Нұр — Сұлтан болашақтың қаласы
Atr.kz/25 наурыз, 2019 жыл. «Елімізде медицина саласын дамытып, аяғына нық тұрғызған, сөз жоқ, Тұңғыш Президенттің ерен еңбегінің жемісі» дейді Атырау жоғарғы медициналық колледжінің бөлім меңгерушісі Лора Рысқалиева.
«Бұрын медицинасы мықты шет елдерде жасалған күрделі оталар бүгінде біздің ауруханаларда да жүзеге асырылуда. Демек, жаңаша тәсілдерді меңгерген дәрігерлерді оқытып, даярлаудан бастап, заманауи аппараттармен біздің елдің де қамтылуына себепкер болған — біздің Тұңғыш Президентіміз екені даусыз.
Бұдан басқа да Ұлт Көшбасшымыздың медицина саласына қамқорлығын айтып, тауысу мүмкін емес. Жасампаз елдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Елбасының есімімен Елорданы атау оңды шешім болды. Өзім Қазақ елінің астанасына жұмыс бабымен жиі барып тұрамын. Сонда бас қала жоғары жылдамдықпен жаңарып, жаңаша кейіпке енгеніне куә болып жүрміз. Оның үстіне, болашақтың қаласы болғандықтан, бауырларым сонда тұрып, еңбектеніп жатыр. Сол себепті, үнемі тығыз байланыстағы бас қаланы тұңғыш Президент есімімен атау біздің оған деген құрметіміз болып қала бермек» деді спикер Лора Рысқалиева.
Еске сала кетелік, қазіргі уақытта Атырау қаласындағы “Жайық” спорт кешенінде мерекелік концерт өтуде. Бас қаламыздың атауының өзгеру құрметіне өтіп жатқан салтанатты концертті Нұр Отан партиясы Атырау облыстық филиалы өткізуде. Мерекелік концертте Ақылбек Жеменей, Тамара Асар, Айгүл Елшібаева сынды белгілі әншілер өнер көрсетуде.
Айбөпе Сабырова.