Жарнама
ЖаңалықтарСаясатФОТОГАЛЕРЕЯ

«Nur Otan»: Тұрғындар тілегі – басты назарда (+фото)

Атырау қаласының іргесіндегі Томарлы, Ақсай, Ақжар ауылдарының аумағы күн санап үлкейіп келеді. Соған сай, тұрғындарды толғандыратын мәселелер де аз емес.

Облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Әсел Жолмұханова сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының кестесіне сай, ауылдарды аралап, сайлаушылармен н арнайы кездесті. «Nur Otan» партиясының бесжылдық жоспарының басым бағыттарымен таныстырған үміткер олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.

Жәнібек Есеналиев – Томарлы ауылының байырғы тұрғыны. Қазіргі ауыл келбетінің ажарланып, жол, жарықпен қамтылғанын айрықша атаған ол «Nur Otan» партиясы атқарған жұмыстардан хабардар екенін айтып, қолдау білдіруге әзір екенін жеткізді.

– Жемқорлықсыз қоғамның алға дамитыны бәрімізге белгілі. Сондықтан, осы бағыттағы жұмыстар жалғаса берсін. Ал, ауыл тұрғыны ретінде жастардың жұмыссыздығы мәселесіне көбірек алаңдаймын. Өйткені, олардың болашақ өмірінің қалай болары да осынау маңызды мәселеге тікелей байланысты. Сондай-ақ, ауыл ішінде балалар ойнайтын алаңдардың жоқтығы да алаңдатады, — деді ол.

Өз кезегінде кандидат Әсел Бауыржанқызы партияның таяу бес жылдыққа жоспарланған перспективалы жоспарында жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін тиімді шешу жолдары қарастырылғанын атап, түсінік берді.

– Биыл бірінші рет партиялық іріктеу – праймериз өткізілді. Сол додаға қатысқан кезден бастап, үміткерлер әр кездесу барысында тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс, пікірлер, сұрақтарды орталыққа жолдау арқылы, сайлауалды бағдарламаның жан-жақты тақырыптарды қамтуына септесті. Сіз атаған мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар «Nur Otan» партиясының бағдарламасында айқын көрініс тапқан. Жоспарлы іс-шаралар нәтижесінде 2025 жылға дейін жастар жұмыссыздығын 2,2 пайызға дейін төмендету көзделген, — деді ол.

«Күміс алқа» иегері Шынар Кажапиева ауыл тұрмысының түзелгенін айтып, «Nur Otan» партиясын қолдаушылар қатарында екенін білдірді.

«Nur Otan» партиясы атынан ұсынылған кандидат жұмысына сәттілік тілеген ол «жұмыссыздық жойылып, елдің жарасымды тірлігі жалғаса берсін» деді.

Ауыл тұрғыны, зейнеткер Бисенғали Ержанов та «Кандидаттар арасынан жастарды көргеніме қуаныштымын» дей келе, үміткерге сәттілік тілеп, сайлау күні дауыс беруге ниетті екенін жеткізді.

Жасы 80-нен асқан Базарбай ақсақал мен Жамал апай да шаңырақтарына арнайы бас сұққан кандидаттың жұмысына сәттілік тілеп, батасын берді. Қырық жылдың үстінде қарапайым механизатор болып еңбек еткен зейнеткер туып-өскен Томарлы топырағының қазіргі бейт-бейнесінің келісті екеніне ризашылығын білдірді.

«Алтын алқалы» анамын. Бүгінде еңбегіміздің зейнетін көріп отырмыз. Балаларымыз әр салада қызмет етуде» деген Жамал Мүрсалиева апай жастарды баспанамен қамтуда қандай жеңілдіктер қаралғаны жөнінде сауал жолдады.

Бұл мәселеге қатысты Әсел Бауыржанқызы да нақты түсінік берді.

– «Жас кәсіпкер», «Дипломмен – ауылға!» бағдарламаларын табысты жалғай отырып, жастарды мейлінше көбірек қамту жоспарлануда. Ал, тұрғын үй мәселесіне келсек, көп балалы отбасылар, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтармен қоса, жастарды да баспанамен қамту тетіктері жоспарда нақты көрсетілген, — деді ол.

Аталған ауыл тұрғындарымен кездесу барысында айтылған өзге де ұсыныс-пікірлерді жазып алған кандидат «Nur Otan» партиясының басты ұстанымы – тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыру» екенін айрықша атап, саяси ұйым назарынан тыс қалмайтынын жеткізді.

Гүлжан ӘМІРОВА

«Nur Otan» партиясының Атырау облысының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді

img 20201229 wa0129
img 20201229 wa0125
img 20201229 wa0124

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button