Облыс әкімі Н.Ноғаев әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысымен танысты (ФОТО)
Атырау облысының əкімі Нұрлан Ноғаев əлеуметтік маңызы бар төрт нысанның құрылыс барысымен танысты,-деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аймақ басшысы алдымен облыстық кардиоорталықтың қалпына келтіріліп жатқан қосымша ғимаратын аралап көрді. Медициналық мекеменің жаңа ғимараты сырқаттарға қосымша қызметтердің көрсетілуіне мүмкіндік береді. Онда операция-хирургия блоктары, реанимация, қарқынды терапия жəне диагностика бөлімдері орналасқан. Тəулігіне 50 адамға дейін қызмет көрсету жоспарланып отыр.
Екінші нысан — мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ғимараты. Мұнда ХҚКО қызметкерлерімен қатар əкімшілік полиция мен мемлекеттік кірістер департаменті, наркология жəне психикалық-неврологиялық диспансер дəрігерлері жұмыс істейтін болады. Сынамалар тапсыратын медициналық зертхана да сол жерде орналасады. Бөлінген төрт гектар жерге көлік жүргізу бойынша сынақ алатын автодром салынады. Осылайша келер жылдан бастап көлік жүргізу куəлігін алу, көлік тіркеу рəсімдері бір жерде жүзеге асады.
Облыс әкімі Н.Ноғаев Самал ықшамауданындағы өрт сөндіру депосының құрылысымен де танысты. Жаңа өрт сөндіру бөлімшесі жақын маңдағы 3-5 ықшамауданды қамтиды. Нысан құрылысы биыл шілде айында басталды, 2018 жылдың желтоқсанында аяқталады.
Аймақ басшысы Нұрсая ықшамауданындағы облыстық ІІД-нің жаңа ғимаратының құрылысын да аралап көрді. Бұл кешен бес бөліктен тұратын кеңсе ғимаратын, спорт кешенін, 100 əскери қызметшіге арналған казарма мен жедел əрекет ету арнайы отрядының 100 сарбазына арналған жатақхана, уақытша оқшаулау орны, кəмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығы, генераторы мен қазандығы бар трансформаторлы қосалқы станция, əрқайсысында 16 бірлік техника болатын екі ангар үлгісіндегі боксты қамтиды. Əкімшілік полицияның қолданыстағы кеңсесі болашақтағы ІІД кешенінің бір бөлігі деуге де болады.
Айқара Ғұмар