БАЛЫҚШЫЛАР ТӨЛ МЕРЕКЕСІН ТОЙЛАДЫ

Өткен сенбіде атыраулық балықшылар төл мерекелерін тойлады. Балықшы күніне орай Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында салтанатты жиналыс өтті. Кәсіби мереке иелерін Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев құттықтады.

Ағымдағы жылдың алғашқы жартысында облыстағы балық шаруашылығы құрылымдарының күшімен жалпы көлемі 6100 тонна су маржандары сүзілді. Ауланған балықтың 64 пайызы өңделіп, дайын өнімдер тиісінше тұтыну орындарына жөнелтілді. Осыдан екі жыл бұрын балық шаруашылығымен шұғылданатын ұжымдар үшін Жайық пен Қиғаш өзендерінен 16 су айдыны немесе балық аулау тартымы бекітіліп берілді.

Бүгінгі таңда бұл салада жұмыс жасайтын мекемелердің саны 20-дан асса, соның 9-ы халықаралық сапа сертификатын алып, шаруасын соған сай ұйымдастырып, жүргізуде. Олардың қатарында «Амангелді», «Жамбыл» өндірістік кооперативтерін, «Інжу-Маржан», «Тілекші», «Каспий-Балық»  ЖШС-терін, т.б. атауға болар еді.

Бұлардың басқа да үлгі тұтарлықтай өнегелі істері аз емес. Мәселен, амангелділіктер жаңадан ауланған балықты қала тұрғындарына тірілей күйінде арзандатылған бағамен сатуды ұйымдастырды. Сол сияқты отыздан астам өңделген балық өнімін шығаратын інжумаржандықтар жыл сайын өтетін түрлі деңгейдегі көрме-жәрмеңкелер мен бизнес-форумдарға қатысып, атыраулықтардың атын шығарып жүр. Ал, 160-қа тарта адам еңбек ететін «Тілекші» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегілер Каспий теңізінің жағалауы мен Құрманғазы ауданының аумағындағы «Птичий» тартымынан тұрақты балық аулап, өз цехында өңделген дайын өнімдерді республикамыздың өзге өңірлеріне, қала берді ТМД елдеріне экспорттауды жүзеге асырып отыр. Сонымен бірге олар егін шаруашылығымен айналысып, тым-тәуір жетістіктерді еншілеп келеді.

Сырым Мұратұлы салтанатты жиналысқа қатысушы балықшыларды, сала ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған жылы лебізін жеткізді. Содан соң олардың бір тобына аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлының атынан жазылған Алғыс хат пен естелік сыйлықты тапсырды. Мұндай құрметке ие болғандардың қатарында Орынғали Ахметов («Тілекші» ЖШС-нің директоры), Нұрбике Қарасаева («Жайық-Атырау» бекіре балығын өсіру зауытының қызметкері), Өтеген Есалиев («Амангелді» ӨК-нің жұмысшысы) есімдерін атауға болар еді.

Келесі кезекте Атырау қаласы әкімі Нұрлыбек Ожаевтың атынан сөз алған шаһар басшысының орынбасары Гүлмира Шәкірова да құттықтауына қоса, аталмыш сала ардагерлеріне лайықты құрмет көрсетті. Оларға қала әкімінің Алғыс хаттарын табыстады. Бағыт Қуанышев, Иван Қалмұрзин, Сисен Сақауов және басқалары осындай құрметке ие болды. Бұдан бөлек, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Сәден Лұқпанов өндіріс озаттарын Атырау қалалық мәслихатының Алғыс хатымен марапаттады. Дәл осындай құрметті әрбір шаруашылықтың басшысы  әріптестеріне де көрсетті. Өздері дайындаған балық өнімдерінің (төмендетілген бағамен) көрме-жәрмеңкесін көпшілікке  ұсынды. 

Өнерпаздар Балықшы күніне арналған салтанатты шараның шырайын ән-жырларымен келтіріп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз