Оқи қалар, оқиғалар
Бұл күні, яғни,
11 қаңтарда:
— Осыдан 207 жыл бұрын қазақтың халық күйшісі, сазгер Абыл Тарақұлы дүниеге келді.
***
— 1916 жылы қазақ даласында басталған ұлт—азаттық қозғалыстың соңғы шайқастарының бірі болған Күйік—Шошқалы ұрыстары осыдан 100 жыл бұрын өтті.
***
— 22 жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Сыртқы экономикалық қызмет туралы» Жарлыққа қол қойды.
***
— 2006 жылы Астанада тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызы зор оқиға – Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланған Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі өтті. Салтанатты рәсімге жеті елдің Президенті, әлемнің 20-дан астам мемлекетінің Үкімет және Парламент басшылары, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуропа одағы халықаралық ұйымдарының өкілдері қатысты.
***
— Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Әнұраны – «Менің Қазақстаным» Ақорда сарайында алғаш рет орындалды.
***
— Он жыл бұрын Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында танымал жазушы Эрнест Төрехановтың «Александр мен Роксана» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Бұл шығарма Александр Македонскийдің грек тілін жетік білген сақ ханшайымы Роксанаға деген махаббатына арналған.
Түрiк әлемінде Александр Македонский Ескендір атымен танымал. Ғасырдан астам уақыт бұрын ұлы Абай жазған дастан дәл осылай аталады.
***
– Әр жылдары дәл осы күні химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Өзбек КСР-нің еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері Шүкір Тәліпов, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, белгілі журналист-аудармашы Сайлау Абылаев, жазушы Сайлаубай Жұбатыр-ұлы, әнші, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мақпал Жүнісова дүниеге келді.
***
— Бүгін бүкіләлемдік «Рахмет» күні тойлануда. Қаңтардың 11-і жылдың ең «әдепті» күні болып саналады. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен ЮНЕСКО-ның бастамасымен пайда болған бұл мерекенің өзіндік мағынасы мол. Себебі, бұл атаулы күнді бүкіл әлем азаматтығына, ұлтына, діни сенімдеріне қарамастан бірге тойлайды.
Дайындаған:
Айгүл ертілеу