Нөсер коллежді шатырсыз қалдырды
Аяқ астынан төпелеп жауған жаңбыр Атырау көлік және коммуникациялар колледжінің шатырын ұшырып әкетті. Аталмыш оқу орнының ғимараты 1971 жылы салынған, ескіріп, тозығы жетіп тұр. Мекеме басшысы Гүлжан Сабированың айтуынша, бұған дейін күрделі жөндеу жүргізілмеген.
— Жыл сайын әктеп, сырлау жұмыстарын өз күшімізбен жасайтынбыз. Бұл білім ордасына басшылыққа келгеніме төрт жылдың жүзі болды, осы уақыт аралығында батареялар жарылып, суға кеткен оқиғалар кездесті. Бүгінгідей жағдай алғаш рет болып отыр, — дейді ол.
Білгеніміздей, жалпы шатырдың аумағы 750 шаршы метр болса, бүгінгі жауын салдарынан оның 250 шаршы метрі ұшып, 60 шаршы метрі опырылып құлаған. Қатты жел профлисттерді ғана емес, колледж төбесінің ағаштарын да жұлып әкеткен. Абырой болғанда адам шығыны жоқ, мекеме ауласындағы бірлі-жарым техникаға зияны тиді. Оның ішінде, КамАЗ автокөлігі қатты бүлінген. Электр желілері үзіліп, салбырап, жерде жатыр. «Атырау-Жарық» мекемесі ток желілерін ажыратқаннан кейін, айналасын жинастырып, реттемекпіз», дейді Атырау көлік және коммуникациялар колледжінің директоры Гүлжан Сабырова.
Айта кетелік, оқиға орын алғанда оқу орнында 20 шақты қызметкер болған.
Рита ӨТЕУҒАЛИ.
Суреттерді түсірген автор.