Облыс әкімі азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады
Аймақ басшысы Серік Шәпкенов тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдады.
Қабылдауға келген тұрғындар баспанамен қамту, жер телімін бөлу, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, автомобиль жолдарын жөндеу секілді әлеуметтік мәселелерді көтерді.
Облыс әкімінің қабылдауында болған азаматтардың бірі — Өркен ықшам ауданының тұрғыны Нұргүл Сапарова. Ол аймақ басшысынан №35 көшеге балалар ойын алаңын салуға және қоқыс үйіндісін жабуға ықпал етуді сұрады.
— Мен бұл жерде 10 жылдай уақыт тұрамын. Үйіміздің жанында карьер болған. Алайда ол соңғы 4 жылда қоқыс алаңына айналды. Иіс қолқаны қабады. Үйдің терезесін аша алмаймыз. Бұдан бөлек, балалар ойнайтын алаң да жоқ. Сол себепті қоқыс үйіндісін көміп, балалар алаңқайын салып беруіңізді сұраймын. Сондай-ақ, бұл қоқыстардың арасында адам денсаулығына әсер ететін зиянды заттардың бар-жоғын білгім келеді,— деп сұрады Н.Сапарова.
Тұрғынның бұл сауалына қала әкімі Мейірім Қалауи жауап берді.
— Биыл бұл мекен-жайдағы карьер орындарын жабу үшін жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Алайда қала ішіндегі карьер орындарына төгілген қоқыстардан тазарту жұмыстары «Арнайы автобаза» ЖШС мекемесіне жүктелген. Қаладағы кейбір карьерлер көшелерде жаңа жол төсеу кезінде шығарылған ескі асфальттың қалдықтарымен жабылған. Бірақ бұл экология заңнамасында көрсетілген талаптарға сай емес. Сол себепті ашық алаңдарды жабу жұмыстары тоқтатылды. Қазіргі уақытта бюджет қаражаты есебінен ашық алаңқайларды жабу үшін қаражат қарастырылмаған. Сондықтан демеушілер арқылы бұл мәселені шешу қарастырылып жатыр. Ал балалар алаңын салу жұмыстары биыл басталады, — деді М.Қалауи.
Тұрғындармен кездесуге жауапты басқарма басшылары, «Отбасы банк» АҚ Атырау облыстық филиалының өкілі қатысты. Олар азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, қажетті kеңес берді.
Аймақ басшысы жеке қабылдауға келген азаматтардың мәселесін тиісті сала мамандарымен бірге қарап, заң аясында шешу бойынша нақты тапсырмалар берді.
Жеке қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі тұрғын үймен қамтамасыз етуді сұрады. Оларға баспана заң аясында кезек бойынша берілетіні түсіндірілді.
Облыс әкімі бүгінге дейін 35 қабылдау өткізіп, 600-ге жуық тұрғынның қабылдады. Сондай-ақ, аудандарға жұмыс сапары барысында 250-ден астам тұрғын жеке қабылдауға келді.
Облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Атырау облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді.
Байланыс нөмірі: 8 (7122) 31-99-82