ЖаңалықтарШаһар шырайы

Нұрсаядан спорт кешенін салған кәсіпкерді не мазалайды?

Кәсіп пен оның иелері – экономиканың бір бөлшегі. Атам қазақ «Кәсіп болмай, нәсіп болмас» деп оның маңыздылығын бір ауыз сөзімен сипаттап кеткен.

Өндірістер тоқтап, ел тоқыраған шақта алыпсатарлықты кәсіппен шатастырып алғанымыздың кеселі ме, әлі күнге бизнесті бір жерден алып, екінші жерге сату деп ұғатындар көп. Бұл бағытпен алысқа ұзамайтынымыз да белгілі болып отыр. Ал, «өнім өндіремін, өңірде жоқ кәсіпті дамытамын» деген жанға мемлекет қолдау көрсетеді. Дегенмен, үлкен үмітпен қолға алынған жобалардың іске қосылмай жатқаны жанға батады.

Жуырда Атырау облысы кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының алаңында өткен кәсіпкерлердің құзырлы орган мен коммуналдық кәсіпорын басшыларымен кездесуінде көптеген кемшіліктерге көз жетті. Кейбір кәсіп иелері қалалық бөлім, облыстық басқарма басшыларының табалдырығын тоздырғанын, лауазымды тұлғалардың телефонмен де тілдеспейтінін, қай мәселеге де атүсті қарайтынын айтып қынжылды. Осы себепті тиісті министрліктерге тікелей шығуға тура келген.  

Мемлекеттен субсидия алып, Нұрсая-3 шағын ауданынан спорт кешенін салған Майра Мұханбетова (ЖК «Имидж») былтырғы мамыр айынан бері ғимаратқа газ қосу үшін техникалық шарт ала алмай жүр екен. Соның зардабынан қыстың көзі қырауда дайын нысан сыз тартыпты. Енді жылу қосқан күннің өзінде оны қайтадан жөндеу қажет көрінеді. Оның айтуынша, кәсіпкер құрылысы біткен кешенді іске қоса алмай, шығынға батқан. Тіпті, монополист құрылыммен арадағы дау сотқа жетіпті.

– Нұрсая – барлық коммуникациясы жүріп тұрған шағынаудан. Айналада үлкен коттедждер мен мекемелер бар. Бәрінде газ бар, ал маған газ тартуға рұқсат жоқ. Менің ғимаратымның көлемі екі үймен тең. Неге маған газ берілмеді? Үкімет қолдағанымен, монополисттер кәсібіміздің нарыққа енуіне кедергі жасап отыр, – деп жанайқайын жеткізді ол.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының өндірістік-техникалық бөлімі басшысының орынбасары Жантас Оспанның жауабына сүйенсек, биыл қаланың оң жағалауындағы 95 кәсіпкерлік мақсаттағы нысанға газ қосу үшін техникалық шарт беруден бас тартылған. Басты себебі – автоматтандырылған газ тарату станциясы қуатының жеткіліксіздігі. Оның көлемін ұлғайту үшін облыстық әкімдікке өтінім берілген.

– Алдымен тұрғын үйлер, әлеуметтік маңызды нысандар газбен қамтамасыз етіледі. Содан кейін заңды тұлғалардың өтініштері мүмкіндігіне қарай қаралады, – деді бөлім басшысы.  

Пікірталас барысында мамандар «қандай ма бір құрылысты жүргізерде сала мамандарының кеңесіне жүгіну керек» деген ұсыныстарын да айтты. Барлық коммуникациясы жүргізілген аумақтан жер алған кәсіпкер мұндай кедергіге тап боларын білмеген. Кездесуден кейін Атырау облысы кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының төрағасы Айбар Жаниязовтың бақылауымен кәсіпкер техникалық шартқа қол жеткізді.

Салтанат АҚТӘЖИЕВА

(ТОЛЫҒЫРАҚ «АТЫРАУ» ГАЗЕТІНІҢ 8 АҚПАН КҮНГІ САНЫНАН ОҚИ АЛАСЫЗДАР!)

Related Articles

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button