Жарнама
Жаңалықтар

Нөсер әкелген кесел тұрғындарды әбігерге түсірді

Атырауда бірнеше күн бойы жауған толассыз жауын тұрғындарды әбігерге түсірді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі берген мәліметке қарағанда, тек бір тәуліктің өзінде кезекшілікке 98 хабарлама түскен. Қала әкімдігіне дабыл қағып, көмек сұрап келгендердің де қатары көп. Мұнайлы өңірде қазір осы жағдайға байланысты шұғыл шаралар жүзеге асуда.

«Казгидромет» РМК жергілікті филиалының бөлім басшысы Татьяна Акатьеваның айтуынша, 16 мамырдан бергі уақытта Атырауға 25,9 мм. көлеміндегі ылғал түскен. Оның айлық мөлшері 23 мм.-ді құрайды екен. Шелектеп құйған нөсер облыс көлемінде тек Құрманғазы ауданының орталығы – Ганюшкин селосын ғана айналып өтіпті. Ал, тосын оқиғаның салмағы Атырау қаласына көбірек түскенге ұқсайды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары саман тастан тұрғызылған 6 үйдің қабырғасының кейбір тұстары бұзылғанын айтып отыр. Оның тұрғындары бүгінде қауіпсіз жерге көшірілген. Сонымен қатар, үш мектеп (№5, №10 және №11 орта мектептер) пен екі балабақшаны (№9 «Әлия» және №3 «Қарлығаш»), 17 көше (мұндағы судың деңгейі 8-10 см.-ді құрайды), 23 үй (су деңгейі 2-10 см) мен 70 ауланы (су деңгейі – 10-12 см) су басқан.

Атырау қаласы бойынша жауыннан зардап шеккендерді орналастыратын орындар дайындалып қойылған болатын. Ол қазір өзінің жұмысын бастады. Жапа шеккен 12 адам, оның ішінде 4 бала №12 орта мектепке орналастырылып үлгерді. Алайда, тұрғындардың дені өз үйлерін тастап кетуге асығатын емес. Мамандар олардың тұрғынжайларының қауіпсіздігін қадағалауда.

Айта кетейік, бүгінде шаһардағы барлық күш жауынның зардабын жоюға жұмылдырылған. Ортақ мақсаттағы шарадан іргелі кәсіпорындар да тыс қалмауда. Олардың 27 арнайы техникасы, үш мотопомпа, өзге де техникалары жұмысқа тартылып отыр.

 

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button