Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

*Нодиржан ТУРГУНОВ: «БІЗ – БІР БӘЙТЕРЕКТІҢ БҰТАҒЫМЫЗ»

Atr.kz/10 наурыз, 2020 жыл. Бүгінде «Бір шаңырақтың астында» деген қанатты сөз бірлігі мен ынтымағы жарасқан Қазақстан халқы, барша қазақстандықтар үшін берік ұстанымға, бұлжымас қағидаға айналды.

Біртұтас ұлттың, мәңгілік елдің ажырамас бөлшегі саналатын Атырау өңірінде де «Жүзі басқа – жүрегі бір, тілі басқа – тілегі бір» ондаған этностың өкілдері бір үйдің баласындай бауырластықта, достықта өмір сүріп, тірлік етуде. Қазіргі таңда облыста сол сан алуан диаспора өкілдерінің басын біріктіріп, тілі мен ділін, салт-дәстүрін дәріптейтін жиырмаға жуық этномәдени орталық жұмыс жасайды. Атыраудағы «Достық» үйінде жұмыс сапарымен осында атбасын бұрған, Ақтау қаласында орналасқан  Қазақстандағы Өзбекстан Республикасы Елшілігінің бас консулы Нодиржан Тургуновпен тілдесудің орайы келген-ді.

 – Мемлекеттегі тұрақтылықтың қуатты тетігі, қоғамдық келісімінің бірыңғай институты ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл күнде барша әлемге үлгі танылып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық  ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты ең белді де беделді халықаралық ұйымдар Ассамблеямен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бұл орган елімізде  стратегиялық мәнге ие бірқатар маңызды құжаттардың қабылдануына бастамашы болды, — деді бас консул.

Елшілік өкілінің мәлімдеуінше, бүгінде Қазақстанда 700 мыңнан астам өзбек тұрады. Ал, Өзбекстандағы қазақтардың саны миллионнан асып жығылады. Қазақстанда  Ассамблеяның ұйымдастыруымен өткізілетін мәдени-көпшілік шаралар, өнер фестивалдары мен байқаулары, ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттауға арналған түрлі тақырыптағы кездесулер Өзбекстанда да жалғасын тапқан. Оған өзге этнос өкілдерімен бірге қазақтың қабырғалы қаламгерлері де шақырылады. Бас консулдың әңгімесінен  аңғарғанымыз, 2020 жыл ­­– Қазақстан мәдениеті мен өнерінің Өзбекстандағы жылы болып жарияланған. Соған байланысты да көрші елде көптеген ауқымды іс-шаралар жоспарланыпты.

­­- Сайып келгенде, біз ­­– тамыры бір алып бәйтеректің бұтағындай бауырлас халықпыз. Тіліміз ұқсас, түбіміз бен дініміз, тілегіміз бір туыспыз. Қазақ елінде қызмет атқарғалы бергі қысқа ғана уақыттың ішінде байқағаным, қазақтардың өзге халықтарға өнеге боларлықтай салт-дәстүр, жоралғыларының көптігі. Солардың бірі наурыз айының 14-інде, шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жылмен бірге келетін Көрісу дәстүрі. Дәлірек айтқанда, бұл ел-жұрттың алты ай қыстан аман шығып, жанның аузы аққа, малдың аузы көкке тиер шақта ойдағы ел мен қырдағы елдің бір бірімен қауышып, табысар сәті. Мұның көрінісі көптеген мемлекеттерде сақталғанымен, негізінен Қазақ жерінде, әсіресе республиканың батыс өңірлерінде кеңінен өріс алып, бүкілхалықтық сипатқа ие болған.

Мәселен, қазіргі уақытта өзім тұрып жатқан Маңғыстау, көршілес қоныстанған Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында, басқа да бірқатар аймақтарда бұл үлкен бір мереке ретінде атап өтілетін дәстүр болып қалыптасқанына өзім де куә болып отырған жайым бар. Соған байланысты да барша қазақстандықтарды, соның ішінде, атыраулықтарды  Көрісумен, арасы алыстап кеткен ағайынды татуласуға шақыратын, ынтымақ пен бірлікке үндейтін мерекемен құттықтағым келеді, — деп түйіндеді ойын Нодиржан Тургунов.    

Дәулетқали АРУЕВ

http://atr.kz/bez-rubriki/atyrauly%d2%9btar-mill%d3%99t-sabyr%d2%9byzyn-a%d2%9bty%d2%9b-sapar%d2%93a-shy%d2%93aryp-saldy-foto/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button