Облыстық фестивальде педагогтардың әдістемелік жұмыстары бағаланды (ФОТО)
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы педагогикалық ізденіс» тақырыбында облыстық педагогикалық фестиваль өтті.
Облыс педагогтарынан 115 жұмыс түсіп, оның 45-і тыңдауға жіберіліп, 53 еңбек шара жинағына енді.
Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында табысты және шығармашыл педагогтарды анықтау және қолдау, шығармашылық ойлар мен ғылыми-әдістемелік құралдарды, іс-тәжірибе жетістіктері мен нәтижелерін көрсету, озат педагогикалық ізденістер мен тәжірибені насихаттау – байқаудың негізгі мақсаты.
Шараға барлық білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтары, мектепке дейінгі ұйымдарының әдіскерлері мен тәрбиешілері, қосымша білім беру мекемелерінің қызметкерлері, сынып жетекшілері, психологтар, ерекше білім алу қажеттілігі бар балалармен жұмыс жасайтын мамандар (логопед, дефектолог), әлеуметтік педагогтар, кітапхана қызметкерлері қатысты.
Фестиваль «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы мектеп менеджменті» (білім беру ұйымының басшылары), «Шебер сабақ — шебер мұғалім» (бастауыш және пән мұғалімдері), «Шығармашылық толқын» (мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтары), «Сыныптан тыс уақытта…» (сынып жетекшілер, тәрбиешілер, қосымша білім берудің педагогикалық қызметкерлері), «Жаңалық жаршысы» (кітапхана қызметкерлері) номинациялары бойынша өтті.
Байқау жұмысына білім беру және тәрбие үдерісінің модельдері, білім берудегі менеджмент тұсаукесері, сабақтардың, сабақтан тыс шаралардың, инновациялық идеялардың және т.б үзінділерін ерікті нысанда (шебер-сынып, медиа-сабақ, менторинг, коучинг, ғылыми-әдістемелік жасалымдарды жариялау, портфолио, библиомарафон, кейс, библиографиялық ойындар және басқа) формасында ұсынылды.
Фестивал аясында «Біліктілікті арттырудан–кәсіби шеберлікке» тақырыбында институт қызметкерлерінің ғылыми-әдістемелік еңбектерінен кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сынаққа түскен жұмыстарға фестиваль тақырыбына, мақсат және міндеттеріне сәйкестігі, өзектілігі, ғылымилығы, педагогтың әдістемелік шеберлігі, шығармашылығы және жаңашылдығы, педагогтың кәсібилік деңгейінің ғылыми-әдістемелік құзыреттілігі, шебер-сынып, сабақ, шығармашылық жобалардың технологиялылығы, әдістемелік құндылығы, ерекше білім беруді қажет ететін тұлғаларды психологиялық- педагогикалық қолдау қызметінің әлеуметтік маңыздылығы, рәсімдеу талаптарына сай болуы тәрізді шарттар қойылып, сол бойынша бағаланды.
Фестиваль қорытындысы бойынша қатысушыларға арнайы Сертификаттар тапсырылып, фестиваль жұмысында белсенділік танытқан қатысушылар «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.
Үздік жұмыстар фестивальдің жинағына, «Хабаршы Вестник» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының 2017 жылғы №6 санына жарияланбақ.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА