Жарнама
Жаңалықтар

«НОҒАЙЛЫ ДӘУІРІ – тарихымыздың тарауы»

Елімізге танымал қаламгер Әнес Сарай 1937 жылы көрші Астраханның Құрмалай селосында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін республикалық газеттерде, «Жазушы» баспасында, Қазақстан Жазушылар Одағында қызмет істеген. 1998 жылдан шығармашылық жұмысқа ден қойған. Ол «Мұнарлар шақырады» әңгімелер жинағының, орыс тілінде шыққан «Қараша айы келгенде» кітабының, «Қу тазша», «Ару Алматы», «Мұқым менің», «Аңсау», «Тымырсық» пьесаларының авторы болуымен бірге «Біз – жастармыз», «Атаман Анненковтың күйреуі» фильмдерінің сценарийлерін жазған. Ал, «Еділ-Жайық» романы үшін Әнес Сарай ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Қазақ тарихының ақтаңдақ тұстарын тынбай зерттеп келе жатқан қаламгер тарихи жәдігерлерді биік шыңға шығаруда. Әнес Сарайдың «Атырау» дилогиясы, «Еділ — Жайық» романы, «Мұхаммед пайғамбардың өмірі» атты тарихи аудармасы, «Исатай-Махамбет» зерттеу еңбектері көп көңілінен шығып, өзінің жоғары бағасын алды. Ал, пьесалары Астана, Алматы, Қызылорда, Қарағанды облыстық театрларының сахналарында қойылып, көрермендердің көзайымына айналып үлгерді.

Иә, белгілі қаламгер, білікті тарихшы, жерлесіміз Әнес аға туралы «Ақ желкендегі» кездесу кешінде аз айтылмады. Жазушымен кездесу кешінің шымылдығын ашып, сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, ең алдымен, қаламгердің Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің шақыртуын қабыл алғанына көптен-көп алғыс айтты. Сонымен бірге, ол Әнес Сарайдай шоқтығы биік тарихи дүниелер жазатын жазушының Атырау топырағына келіп, осындай кездесу кештеріне қатысуы бәріміз үшін үлкен мәртебе екенін айтып, «Сіздің шығармашылығыңызға шабыт беріп, жазу үстеліңіздің үстінде тұрсын!» деп, тарихи тұлғалар – Исатай мен Махамбет бабамыздың арғымаққа мініп тұрған бейнесін естелікке тарту етті.

Ал, кешті ұйымдастырушылар – Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Әлібек Қайыров өз сөзінде облысымыздағы «Елсана» ұлттық руханият ұйымының жұмысынан хабардар етсе, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қойшығұл Жылқышиев Әнес Сарайға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Құрметті профессоры атағы берілгенін, енді ол жылына бір рет студенттер алдында лекция оқитынын айтты.

«Ақ желкен» шығармашылық орталығының директоры Нұрберген Дәулетов болса құрметті қонаққа «Құран кітабын саларсыз» деп, жиектері зерленген әсем қобдиша сыйлады.

Өз кезегінде ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Әнес Сарай зерттеу еңбегіне арқау болған «Ноғайлы дәуірі – тарихымыздың тарауы» деген тақырыпты тереңнен толғады. Ол өз сөзінде: «Біз – тарихтың өгей баласы емеспіз, тең баласымыз. Мәдениеттің өркениетін зерттеген елміз. Тәңір дініміз болған», — дей келіп, Кіші жүз, Ноғайлы, қазақ тайпалары, Ноғай қазақ туралы кеңінен әңгімеледі. Ал, кездесу кешіне келген біраз азаматтар жазушыға өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, жауаптарын алды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button