Несиесі кешірілетіндер тізімінде болмаған жағдайда не істеу керек?
Atr.kz/6 қыркүйек, 2019 жыл. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жұмыс істейтін 111 call-орталығының мамандары азаматтарға борыш жүктемесін азайтудың барлық мәселелері бойынша кеңес береді.
ҚР Президентінің 2019 жылғы 26 маусымдағы Жарлығына сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар 5 санаттағы азаматтар үшін бір реттік акция тәртібінде мемлекет жалпы көлемі 300 мың теңгеге дейін негізгі борышты және ол бойынша есептелген өтемақыны төлейді.
300 мың теңгеден асатын қарызы барлар 300 мың теңге көлемінде қарызының бір бөлігін өтейді. Бұл ретте, олардың жалпы қарызы ағымдағы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауы тиіс.
ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, несиесі кешірілетін азаматтардың санаттары
— көпбалалы отбасылар;
— мүгедек балалары бар отбасылар;
— бала кезінен мүгедектігі бар 18 жастан асқан азаматтар;
— жалғыз асыраушысынан айрылған отбасылар;
— атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
— жетім балалар;
«Жоғарыда көрсетілген санаттағы азаматтардың тізімін қалыптастыру орталық мемлекеттік органдардың (бұдан әрі – ОМО) ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде жүзеге асырылды. Атап айтқанда, ҚР Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – БҒМ) жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған балалардың, 23 жасқа дейінгі студенттердің тізімін ұсынды.
ҚР Әділет министрлігі «Азаматтық хал актілерінің жазбалары» ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі – АХАЖ АЖ) ерлі-зайыптылар немесе ата-аналар бойынша өзекті азаматтық хал актілері (неке және туу туралы) бойынша мәліметтерді тексеруді жүзеге асырды» делінген хабарламада.
Нәтижесінде Жарлыққа сәйкес, азаматтардың тізімі (шамамен 2,08 млн адам) және олардың отбасы мүшелерінің тізімі (шамамен 465 мың адам) қалыптасты. Бұл екі тізім (жалпы алғанда 2,289 млн бірегей адам) бірегейлікке тексерілді және ҚР Ұлттық банкі мен Мемлекеттік кредиттік бюроға берілді.
ҚР Ұлттық банкі кредиті жоқ, жалпы қарызы 3 млн теңгеден асатын, берешектері коллекторлық ұйымдарға берілгендерді тізімнен алып тастады. Нәтижесінде 630 633 қарыздар мен микрокредиттер бойынша берешекті өтейтін 506 941 борышкердің тізімі жасалды.
Электрондық үкімет порталындағы «Борыш жүктемесін азайтуға арналған бағдарламаға қатысу мәртебесін тексеру» электрондық қызметін қолдана отырып, қарызды өтеуге жүгінетін азаматтардың тізімге енгізілгенін тексеруге болады. Ол үшін ЭЦҚ қажет.
Тізімдегі санаттан өзіңізді таба алмасаңыз, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі call-орталығына 111, 8(7172) 74-32-20, 75-01-79, 75-01-78 нөмірлеріне хабарласыңыз
«Жарлық пен ҚР Ұлттық банкінің критерийлеріне сәйкес келуі тиіс азаматтардың тізімде болмауының басты себебі тізімде ОМО ақпараттық жүйелерінде олардың мәртебесі туралы өзекті деректердің болмауында. Атап айтқанда, АХАЖ АЖ-да неке немесе балалардың тууы туралы жазбалардың болмауы жиі кездеседі. Осыған байланысты кредиті бар азаматтар отбасы құрамынан, яғни Жарлыққа сәйкес келетін санаттардан шығып қалады.
Сондай-ақ, тізімде болмауының себебі көпбалалы отбасының мемлекеттік органдарға жәрдемақы алу үшін жүгінбеуіне және ешқандай ақпараттық жүйеде болмауына байланысты болуы мүмкін.
Дереккөз: «Қаз Ақпарат»