Қоғамдық кеңес ашықтықты көздейді
Әнес Бисенов,
Атырау облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі, экология,
ауыл шаруашылығы және индустриялды-инновациялық даму мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы:
Ұлт жоспары аясында өмірге келген Қоғамдық кеңес Елбасының тікелей тапсырмасы негізінде құрылған ұйым. «Ұлт жоспары 100 нақты қадамның» 99-шы қадамы дәл осы Қоғамдық кеңеске арналды. Алғашында жұртшылыққа оның атқаратын қызметі беймәлім еді. Бірақ, білек сыбана іске кіріскен қоғамдық кеңес – заман талабынан туған құрылым екенін дәлелдеді. Ең алдымен олар айта-айта жыр болған тұрғындар мәселелерін шешуге араласты.
Жаңа құрылымның жұмысымен жақын танысу мақсатында облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі, экология, ауыл шаруашылығы және индустриялды-инновациялық даму мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы Әнес Бисеновке сауал жолдаған болатынбыз.
— Әнес Бисенұлы, Қоғамдық кеңес жұмысына кіріскелі, жылдар бойына қордаланып қалған мәселелер қолға алына бастағандай көрінеді. Билік пен бұқара арасында ерекше көпір орнады десек те болады. Жаңа құрылымның артықшылығы неде деп ойлайсыз?
— Басты ерекшелік, Қоғамдық кеңес – атқарушы билік пен бұқараны байланыстырушы құрал рөлін атқарып отыр. Ел арасында қордаланған мәселелердің шешімін табу мақсатында, Қоғамдық кеңес мүшелері талқылау алаңдарына, ұсыныс-пікірлерге көбірек назар аударады. Жаңа құрылымның артықшылығы, оның дербестігінде және жұмысының жариялығында.
Кеңестің әр отырысына бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатынасып, хабарламалар береді. Бұл жағынан келгенде, Қоғамдық кеңес ел үміт артқан, болашағы зор құрылым болып отыр.
Айта кетейік, жаңа құрылым — халыққа пайдалы өзгерістерді жедел түрде енгізе алады. Мұнымен қоса, қандай да бір заңды қабылдарда, ең алдымен, қоғамның пікірін ескереді. Сондай-ақ, халықтың басшыларға деген сенімі арта түседі деген ойдамыз. Себебі, Қоғамдық кеңес арқылы олардың атқарған ісі ашық және айқын болады.
— Қоғамдық кеңес құрылғалы бері қандай мәселелер қаралды және сіздер көтерген проблемаларды шешуге құзырлы органдар қаншалықты ынта танытты?
— Бүгінге дейін жергілікті өкілді және атқарушы органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары қаралып, талқылау жүргізілді. Сондай-ақ, сәуірде 2016-2018 жылдарға арналған облыстық және қалалық, аудандық бюджеттерді нақтылау жобалары қаралды. Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын да Қоғамдық кеңес мүшелері бақылайды.
Ағымдағы жылы ел арасында үлкен алаңдаушылық тудырған жер мәселесі де Қоғамдық кеңестің назарынан тыс қалмады. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен жиында азаматтық қоғамның барлық өкілдері бас қосты. Кеңейтілген отырыс «ҚР Жер Кодексінің» нормаларын түсіндіру, азаматтардың пікірлерін жинақтау және осы бағыттағы атқарылған жұмыстармен танысу мақсатында өткен еді. Түрлі пікірлердің басын қосып, ортақ идеяға тоқталған кеңес мүшелері көпшілік алдында өз ұсынымдарын қабылдады. Олар – Жер кодексін түсіндіру жұмыстарына кеңес мүшелерін тарта отыра, істі әрі қарай жалғастыру және кәсіподақ ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер арқылы еңбек ұжымдарына идеологиялық жұмыстарды дамыту туралы шешім.
Облыстық денсаулық сақтау саласының жай-күйі, санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, фармацевтикалық қызмет көрсету, қоқыс полигондары және өндірістік тұрмыстық қалдықтар, сарқынды суларды залалсыздандыру секілді мәселелер де жан-жақты талқыланып, кеңес мүшелері мәселенің тетігін табу мақсатында ұсыныстар әзірлеген болатын.
Бүгінгі күнге дейін, Қоғамдық кеңесте жүздің үстінде жоба қаралып, ұсынымдар берілді. 57 жоба Қоғамдық кеңеске жолданды. Кеңеске облыс әкімінің сол тақырыпқа байланысты жауапты орынбасарлары тұрақты түрде қатысады және ой-пікірлерін ортаға салып, кейіннен іс-шаралар алып отырады. Сондықтан, әр мәселеге мемлекеттік органдар жауаптылықпен қарауда.
— Қоғамдық кеңес мүшелеріне жүктелген басты міндеттер туралы айтсаңыз?
— Негізгі міндетіміздің бірі – азаматтық қоғамының мүдделерін білдіру және жергілікті деңгейде шешімдерді талқылау, қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру. Жергілікті атқарушы биліктің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту, басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамыз ету болып табылады. Осындай міндеттерді арқалаған жаңа құрылым мүшелері заң шеңберінде іс-шаралар жасақтап, ұсыныс-пікірлерін беріп, жұмыс істеуде.
Қоғамдық кеңес – халықтың пікірі мен талап-тілегін елеп, ескеруге міндетті. Және мемлекеттік органдар ашық қызмет атқаруы керек. Қоғамдық кеңес мүшелері азаматтармен барынша тығыз қарым-қатынас орнатуды, әлеуметтік көңіл-күйді анықтауды көздеп отыр. Ең бастысы, бұқарадан келіп түсетін арыз-шағымдардың бірде-біреуі де біздің тарапымыздан жауапсыз қалмайтын болады.
Мәлике МӘЛІК
Ұлт жоспары 99-қадам. МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР МЕН ӘКІМДЕР ЖАНЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕРДІҢ стратегиялық жоспарлар мен аумақтық даму бағдарламаларын; бюджеттерді, есептерді, мақсатты индикаторларға қол жеткізуді, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қозғайтын нормативтік — құқықтық актілер жобаларын; бағдарламалық құжаттар жобаларын талқылау бөлігіндегі рөлдерін күшейту. ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕРДІҢ ӨКІЛЕТТІКТЕРІ мен мәртебесін заңмен бекіту, мемлекеттік шешімдерді қабылдау ашықтығын арттыру.
Облыстық Қоғамдық кеңес:
— экономика және бюджет мәселелері,
— әлеуметтік және мәдени даму мәселелері мен экология, ауыл шаруашылығы,
— индустриялды-инновациялық даму,
заңдылықты сақтау мен құқықтық мәселелер жөніндегі комиссиядан тұрады.