Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Nur Otan»: Сапалы білім беру – заманауи талап

«Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалында облыстық мәслихаттың депутаты, Партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Нәсіп Шалабаеваның төрағалық етуімен комиссия отырысы өтті.

Карантиндік шектеулерге байланысты 2020-2021 оқу жылы қашықтан ұйымдастырылды. Жалпы білім беретін орта мектеп оқушылары компьютерлік жабдықтармен қандай деңгейде қамтамасыз етілді? Әрине, онлайн білім беру бағытында ауқымды жұмыстардың атқарылғаны мәлім. Соның өзінде ата-аналар тарапынан компьютер мен планшеттің сапасына, интернет желісінің нашарлығына байланысты шағымдар түсті, — деді Нәсіп Хисметоллақызы.

Партияның негізгі тетіктерінің бірі – партиялық бақылау комиссиясы қоғамдық пікір тудырған мәселе бойынша мониторинг жүргізген. Зерделеу жұмысының нәтижесімен комиссия мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Серік Қадыров таныстырды. Оның айтуынша, компьютерлік техниканың құны мен сапасы, оны оқушыларға тарату процесі әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен.

Ата-аналар білім беру басқармасы тарапынан кері байланыстың жоқтығын алға тартты. Жалпы, онлайн оқыту форматына ауысқан 110 мыңнан астам оқушыны қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін 15246 балаға қайтарымды келісіммен мектеп компьютерлері уақытша пайдалануға берілді. Үй жағдайында интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ 4535 балаға 3000 роутер сатып алынған. Жүргізілген зерттеу нәтижесі сатып алуды жариялау кезінде тауарға қойылған шектік талаптардың төмендігі техниканың сапасыздығына әсер еткенін көрсетіп отыр, — деген С.Қадыров аталған мәселеге байланысты ұсынысын айтты.

Өз кезегінде облыстық білім беру басқармасы басшысының қаржы жөніндегі орынбасары Толғанай Көлбаева аталған мәселе төңірегінде егжей-тегжейлі түсіндірді. «Компьютер бір көзден алынды. Министрлік техникалық жағдайын тексеріп жібереді, біздер тек қабылдадық» деген ол кейбір ата-аналардың мемлекеттің мүлкін қайтаруға келгенде құлықсыз екенін алға тартты. Жалпы, мектеп әкімшілігі «оқу жылы аяғында мемлекеттің мүлкін қайтарасыз» деп түсіндіріп айтса да ата-аналар наразылық білдірген.

Басқарма өкілі комиссияда талқыға түскен тақырып аясындағы сыни тұрғыдан сұрақтарға да жауап берді. «Қазір алдағы оқу жылын сапалы ұйымдастырудың тиімді тетіктері қарастырылып жатыр» деген Т.Көлбаева білім сапасын жақсарту бойынша жұмыстың күн тәртібінде екенін айтады.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button