Жарнама
Жаңалықтар

Облыс әкімі қарияларды Қарттар күнімен құттықтады

Бүгін, 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай облыс әкімі Серік Шәпкенов Атырау қаласындағы №4 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, қарияларды мерекемен құттықтады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс басшысы өз сөзінде қарттардың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі жастар үшін маңызды екенін атап өтті.

– Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, біз қазыналы қарияларымыздың айтары мол екенін әрдайым ескереміз. «Қарияның сөзі – ақылдың өзі» деп бекер айтылмаған. Сіздердің өмір жолдарыңыз – жастар үшін үлкен өнеге. Қарттар тыңдалмаса, жастар қайдан шыңдалсын?! Сіздерге «құлақ түрейік, бұйымтайын білейік» деп ат басын бұрған жайымыз бар. Қарттарға құрмет, қамқорлық бір күнмен ғана шектелмейді. Бұл — мемлекеттің ұдайы назарында. Осы бағытта қолға алынып, іске асып жатқан бірнеше бағдарлама, жолға қойылған жобалар бар. Бұл жерде қанша адам болса, сонша тағдыр бары рас. Талайды көрдіңіздер, білекте күш барында еңбек еттіңіздер, ащыны да, тұщыны да таттыңыздар. Бүгін жарқын кейіпте жүздескеніміз — ерік-жігердің, ішкі діңгектің мықтылығынан. Осының өзі жастарға үлгі-өнеге деп білемін, — деді С.Шәпкенов.

Аймақ басшысы қарттарға көрсетілетін құрмет пен қамқорлықтың бір күнмен шектелмейтінін, мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар мен жобалардың жүзеге асырылып жатқанын да сөз етті. Қазір орталықта 100-ден астам қария арнайы әлеуметтік қызметтер алады. Орталық заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға да барлық қажетті жағдайлар жасалған.

Айта кету керек, аймақта 63 мыңнан астам зейнеткер тіркелген. Арнайы әлеуметтік қызметтерді үйден 863 жалғызбасты адам, оның ішінде 611 қария мен 252 мүмкіндігі шектеулі бала алады. Қазанда облыстағы мүмкіндігі шектеулі қарттарға 7,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (27 690 теңге) біржолғы әлеуметтік көмек беріледі. Бұдан басқа, қариялар тегін техникалық оңалту құралдарымен, санаторий-курорттық жолдамалармен, жеке көмекші және ымдау тілі қызметтерімен қамтылмақ. Бұл бастамалар қарттардың өмір сапасын жақсартып, оларға деген мемлекеттік қолдаудың үздіксіз екенін көрсетеді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button