«Nur Otan»: Кәсібіңді баста!
«Nur Otan» партиясы атынан Атырау қалалық мәслихатына ұсынылған кандидаттардың бір тобы қала кәсіпкерлерімен онлайн форматта бас қосып, тақырыпқа қатысты бірнеше маңызды мәселелерді талқылады.
Жеңіс Әбілқарес, Азамат Асылбеков, Әнуарбек Батаев, Ринат Ғилажев, Әділбек Зайдуллин, Арман Кенжеғалиев Zoom платформасындағы кездесу барысында кәсіпкерлік саласын дамыту, қолдау мақсатындағы мемлекеттік бағдарламарлардың жүзеге асуы, «Nur Otan» партиясы тарапынан атқарылар іс-шаралар жоспарынан хабардар етті. Өз кезегінде Жеңіс Әбілқарес: «партияның айқын мақсатының бірі – кәсіпкерлікті қолдау. Атырау қаласын дамытуды межелеген бағдарламадағы 7 басымдықтың барлығы да кәсіпкерлердің қатысуымен жүзеге асады. Өйткені, қай салада да кәсіпкерлер үлесі зор. Таяу бес жылдықта көптеген өнеркәсіп орындарын, кәсіпорындар ашу көзделуде. Осы жұмыстар арқылы экономиканы дамытып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да қол жеткізілмек» деді ол. Тақырыпты жалғаған келесі үміткер Ринат Ғилажев «Nur Otan» партиясы тарапынан аталған саланы қолдау мақсатындағы нақты іс-шаралар бес жылдық бағдарламада айқын көрініс тапқанын атады. «Қазіргі таңда бір қуантатыны, жастар кәсіпкерлікке көптеп бет бұруда. Яғни, бұл жерде мемлекет тарапынан қолдаудың бірнеше формасы қарастырылғаны үлкен мәнге ие» деді ол.
«Қазіргі қоғамда кәсіпкерлер үлесі зор. Оларды қолдап, саланы ары қарай дамыту — «Nur Otan» партиясы көздеген меженің бірі. Ал, жас кәсіпкерлерді қолдау расында да маңызды. Өйткені, болашақ жастардың қолында. Қайтарымсыз гранттар беру, бизнес бастамаларын қолдау арқылы жастарға мол мүмкіндіктер берілуде» деген кандидат Әнуарбек Батаев «Жасыл ел» жасақтарының да жас буын үшін маңызы зор екенін айрықша атады. «Еңбекке ерте баулуды көздейтін осынау жобаға қатысушылар саны жыл санап артып келе жатқаны қуантады. Оған қоса, волонтер жастар санының да көбеюі – жастардың белсенді, патриот екенін айқындай түсуде» дейді ол. Жастар тақырыбына қатысты көптеген жаңалықтарды жария еткен үміткер 2025 жыға дейін 4 жатақхана салу «Nur Otan» партиясының жоспарында көзделгенін атады. Оған қоса, өзі де аталған сала өкілі болғандықтан, бұқаралық спортты дамыту, жастарды спортқа бейімдеу мәселесін де назарынан тыс қалдырмады. Бұл бағытта арнайы алаңдар ашу да партияның жоспарында.
Экология тақырыбының Атырау өңірі үшін өзекті екені жасырын емес. Осыған орай жыл сайын партия бастамасымен 4 мың жас көшет отырғызу арқылы жасыл қалаға айналдыру көзделуде. «Байқағандарыңыздай, «Nur Otan» партиясы жастарға мол мүмкіндіктер беруде. Сондықтан, бізді таңдап, бірлесе жұмыс жасайық» деп түйіндеді.
Кәсіпкерлік саласында табысты қызмет етіп жүрген жастардың бірі – Азамат Асылбеков. Ол «Nur Otan» партиясының Атырау қаласы бойынша жасақталған сайлауалды бағдарламасының «Экономикалық тұрақты қала» бөлімі бойынша түсіндіріп өтті.
«Кәсіпкерлерді қолдау – маңызды. Өйткені, олар жаңа жұмыс орнын ашуға себепші, экономиканы дамытушы сала ғана емес, пандемия кезінде де қолдау танытты» дей келе, саланы дамытуға бағытталған іс-шаралар негізінде жаңа жұмыс орындары ашылып, бизнес бастаушыларға мемлекеттік гранттар көптеп бөлінгенін айтты. «Жаңа стартап жобаларға қайтарымсыз қаржы бөлумен қатар, «Бизнес бастау», «Бизнес кеңесші» бағдарламалары арқылы оқыту да саланың өрістеуіне игі әсер етті. Атырау қаласының даму бағдарламасында кәсіпкерлікке қатысты бірнеше нақты ұстанымдар бар. Соның бірі жаңадан ашылатын кәсіпорындардағы жергілікті қамту үлесі мен жергілікті өнімді пайдалану көлемін арттыру» деді ол.
Бағдарлама аясында атқарылатын жұмыстар, жоспарлармен таныстырған топ сайлауда «Nur Otan» партиясын қолдауға шақырып, саяси науқанға қатысудың маңыздылығын атады.
«Nur Otan» партиясының Атырау облысы Атырау қаласының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді