ЖАСТАРЫ БЕЛСЕНДІ – ЕРТЕҢІ ЕҢСЕЛІ

Қазақстан мен Ресей арасындағы ХІ аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында «Kazenergy» - көшбасшылық пен инновациялар» тақырыбында жастар форумы өтті. «Кәсіпқор» холдингі, APEC Petrotechnic колледжінде ашылған шараға мемлекеттік мекемелер мен мұнай-газ, энергетика компанияларының өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, екі елдің бейінді жоғары оқу орындары және колледж студенттері қатынасты.

 АШЫҚ ДИАЛОГ,ЕРКІН ПІКІР 

Жаңашылдықты жатсынбаған елдің жолы оңғарылады. Кешегі жастар форумы аясындағы шараға қатынаса отырып, біздің келешек ұрпақ өкілдерінің де заман ағымына ілесіп, жаңа технологияларды игеруге бет бұрғанын байқадық. «Kazenergy» қауымдастығының атқарушы директоры Тоғжан Қожалиеваның айтуынша, форумның мақсаты да –осы. Яғни, іргелес қос елдің жастарын жаңашылдыққа ұмтылдыру, инновациялық ғылыми-техникалық және әлеуметтік-коммуникациялық жобалардағы жеткен жетістіктерін көрсету болып табылады.

Форумның өткізілуі де ерекше көрінді. Оған қатынасушылар көлдей баяндамалар дайындап келген жоқ, керісінше, өз ойларын ашық айта отырып, еркін пікір алмасты. Ауқымды шараның «Қазақстан мен Ресейдің жас кәсіпкерлері: екі жақты қолдау. Көшбасшылар диалогы», жаңашыл жобалардың байқауы, «Жас мұнайшылар  ынтымақтастық көкжиегі», тағы басқа тақырыптарға бөлінуі ерекше атап өтерлік.

– Жастар форумының маңызы ерекше деп білемін, – деді осы тұста Ақтаудан келген жас маман Мереке Жантілеуов. – Өйткені, бұл басқосу Қазақ елі мен ресейлік жас толқын өкілдерінің бір арнада тоғысуына, білімдерін шыңдап қана қоймай, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Кесіпкерлерді қолдау, инновациялық даму бағытында да ерекше қолдауды байқаймыз. Өзім бүгінде «Каспий энженеринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек етіп жатырмын. Компаниямыз Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарындағы кен орындарында жобалаушы ретінде қызмет атқарады. Әріптестеріміздің қатарында «Теңізшевройл», Аджип ҚКО, Қаламқас, Қаражамбас секілді алпауыт компаниялар бар. Анықтай айтқанда, бүгінде жаңадан ашылатын немесе бұрынғы кен орнын кеңейту бағытындағы жұмыстарға кеңінен араласудамыз.

Маңғыстаулық қонақтың әңгімесінен ұққанымыз, жаңашылдыққа ұмтылған құрылымның қызметіне шетелдік компаниялар айрықша маңыз береді. Себебі, бүгінгі заман аз күшпен үлкен жетістікке жететін, жаңа технологияның заманы. 

СТИПЕНДИАТТАР СЛЕТІ

Форум аясында «Kazenergy» стипендиаттар слеті салтанатты түрде ашылды. «5 жыл  нәтижелер мен жоспарлар» тақырыбында ұйымдастырылған рәсімде «Kazenergy» қоғамдастығының бас директоры Әсет Мағауов бұл шараның маңызына тоқталды.

– 2009 жылы Қазақстан мұнай-газ саласының 110 жылдығына байланысты өткен «Kazenergy» халықаралық жастар форумында тың ұсыныс айтылды. Ол «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының мұнай саласының абызы, Қазақстандағы алғашқы мұнай-газ орындарын ашушы Сафи Өтебаев атындағы стипендия тағайындау бастамасы еді. Сондай жақсы істің нәтижесінде талай жас білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды,  – деді қауымдастық басшысы Әсет Маратұлы.

Тың бастама шынымен өміршеңдігін көрсетті. Жоба жүзеге асқаннан бергі аз уақытта 600-ден астам студент пен мұғалім оқу стипендиясы мен гранттарға ие болды. Айта кетейік, Сафи Өтебаев атындағы степендия мен грант тағайындалғанына биыл – бес, ал, жалпы бағдарламаның жүзеге асқанына сегіз жыл толып отыр. Осы орайда Сафи ағамыздың елдің болашақ мұнайшыларын дайындауға сүбелі үлес қосқандығына тоқталған артық етпейді. Әзірбайжандағы М.Азизбеков атындағы мұнай институтының түлегі елдің мұнай-газ саласында қырық жылға жуық еңбек етті. Қарапайым инженерден «Қазақстанмұнай» одақтастығының бастығы қызметіне дейін көтеріліп, абыройлы қызмет жасады. Республика көлеміндегі тұңғыш Атырау мұнай өңдеу зауытының құрылуы да ол кісінің есімімен байланысты. Сафи Өтебаев жастардың жоғары оқу орнына түсуіне, оның ішінде мұнай саласында білім алуына маңыз берген. Оның ықпал етуімен Қазақстан политехникалық институтында алғаш мұнай факультеті ашылды. 20 жыл бойы қазақ балаларының Кеңес одағы көлеміндегі оқу орындарына түсуіне демеу көрсетті. Осынау үлкен жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанда мұнайшы кадрларына сұраныс қамтылып, жаңа буын өкілдері өсіп-жетілді.

«Мұндай ауқымды жобаны қолдау – біз үшін үлкен мерей. Өйткені, ол еліміздің болашағына қажетті ортақ жұмыс. Біздің «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы мұндай жақсы бастамалардан сырт қалмайды. 2007 жылы компаниямыз стипендиаттарды қолдау жобасына қатынасқан, ол кездегі кәсіптік мектеп пен колледж, лицейлерде оқып жатқан үздіктерге арқасүйеу болған, осылайша «Kazenergy»-дің жарқын істеріне қолғабыс еткен бірден-бір құрылым. Бұл бағыттағы жұмысымыз болашақта да жалғасын таба бермек» дейді «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы бас директорының бірінші орынбасары Павел Климов.

«ҚазМұнайГаз» АҚ-ның стратегия және бағыттау департаментінің директоры Дәрмен Сәдуақасов, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның мамандарды жетілдіру және оқыту бөлімінің бастығы Мәлік Нусановтардың пікірлері де осы оймен сабақтасты. Стипендиаттар атынан сөз алған Сағынгүл Еркімбаева  Қазақстан-Британ техникалық университетінің мұнай және газ ісі факультетінің түлегі екен. 2012-2014 оқу жылының стипендиаты. Ол жастарға жасалған үлкен мүмкіндік үшін игілікті істің басы-қасында жүргендерге өз алғысын айтты.

Стипендиаттар слетінің соңы ынтымақтастықты күшейту және дамыту мақсатында кадрларды жетілдіру жөніндегі меморандумға қол қою рәсіміне ұласты.  

ЖАҢАШЫЛ БАСТАМАЛАР

Жастар форумының алғашқы күнгі шаралары бірнеше бөлікке бөлінген. Соның кезектісі «Инновациялық жоба әзірлеушілердің байқауы: «Innovation man» және форсайт-сессия: «Инновацияларды енгізу жолдары» іс-шарасына арнайы қатыстық. Өйткені, бүгінгі жаңа жобалар ертең өндірістің өзегіне айналуы әбден мүмкін. Расымен, мұнда елең еткізерлік жаңалықтар көп екен. Д.В.Сокольский атындағы органикалық катализ және электр химия институтының жұмысына ерекше тоқталуға болады. Ол қарапайым күкірттен сульфид натрий электрохимиялық синтез флотореагентін өндіру технологиясы. Ғылым жолындағы талай буынды тәрбиелеген Әбдуәлі Баешовтың баяндауынша, жаңа әдістің ерекшелігі көп. Басты тоқталары, біздің мұнайлы өлке үшін оның қажеттілігінде. Жаңа технология кәдімгі күкірттен электрохимиялық әдіс арқылы құнды қосындылар (сульфид натрий, кальций, тағы басқа) алуға мүмкіндік береді. Ғалым жаңа жобаға егжейлі-текжейлі тоқталып, оның мән-маңызына көпшіліктің көзін жеткізуге ұмтылды. Әрине, біз маман болмағандықтан оның бәрін рет-ретімен айтып бере алмаспыз. Бір анығы, кен орындарында тау-тау болып үйілетін күкіртті қапшыққа салып жөнелтіп жібермей, керісінше, жаңа технология арқылы қажетке жаратуға болатын көрінеді. «Мұндай тың қадамға әлем бойынша әлі ешкім бара қойған жоқ. Сондықтан, біз жаңа жүйенің жүзеге асарына сеніммен қараймыз» деді ғалым.

Айта кетейік, Д.В.Сокольский атындағы органикалық катализ және электр химия институты 1969 жылы құрылған. Ол бүгінде Қазақстандағы бас ғылыми орданың бірі саналады. Мұнайхимия, катализ, электрохимия және экология салалары бойынша ғылыми, білім және өндірістік үрдістерді біріктірген құрылымның өкілдері бүгінде талай жаңалықтың ашушысы болып табылады. Тың бастамалары және халықаралық деңгейде сан мәрте мойындалыпты. 

«Қаражамбасмұнай» акционерлік қоғамының өкілі Руслан Ақмұхановтың жобасы жер қыртысының кені бар жердің бөлігі маңын кешенді тазалауға қатысты. Жаңалық ашушы «осы әдіс негізінде ұңғыманы ғана емес, оның маңын да қалдықтардан арылтуға мүмкіндік береді» дейді. Сонымен қатар, ол жерасты жөндеу жұмыстарына кететін шығынды едәуір азайтады, уақытты үнемдейді, бастысы, мұнай өндірісін дамытуға себепші болмақ.

Жаңашыл бастамаға байланысты Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Бейбіт Мамраев бастаған қазылар алқасының мүшелері түрлі сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алып отырды. Бұдан өзге жобалар да қатынасушылардың ерекше қызығушылығын туғызды. Дегенмен, инновациялық жоба әзірлеушілердің байқауы бұл күні қорытындыланған жоқ. 

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ РЕСУРСТАРДЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІГІ

Кеше «Kazenergy» – көшбасшылық пен инновациялар» тақырыбындағы жастар форумы жалғасын тапты. Ол қатысушылардың мұнай-газ саласындағы инновациялық жобалар көрмесін тамашалаудан басталды.

Бүгінде өмірдің түрлі саласына жаңа технологиялар қарқынды еніп жатыр. Озық отыз елдің қатарына ұмтылған Қазақстан да бұл көштен қала алмайды. «Жастарымыз осы мақсатта тынбастан еңбек етуде. Күнделікті пайдаланатын құрал-жабдықтан бастап, күрделі технологияға дейін игеруге ұмтылуда. Бұл –қолдауға тұратын бастама. Бүгінгі форум осындай жаңашыл жас буын өкілдерінің басын қосатын алаңға айналып отыр» деді «Kazenergy» қауымдастығының бас директоры Әсет Мағауов.

Шараның басы-қасында жүргендер екі елдің ойшыл жастары жиналған форумды қызықты, әрі мазмұнды өткізуді қалапты. «Бізде ешкім іш пыстырарлық баяндама оқымайды. Әрбір жас өздерін толғандырған ой-пікірін ғана ортаға салады» деді осы тұста «Kazenergy» қауымдастығының атқарушы директоры Тоғжан Қожалиева.

Айтқандай-ақ, алқалы жиын өзгеше ұйымдастырылды. Қос мемлекеттің лауазымды тұлғаларының өзі әңгімелерін жеңіл әзілмен бастап жатты. Мұның өзі кейінгі толқын өкілдерін үлкен мәселелерді талқылауға кеңінен тарту мақсатынан туған секілді.

– Энергетикалық ресурстар әлемдік экономиканың болашақтағы дамуын анықтайды, – деп бастады сөзін ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин.

– Мамандардың алдын ала есептеуі бойынша, алдағы 20 жылда әлемдік қуат көздерін тұтыну көлемі бір жарым есеге өседі деген болжам бар, яғни, жылына 17 млрд. тонна отын пайдаланбақ. Бүгінде ғаламдық дағдарыстың салдарынан мемлекеттердің ішкі жалпы өнімінің көлемі азайғанымен, оны уақытша құбылыс санауға болады. Себебі, алдағы күндері түрлі шикізаттарды, оның ішінде мұнай мен газ, көмірді пайдалану арта түспек. Осы жағдайда жұмысты ескі технологиямен жүргізу уақыт талабына жауап бермейді. Ендеше, шикізатты өндіру, өңдеу және тасымалдау бағытында біз жаңа мүмкіндіктерді игеруге ұмтылуымыз қажет.

Елдің бас мұнайшысышикізатқа ғана сүйенген кезеңнің өтіп бара жатқанына ерекше тоқталды. Қазіргі заман – жоқтан бар, бардан нар жасайтын озық ойлылардың кезеңі. Оның үстіне, бүгінде әлемдік экономиканың дамуын Қытай, Үндістан секілді алпауыттар анықтай бастады. Олар технологияның тозығын емес, озығын өмірге дендей енгізуде. Дүние жүзі бойынша қуат көзі саналатын биоотын, сланц газ секілді өнімдерді өндіруге де маңыз беріліп жатыр. Сарапшылар алдағы 10-15 жылдан кейін мұнайдың орнын басқа қуат күштері біртіндеп ала беретінін есептеп қойыпты. Ал, мұндай жағдайда шикізат қорына аса бай Қазақ елі қайтпек? Қазіргі қарқынды экономиканың дамуын тежеп алмаймыз ма? Бұл сауалдардың жауабын бас мұнайшының өзі айтты.

Ұзақбай Сүлейменұлының пікірінше, Елбасының тапсыруымен республика көлемінде кешенді шаралар қолға алынуда. Соның негізінде шикізатты өндіруді жаңа технологияларға негіздеу, осы мақсатта басқа елдермен тәжірибе алмасу, қазақстандық жаңашыл бастамаларды қолдау, бастысы – болжамды қауіптің алдын алу үшін технологиялық серпіліс жасау жұмыстары жүруде. Бұл, әрине, күрделі мәселе. Дегенмен, келешегін ойлаған мемлекеттің ол биікке шығатындығына сенім бар. «Қазіргі жас отандастарымыздан үлкен үміт күтеміз. Халықаралық деңгейде қолдау тапқан жаңа бастамаларды, жаңашыл істерді игеретіндеріне күмәнім жоқ» деді Ұ.Қарабалин.

Министрдің бірінші орынбасарының тағы бір тоқталғаны «жасыл экономика» жайында болды. Қазіргі күні Қазақстан әлемдік деңгейдегі ЭКСПО-ны өткізуге қамдануда, қосымша қуат көзін өндіру, пайдалану арқылы жетістікке жетемін дегендерге, ғылыми жаңалық ашушыларға зор қолдау бар. Астанадан келген мейманның бұл мәселені сөз етуі бекер емес секілді. Мәселен, еліміздің кейбір бөлігінде қысы-жазы тұрақты түрде жел соғып тұрады немесе күннің қызуы ыстық өңірлер жеткілікті. Табиғаттың осынау ерекшелігін тиімді пайдаланса, қуаттың жаңа бір көзі пайда болар еді. Бұл бағытта ізденіс жоқ дей алмаймыз, әйткенмен, ол әлі терең сараптауды, саралауды қажет етеді. Форумға қатынасушы жастармен әңгімелесе отырып, біз осындай жайды байқадық. Мұның бәрі сайып келгенде, жер астындағы шикізатты ғана пайдалану ғана емес, жаңашылдыққа ұмтылу мақсатынан туып отыр.

Ресейдің Энергетика министрлігінің департамент басшысы Алексей Кулапинді өндірісті жаңалау, өндіріс орындарын қайта жаңғырту мәселелері ерекше толғантып отырғанға ұқсайды. Осы мақсатта мұнда ауқымды қаражат қаралып жатыр екен. «Мұның бәрі өндіріс көлемін арттыру мақсатынан туындады» дейді ресейлік қонақ.

Жастар форумның соңында «Инновациялық жоба әзірлеушілердің байқауы: «Innovation man» және форсайт-сессия: «Инновацияларды енгізу жолдары» конкурсының жеңімпаздары белгілі болды. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің екі өкілі бірінші және екінші орындарды бөлісті. Байқауда жаңашыл жобаларды Айша Матаева мен Асанәлі Айнабаев таныстырған болатын.

Форум соңы жастардың қатысуымен өткен шағын футболдан жарысқа және мәдени ойын-сауыққа ұласты.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Суреттерді түсірген  Жайлау ТАЛАСОВ.

 

 

adavuДавуд ДАВУДОВ,
Дағыстан мемлекеттік техникалық университетінің
5-курс студенті:

«ЖАС МАМАНҒА АЙТЫЛАР ДҰРЫС КЕҢЕС КЕРЕК»

–  Жастар форумына таулы аймақтардағы газ жүргізу, ондағы сақтық шараларына қатысты жобаны алып келдім. Жұмысымда 2012 жылы Дағыстандағы Дмитриевск кен орнын зерттеп, газдың құбырда сақталуына, үлкенді-кішілі таулы аймақтағы елді мекендерге еш кедергісіз таралуына көңіл бөлдім. Тіпті, Дағыстанда жер бедеріне байланысты газсыз отырған аймақтар бар. Қазірдің өзінде өзімнің туып-өскен жерім Тлярата ауданында аталған жобамды жүзеге асырудамын.

Түрлі тау жыныстарын зерттей отырып, табиғи газды баяу қысыммен көтеріп, әр үйге апаруға болады. Шығын да көп шықпайды.  Елдің экономикалық саласын дамытуда минералды кен-байлықтарды іздестіру және оларды қазіргі жаңа технологиямен өңдеу өте маңызды мәселе. Сондықтан, алдағы күндері жұмысымды жалғастырып, халық игілігіне пайдаланылуы үшін бар күш-жігерімді салмақпын. Жастар форумында білікті мамандар дұрыс ойын, пікірін білдіреді деген ойдамын.

 

Айдын ҚОЖАШ,
Маңғыстау облысындағы «Қаражамбас» кен орнының техник-геологы:

«МҰНАЙ СҮЗГІСІ – БОЛАШАҚТЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ»

– Форум аясында жерасты сүзгісін пайдалану, яғни «Мұнай құрамындағы механикалық қосылыстардың шоғырын қалай азайтамыз?» деген мәселені көтеріп отырмын. Бұл жұмысты университет қабырғасынан бастап қолға алдым. Қазірдің өзінде «Қаражамбас» кен орнындағы сегіз ұңғыда осы сүзгіні тексеріп, бақылаудан өткізіп жатырмыз. Тексеру барысы да оң нәтижелерін беруде. Сүзгінің құрылысы, жұмыс жасау процесі өте қарапайым. Қысқа құбырдың ішіне металл пластинкаларын төмен қарата 45 градус шамасында орнатамыз. Нәтижесінде, металл пластинкамен сорылады. Компрессорлық құбырдың арасында құйынды қозғалыс байқалады. Соның арқасында, мұнай құрамындағы ауыр бөлшектер, құмдар төмен шөгіп, ұңғы түбіне жиналады.

Өткен жылы «ҚазМұнайГаз» АҚ қарасты мекемелер арасында өткен форумда аталған жобаммен бірінші орынды жеңіп алдым. Соның арқасында өндіріске еніп, сынақтан өтуге мүмкіндік алды. Бұған дейін мұнайды тазартуда түрлі фильтрлер қолданылып жүрді.

Менің ойлап тапқан жобам өте қарапайым, оны құрастыруда көп материал да қажет емес. Құбыр мен металл пластинка ғана керек. Арнайы дайындау үшін үлкен завод, мамандар емес, кез келген дәнекерлеуші бұл құбырды жасап, пайдаға жарата алады. Оны кез келген кен орнында пайдалануға болады.

 

Марат ИБАГАРОВ, 

«KAZENERGY» қауымдастығы тағайындаған

Сафи Өтебаев атындағы стипендия иегері:

 

«БІЛІМДІГЕ ӨРІС КЕҢ»

– Үздік білімімнің арқасында «KAZENERGY» компаниясы тағайындаған  Қазақстан-Британ техникалық университетінің магистрі атандым. Стипендия иегері атану арқылы көптеген мүмкіндіктерге қол жеткіздік. Жаңа технологиялар қолжетімді болады. Елімізде болып жатқан өзекті мәселелерге бір кісідей атсалыса аламыз. Оларды шешуге де қатысамыз. Ұлттық мұнай компанияларында жастарға арналып ашылып жатқан жастар ісі комитетінің де берері зор.

Жақсы оқыған оқушы, түлек кейін мемлекеттік қолдаудың арқасында шетелде білім алуға қол жеткізеді. Болашақта қазақстандық жастар неғұрлым білімді болса, шетелдік мамандарды шақырмай-ақ, өзіміз олардың орнын басатын боламыз. Қазіргі уақытта «ҚазТрансГаз» АҚ  мекемесінде қосымша жұмыс жасаймын. Компанияда екі жаңа жоба қолға алынып отыр. Оның бірі – жанар-жағармай өндіру (компромированный газ) және көмір қабаттарынан метан газын алу. Бұлар бұған дейін біздің елімізде болмаған. Бірақ, шетелде Америка, Австрия, Үндістан, Қытайда жақсы дамыған. Осы жобаны қазіргі уақытта өзіміз бағындыра алмай отырған жайымыз бар. Мүмкін, тәжірибенің жеткіліксіздігі шығар?! Бірақ, ауадай қажет болғандықтан, бұл жұмыстарға шетелден мамандар әкелу ойластырылуда. Шетелдік мамандар тәжірибесімен, менеджментімен де бізге үлгі болмақ. Ал, дәстүрлі мұнай саласына келсек, бұл жағынан қазақстандық мамандар тәжірибесі жеткілікті. 

 

Михайл ФЕДОРОВ,

РФ Үкіметі жанындағы сарапшылық кеңестің мүшесі,

Орал мемлекеттік экономикалық университетінің

ректоры:

«БІЛІКТІ МАМАН ДАЙЫНДАУ – МІНДЕТІМІЗ»

– «Қара алтын» өндірісін жүйелі жолға қойған елдің экономикасы өркендеп, халқының әлеуметтік ахуалы жақсаратыны сөзсіз. Бұл тұрғыда Қазақстан мен Ресей елі  дамудың даңғыл жолына түсіп келеді деп айта аламыз. Өйткені, екі елде де мұнай, энергетика  жайындағы өз ойларын ортаға сала алатын жастар баршылық. Форум аясында ең ірі, мазмұнды жастар жобалары бағаланып, үздіктері белгілі болмақ. Тағы бір айта кететін жайт, Қазақстан мен Ресей – «Ворлд Скилс Интернэшнл» халықаралық кәсіби қозғалысының мүшесі.

«Ворлд Скилс Интернэшнл» 1946 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Әлемдік стандартқа сай жоғары деңгейде кәсіби мамандарды дайындауға көңіл бөлетін аталған қозғалыстың қай-қай жағынан да тәжірибесі зор. Осы арада бір айдан кейін Ресейдің Екатеринбург қаласында жоспарланған «Ворлд Скилс» халықаралық шеберлерінің жоғары технологиялық сала бойынша чемпионаты өтетінін хабарлағым келеді. Халықаралық тәжірибе алмасуда өзге елдермен қоса Қазақ елінен де өкідер қатысатын болады. Аталған іс-шарада халықаралық кәсіби деңгейдегі мамандардың жаңа табыстарға қол жеткізуі сөз болады.

Ал, Атырауда өтіп жатқан аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Бейбіт Мамраевпен қос елдің арасындағы жастар қозғалысы, білім, ғылым бағытындағы жұмысты дамыту бойынша меморандумға қол қойдық. Бұл игі шаралар елді, ұлтты бір-біріне жақындастыра түсетіні сөзсіз.

 

Тоғжан ҚОЖАЛИЕВА,

«KAZENERGY» қауымдастығының атқарушы директоры:

«ИННОВАЦИЯ АРҚЫЛЫ – КӨШБАСШЫЛЫҚҚА»

– Атырау қаласында Қазақстан мен Ресей президенттерінің қатысуымен өтіп жатқан «Көмірсутегі саласындағы инновациялар» атты ХI өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Жастар форумына ерекше назар аударылып отыр. «KAZENERGY» қауымдастығы ұйытқы болуымен өтіп жатқан форумда қос елдің жастары инновациялық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-коммуникациялық жобалардағы жеткен жетістіктерді көрсетуде.

Биылғы жылы Атыраудағы форумға 350-ге жуық қатысушы келді. Оның арасында қоғамдық бірлестік өкілдері, Қазақстан-Ресейдің мұнай-газ және энергетика саласы қызметкерлері, сондай-ақ, 18-29 жас аралығындағы студент-жастар, жас мамандар бар. Форумда жас мамандардың жұмысқа орналасуы, олардың әрі қарай өз саласын терең меңгеруі, өз көзқарастарымен жобаларды өндіріске енгізе алуы секілді маңызды тақырыптар талқыланды.

Өткен жылы энергетика саласы тақырыбында ҚР Энергетика министрлігінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин шеберлік сыныбын өткізсе, биылғы жастар форумында мұнай-газ саласы жайында «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Тим Миллердің «Инновация арқылы -көшбасшылыққа» тақырыбында жастармен пікір алмасуы жоспарланған.

 

Бауыржан ҚАРТЖАНОВ,

«ҚазТрансГаз» АҚ орталық диспетчерлік

департаментінің жетекші диспетчері:

«ДУАЛЬДЫҚ ОҚЫТУ ЖҮЙЕСІНЕ ҚОЛДАУ ЗОР»

– Қазақстан және Ресейдің ХI аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында «KAZENERGY» қауымдастығының жастар комитеті өкілі ретінде қатысушысымын. Форум аясында жыл сайын студенттер слеті өтіп тұрады. «KAZENERGY» қауымдастығы арқылы жыл сайын белсенді оқушылар, ауыл жастары жоғары оқу орындарынан толыққанды білім алуға қол жеткізуде. Өзім де бір кезде аталған қауымдастықтың шәкіртақысына ие болған едім. Қазір компанияның қолдауымен көптеген игі істердің ұйытқысы болып жүрмін. Сонымен қатар, қауымдастықта дуальдық оқыту жүйесі кең қолданысқа енген. Атап айтқанда, шәкіртақы иегерлері атанған студенттер тәжірибе мен оқуды қатар алып жүріп, жұмысқа да оңай орналасады.

Пікірлерді жазып алған Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз