Оңтүстік Корея елшісі таэквондодан Азия ашық чемпионатының ашылуына келді
Оңтүстік Корея елшісі таэквондодан Ашық Азия чемпионатының ашылуына келді. Өңірге сапар барысында Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Ким Дэ Сик Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесті, деп xабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Дипломат Атырау қаласына таэквондодан алғашқы Ашық Азия чемпионатының ашылу салтанатына қатысу үшін келген болатын. Кездесудегі негізгі әңгіме арқауы — екі елдің спорттық жетістіктері болды.
«Атырауға қонақ болғаныңыз үшін сізге алғыс айтамыз. Мұнда алғаш рет таэквондодан Ашық Азия чемпионаты өтіп жатыр. Азияның таэквондо бірлестігінің президенті Кю Сэок Лиді қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Спорттық жарыстар халықтар мен мемлекеттерді жақындастыруға үлесін қосады. Бұл спорт түрінде спортшыларымыз тамаша жетістіктерге жетті. Оның бірі — Индонезиядағы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанған Жансель Дениз», — деді Нұрлан Ноғаев.
Облыс әкімі қазақстандық спортшылар көптеген спорт түрлерінде жеңіс тұғырынан көрініп жүргенін сөз етті.
«Спорт елдер мен халықтарды біріктіреді. 2018 жылы Пхенчхан қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарында бүкіл әлемде спортты біріктіретін фактор көрсетілді. Экономикадағы қарым-қатынас туралы айтсам, Оңтүстік Корея бизнесінің ел және аймақ экономикасына қосқан үлесін атап өткім келеді. Қазіргі таңда біздің компаниямыз облыстың мұнай өнеркәсібінде жұмыс істейді, медицина саласын дамыту үшін көптеген жобалар дайындаған. Атырау — инвестиция үшін болашағы жарқын аймақтардың бірі және Қазақстан экономикасын дамытуда үлкен рөл атқарады», — деді Ким Дэ Сик.
Дипломат жастардың кәріс тілін үйренуге қызығушылығын атап өтті. Бұл мәселе Атырау мемлекеттік университетінің студенттерімен кездесуде қозғалған болатын.
«Біз студенттерге қажетті білім беру материалдарын ұсынуға дайынбыз. Қазақстан Президенті жүргізіп отырған саясаттың көпұлтты мемлекетте бейбітшілік пен келісім орнатуға бағытталғанын білеміз», — деп атап өтті елші.
Облыс әкімі өз кезегінде елде бейбіт даму үшін барлық қажетті жағдайлар жасалғанын айтты. Қазақстанда тұратын 130 ұлттың құқықтары мен міндеттері тең екенін атап өтті.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында Қазақстан әлемде лайықты орын алды. Біз инвестициялық және бірлескен жобаларға дайынбыз. Қолайлы инвестициялық ахуал экономиканың түрлі салаларында көптеген жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Біз сіздің елдің инвестициялық жобаларын талқылауға және қолдауға дайынбыз. Жаңа өндірістерді дамыту үшін барлық алғышарттар бар», — деді Нұрлан Ноғаев.
Корея Республикасының делегациясы таэквондодан алғашқы ашық Азия чемпионатының ашылу салтанатына қатысады. Токиода өтетін Олимпиадаға лицензия алу үшін 400-ге жуық спортшы күресуге дайын.