Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Қоғамдық көлік және біз

Жолымыз түсіп, Ұлыбритания астанасы – Лондон қаласында іссапарда болған кезімізде ондағы қоғамдық көліктердің жүру жиілігіне әрі таң қалдық, әрі қызықтық. Үш минут сайын түрлі бағытта ағылған автобустарда Атыраудағыдай сығылысқан халық жоқ. Екі қабатты автобустардың төменгі қабаты егде адамдар, жас балалы аналар, мүгедектер үшін. Тіптен бала арбасына, мүгедектерге арналған арнайы орын да бар. Автобусқа арбамен мініп жатады, ол үшін әдейі платформа төселеді.

Қоғамдық көлік және біз

Ал, жастар бірден екінші қабатқа көтеріліп кетеді. Автобус аялдамалары радио арқылы хабарланады. Сонымен бірге, жылжымалы тақтада қай бекетке келгені міндетті түрде жазулы тұрады. Жолаушылардың бәрі асықпай мініп, асықпай түсіп жатыр. Бірін-бірі итеру, жүз шайысу дегенді көрмедік. Метрода да солай. Үш минутта жетіп келеді, ешкім алтын уақытын көлік күтуге қаза қылмайды. Содан ба екен, тұманды Альбионда жеке көлікпен жүргендер жоқтың қасы, бәрі қоғамдық көлікпен баратын жеріне жетіп алады.

Көршілерде қалай?

Көрші Ақтөбе облысында да қоғамдық көлік мәселесі жақсы шешілген. Үлкен, кең автобустар барлық бағытқа 15 минуттық интервалмен жүреді. Сағаттап көлік күту атымен жоқ. Көрші облыста қоғамдық көлік билетінің құны — 55 теңге. Сонымен қатар, желкеңнен итеріп кіргізіп, «ығысыңыз, ығысыңыз» деп түйгіштеу де оларға жат. Кәмелеттік жасқа толмаған балалардан жарты ақы ұсталады, яғни, 25 теңге ғана алады. Кондукторлардың сауаттылығы, мәдениеті көзге ұрып тұрады. Білмеген жерді көрсетіп, қажет аялдамадан түсіріп жібереді. Атыраудағыдай ауыр пакеттер мен сөмкелерді қолға ұстап тұрып, тезірек түсіп қалуға асықпайсыз. Өйткені, «тез, тез түсіңдер, келесіден түсетіндер есікке жақындаңдар» деген әмірлі бұйрық айтылмайды.

Орал қаласындағы жағдай да біздің облыс орталығынан көш ілгері. Биік, кең автобустар, қатынау жиілігі — 10, 15 минут. Жолаушыларға жағдай барынша жасалған.

Кондуктордың әмірі

Атырау қаласында әртүрлі бағытта жүретін қалаішілік маршруттарда тек сабақ кезінде ғана кәмелетке толмаған жасөспірімдерден ақы алмайды. Соның өзінде «Мектепте оқитының жөнінде справкаңды көрсет, әйтпесе, төле» деп айғайлаған кондуктордың даусы құлақты жарардай. Ең болмағанда «справканы» қазақшалап та айтпайды, шіркіндер. Тіпті, кейде аталған анықтаманы көрсетпеген балаларды түсіріп кететіні бар.

Бала түгілі, үлкеннің де қоғамдық көлікте азаматтық құқығы тапталып жатады. Есігін ашып, аяқты сала бергенде, қолымен желкеден бір түйіп «ығысыңдар, сендерден де басқа адам бар» дейді. Түсерде де «тез, тез түсіңдер» деп, бол-болдың астына алады. Кішкене «Газельдің» ішінде еңкейіп, ең болмаса еңсені көтере алмай, қысылып-қымтырылып тұрғаның. Он бес адамдық «Газельге» отыз адам мінгізгесін не болсын?! Ұрыс-керіс те, боқтық пен балағат та осы жерде.

P.S. Біз бұл жерде өз көзімізбен көргенімізді салыстыра отырып, көптен көкейде жүрген ойымызды айтуға тырыстық. Халықтың жағдайының бір көрінісі – қоғамдық көлік. Олай болса, жұртшылыққа жақсы жағдай туғызған күннің де куәсі болатын уақыт жетер деген сенімдеміз.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button