Нұр-Сұлтан қаласында 12 мемлекеттен қырықтан аса делегат қатысқан дәрігерлер жиыны өтті

img 20191105 wa0017 Жаңалықтар

Atr.kz/20 желтоқсан, 2019 жыл.  Қоғамдық қызмет көрсету интернационалы және Халықаралық еңбек ұйымының ұйымдастыруымен Шығыс Еуропа және Орталық Азия денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподақтарының белсенділері  Нұр-Сұлтан қаласында бас қосты.

 «Жалпыға ортақ медицина қызметін көрсету. Еңбек нарығындағы негізгі міндеттері мен құқықтары» тақырыбында екі күн бойы өткен шараға 12 мемлекеттен қырықтан аса делегат қатысты.

Қоғамдық қызмет көрсету интернационалының бас хатшысы Роза Паванелли, модераторы Баба Айе, халықаралық еңбек ұйымының маманы Гоча Александрия, еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің департамент директоры Айнұр Айыпханова, Халықаралық еңбек ұйымының Қазақстандағы ұлттық координаторы Талғат Әміржанов, Қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағы төрағасының орынбасары Бақытжан Тәжібай Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріндегі денсаулық сақтау саласының жетістіктері мен ахуалы, қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық  жағдайлары туралы кеңінен баяндады.

Спикерлер дәрігерлердің еңбек ақысының төмендігі, білікті мамандардың аздығы, Халықаралық келісімдердің сақталмауы, қоғамдық денсаулық сақтаудың дамуы, мамандардың көшіп-қонуы мәселелерін талқыға салды. Еліне, жеріне, ұлтына, нәсіліне қарамастан барлық  сала мамандары еңбегіне лайықты табыс пен қамқорлықты қажет ететінін, ол үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алдында тұрақты мәселелерді көтере отырып, нақты нәтижелі табысқа жетуге болатыны жөнінде айтты.

img 20191105 wa0018

Қазақстандық делегаттар биылдан бастап кәсіподақтың заңдылықтары, демократиялық принциптері сақталмай, кәсіподақ мүшелеріне қысым көрсетіліп, басқа кәсіподаққа мәжбүрлеп өткізіп жатқаны жөнінде баяндады. Халықаралық еңбек ұйымының 87 конвенциясының орындалмай отырғаны да талқыға салынды.

Халықаралық кездесудің маңызды оқиғасы азаматтық қоғам мүшелеріне арнап  қабылдаған үндеуі болды. Кездесу соңында ақ халаттылар «дәрігерлер өмірді құтқарады», «кәсіподақтардың құқығы үшін!», «декриминализация үшін!» ұрандарымен флешмоб ұйымдастырды.

 Нұртан СӘРСЕНОВА,

 Қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының Атырау облыстық комитетінің төрайымы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз