Оқу гранттарымен қоса жатақхана саны көбейеді
Қазіргі кезде республика бойынша 530 мыңнан астам студент бар. Олардың ішінде 204 мың адам, яғни студенттердің 38 проценті — басқа аудан мен қаладан келгендер.
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың айтуынша, қазіргі кезде 204 адамның жартысынан көбі жатақханада тұрады.
«110 мың адам жатақханада тұрып жатыр. Сонда 90 мың адамдай қалып отыр. Енді, олардың ішінде туған-туыстардың үйінде тұратындар да бар. Сол себепті біз 75 мың орын деп белгілеп отырмыз», — деді Б.Асылова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта қосымша 20 мың мемлекеттік грант бөлінгенде жатақханаға деген сұраныс арта түседі. Себебі тегін оқитын студентердің саны көбейді.
«Сол себепті Мемлекет басшысы 2022 жылдың соңына дейін жалпы 75 мың орын болатын жаңа жатақханаларды салуды тапсырды. Соның арқасында студенттердің жатақхана мәселесі толығымен шешіледі», — деп атап көрсетті Б.Асылова.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев студенттерге қосымша бөлінетін 20 мың грант пен жатақханадағы 75 мың орынның қаржыландыру тетіктері жайында айтқан болатын.
Ал ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкеновтың ойынша, жатақханалар құрылысына студенттерді де тартуға болады.
Еңлік СҰЛТАН