«Nur Otan»: Кедергісіз орта құру маңызды…

img 20201229 wa0110 Жаңалықтар

«Nur Otan» партиясы қалада ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін кедергісіз орта құруға ерекше назар аударып келеді.

«Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобалары осы сөзіміздің айқын дәлелі.
Атырау қалалық мәслихаты депутаттығына үміткерлер Қаршыға Джауымбаев, Гүлзейнеп Дюсупова мен Серболат Шораевтар қалада әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, бала мен ананы қорғау мақсатында ашылған дағдарыс орталығына барып, ұжым мен мекемедегі аналармен кездесті.
– Мұндай орталықтар әрдайым біздің назарымызда. Бүгін мен орталықты паналап отырған аналардың азайғанына қуаныштымын. «Nur Otan» партиясы 2025 жылға дейін «Іскер ана» жобасы аясында жыл сайын 350-ге жуық ананы оқу курстарынан өткізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда аспаз, тігінші, сән салоны шеберлері, есепші, кадр ісі, ағылшын тілі, массаж, компьютерлік сауаттылық мамандықтарын игеруіне мүмкіндік беріп, оқу шараларын жүзеге асырады, – деді үміткер Қаршыға Елемесұлы.
Орталық басшысы Айбаршын Иманғалиева қиналған аналарға қол ұшын созып, жағдайын жасап отырған азаматтарға алғысын білдіріп, «Nur Otan» партиясына бірауыздан дауыс беретіндерін жеткізді.
Үміткерлер бұдан кейін қаладағы Сәбилер үйіне келіп, ұжыммен кездесті. Мекеме басшысы Райса Баймұханованың айтуынша, мұнда туғаннан төрт жасқа дейінгі 20 бала тәрбиеленуде.
– Өмір болған соң, мұндай үйдің болуы да заңдылық. Бүгінде туа сала ата-анасы бас тартатын балалар жоқ деуге болады. Бұл – елде өмір сүру сапасының жақсарғаны, сарабдал саясаттың жемісі деп білеміз. Біздегі екі баладан туабітті науқастығына байланысты ата-анасы бас тартса, қалғандары өмірдің түрлі соқпағына сүрініп, жаза басып, үкімге кесілген отбасылардың балалары. Осы мекемеге басшылық жасағаныма үш жылдан астам уақыт болды. Қазірде ғимаратымыз ескіріп, үлкен күрделі жөндеуді, жаңа заманға сай жапсаржай салуды керек етеді. Ұжымның қажеттілігіне орай мекемеге автобус та ауадай қажет. Қызметтік автобустың жоқтығынан пандемия кезінде қиналып та қалдық. Осы мәселеге көңіл бөліп, көмек қолдарын созсаңыздар екен, – деді ол.
Ұжым қызметкерлерінің дені зейнет жасына жақындап қалған. Жастар мекеменің жалақысы аз жұмысын жасағысы келмейді. Қызметкерлер мекен-жайына байланысты, жеке басына қатысты мәселелерімен де бөлісті. Үй мен жер кезегі туралы да тоқтала кетті. «Жалақымыз көбейсе, жинақ ашып, үй алуымызға үлкен мүмкіндік болар еді» деді олар. Депутаттыққа үміткер Гүлзейнеп Дюсупова бұл түйткілдермен хабардар екенін, мәселені шешуге атсалысатындарын жеткізді.
«Nur Otan» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында қалада «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының санын арттыруды назарға алып отыр. Үгіт-насихат тобы еңбек және тыл ардагері, құрсайлық батагөй қария Малдыбай Нигметовтың шаңырағына ат басын бұрып, партияның алдағы бес жылдағы жоспарларымен бөлісті. Ақсақал азаматтарға ризашылығын білдіріп, батасын берді.

Салтанат Ақтәжиева

«Nur Otan» партиясының Атырау облысы Атырау қаласының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді

img 20201229 wa0109
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз