Облыс басшысы дініміз талап ететін қарапайымдылықты насихаттауға шақырды
Атыраулық дін қызметкерлері халықты аста-төктіктен арылуға, қаза дастархандарындағы ысырапшылдықтан тыйылуға шақыруда. Бұл бастаманы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та қолдап отыр. «Садақадағы ысырапшылдық расымен де қынжылтады. Осындай жиындарда мұны мойындасақ та жеке өзімізге келген кезде, «қарапайым дастарханнан бейшара болып көрінбеймін бе?» деген оймен аста-төкке жол беріп жатамыз. Жерлеу рәсімі, марқұмның басын қарайтуда да зәулім сарайлар тұрғызуды бәсекеге айналдырып алдық. Мұндай астамшылық кімге керек?» деген облыс басшысы Нұрлан Ноғаев дініміз талап ететін қарапайымдылықты насихаттауға шақырды.
Ысырапшылдыққа жол берме
Бұл мәселе облыс әкімі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысында көтерілді. «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұровтың айтуынша, көп жағдайда сүйек шығарылмаған қаралы үй иелерінің уақыты мейрамхана мен қоңды мал іздеуге кетіп жатады. «Асылында марқұмның соңынан бата оқып, дұға-тілегін бағыштауға келген ағайынға аста-төк дастарханның жайылуы – ысырап. Олай болса, өлімді жерде берілетін ас түрін шектеп, бір жүйеге түсіру керек» деген облыстың бас имамы Батыржан Мансұров осы бағыттағы үгіт-насихат жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен жүргізуді ұсынды.
Аймақтағы кадр тапшылығы, мектептердегі дінтану мамандығын насихаттаудағы проблемалар және имамдарды қызметтік пәтермен қамтамасыз етудегі қиындықтар туралы айтқан баяндамашы қазіргі таңда мешіт жамағаттарының 90 пайызға жуығын жастардың құрайтынына тоқталды. Бас имамның пікірінше, екі буын арасындағы сабақтастықты ақсақалдарды мешітке тарту арқылы нығайтуға болады. «Мешіт имамдары тоғыз адамның дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабына оралуына ықпал етті. Теріс ағым ықпалында кеткен 300 адаммен жеке жұмыстар жүргізілді. Егер облыстағы ардагерлер кеңесімен бірлесіп «ақсақалдар институтын» қалыптастырсақ, жат ағымдармен күрес жеңілдеп, марқұмды арулап кебіндеу, бата беру сынды ислам дінімен біте қайнасқан салттарымызды қайта жаңғыртуға жол ашылар еді» деді ол.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев проблемалардың дені дінді дұрыс түсінбегендіктен орын алып жатқанын атап өтті. «Үгіт-насихат жұмыстарымен бірге, кадр мәселесінің шешілуіне де ықпал ету керек. Діни білім алғысы келетін студенттерге оқу ақысын төлейтіндей жағдай жасауға болады. Бірақ, мамандар диплом алғаннан кейін қалада ғана емес, ауылдық жерлерде де еңбек етуі тиіс» деген талап қойылатын болады» деп атап өтті аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.
Ең тиімдісі — екпе алу
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Түркіменбай Нұржігітов сәбиіне екпе салдырудан бас тартқан ата-аналардың саны бүгінде 398-ге жеткенін хабарлады. «Оның ішінде, ең үлкен көрсеткіш – облыс орталығында. Атырау қаласы бойынша 305 бала есепке алынып отыр. Жылыойда – 24, Индерде – 7, Исатайда – 13, Қызылқоғада – 4, Құрманғазыда – 23, Мақатта – 4 және Махамбет ауданында 18 бала екпе алмаған. Себеп – ата-аналарының теріс діни көзқарасында және тексерілмеген ақпаратқа жүгінуінде» дейді баяндамашы.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың пікірінше, иммундауға қарсы көзқарастың қалыптасуына бір кездері Югославиядан алынған сапасыз вакциналардың да әсері болған. «Яғни, бұл жерде мәселе медицина мамандарының өз жұмысына салғырт қарауына да байланысты. Кез келген қиыншылықты қарастырғанда оның себебін анықтауға назар аудару керек. Әр жағдайдың себебі түсіндірілуі тиіс» деген аймақ басшысы осы бағыттағы үгіт-насихат жұмыстарын жандандыруды міндеттеді. Өкінішке қарай, екпе алдырмаған сәбилер көрсеткіші бойынша Атырау республикада көш бастап тұр.
Үш қылмыстық іс қозғалды
Теологиялық білім алу мақсатында 129 атыраулық Таяу және Орта шығыс елдеріне асып кеткен. «Оның 97-сі ғана елге оралды. Ал, 32 адам әлі күнге дейін оқуын жалғастыруда» деп хабарлады Атырау облыстық ішкі істер департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасының басшысы Ербол Оңғаров. Күні бүгінде теріс ағымда жүрген үш адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Жиында талқыланған мәселелерге талдау жасаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев атқарушы билік орындарын «Страустың позициясын ұстануға болмайды» деп сынап тастады. «Әсіресе, екпе мәселесінде жат ағым желеуге айналып кетті. Бұл мәселеге ардагерлер кеңесінен бастап аудан әкімдері, тиісті басқармалар түгелдей жұмылуы керек. Иммундау күштеп емес, саналы жолмен жүргізілуі тиіс» деген облыс басшысы мәселені жиналыстан жиналысқа сүйремей, нақты нәтижелерге жұмыс істеуді тапсырды.
Қайролла КӨШҚАЛИЕВ,
Атырау облыстық дін істері басқармасының басшысы:
Штаб құратын кез жетті
– Вакцина алудан бас тарту мәселесі күн санап күшейіп келеді. Екпе алмаған сәбилердің арасында ес-түссіз күйде жан сақтау бөліміне түсу фактілері де тіркеліп отыр. Бұл – облыста орын алып отырған жағдай. Сондықтан, арнайы штаб құратын кез жетті. Оның құрамында тиісті мекемелермен бірге құзырлы орган өкілдері де болуы керек. Штаб жұмысын перзентханадан бастаса, нақты нәтижелерге қол жеткізер едік.
Михаил СОКОЛОВ,
«Успен» православиелік шіркеуінің иерейі:
Жұмыстың жаңа әдісін ұйымдастырсақ
– Екпеге қарсы шығатындардың дені – негізінен, баптистер, йегова куәгерлері, протестанттар, яғни, жат ағым өкілдері. Асылында, кез келген дін медицинаға жүгінуге тыйым салмайды. Сондықтан, қасиетті кітаптардан үзінділер алып, оны емхана, ауруханаларда, жалпы медициналық орындарда түрлі көрнекілік түрінде пайдалануды ұсынамын.
Нұржиян АБДОЛОВА
еңбек ардагері:
Ақпарат кеңінен таратылуы керек
– Екпе мәселесіне байланысты осыдан екі жыл бұрын арнайы құрылған топ құрамында жұмыс істедік. Сол кезде үй-үйлерді аралап, ата-аналармен кездескенде біраз жағдайларға қаныққанымыз бар. Ұсынысым – азаматтарға ақпарат жан-жақты және кеңінен таратылуы керек. Ақпараттық топ құрамында медицина, дін мамандарымен бірге, өзге де салалардың өкілдері болса, тиімділік арта түсер еді. Ең бастысы, ақпараттық топ мүшелері жан-жақты болуы керек.
Кеңес отырысында мал сою пункттеріндегі жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыру мәселесі де айтылды. Қолда бар ақпараттардан белгілісі, қазіргі таңда базарларда негізінен токпен өлтірілген мал еті сатылады. Сол себепті облыс әкімі қасапханаларды адал стандартқа көшіру жұмыстарын жедел жүргізуді тапсырды.
Баян Жанұзақова
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.