға 5 жедел жәрдем автокөлігі беріледі, қазіргі уақытта сатып алу конкурсы жарияланды. 5 автокөліктің біреуі Сафон ауылдық дәрігерлік амбулаториясына берілетін болады,— деді С.Шәпкенов.
Кейін тұрғындар ауылдағы өзекті мәселелерді айтып, ұсыныс-пікірін жеткізді. Жиында сафондықтар денсаулық сақтау, инфрақұрылым жүргізу, тас жол салу, шалғай елді мекеннен мектепке бала тасымалдайтын автобус беру, электр жарығын жүргізу және т.б мәселелерді көтерді.
Жиыннан соң облыс әкімі азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Олардың талап-тілегін сала мамандарымен бірге қарап, қажетті кеңес берді.
Аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің Сафон ауылдық округі тұрғындарымен кездесуі Құрманғазы ауданы әкімдігінің Facebook, Instagram желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.
Анықтама үшін: Сафон ауылдық округінде 1 811 адам тұрады. Мұнда мектеп, балабақша, спорт кешені, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория сынды әлеуметтік нысандар бар.