Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Әнес Сарай. Ақынның қазасы

Баймағамбет — өзіне қарсы келген қазақтың талай жайсаңдарының басын жұтқан, аса қауіпті айлалы да жыртқыш адам. Ер тұлғалы, кесек келбетті, сырты дүрдей болғанмен, қулығына пышақ айналмайтын жымысқы да еді. Махамбетті оңайлықпен қолға түсіре алмайтынына көзі жетті. Ал арада созылып кеткен уақытты ол өз дәрменсіздігінен емес, әккі қылмыскердің қашып-пысып ұстатпай жүргені деп дәлелдеп, әділ заңнан жалтарған анық қашқынды сотсыз өлтіруге Шекара комиссиясын үгіттеп көндірді. Мұндай астыртын келісімдер туралы ресми құжаттар болмайтыны белгілі. Ол Махамбет өлімін тексеру кезіндегі Шекара комиссиясының, губернатор кеңсесінің, Баймағамбет әкімшілігінің ұстанған бағыттарынан ғана аңғарылады.

Скриншот 2017-10-03 09.38.41

1846 жылдың қыркүйегінің ақырында Жақсыбайға жасақпен келген Баймағамбеттің көздегені – 80-нен асқанда әділетшіл болып атқа қонған Сатыбалды старшынды жуасыту және Махамбетті ұстау еді. Сатыбалды ауылын тастап далаға қашып, сұлтан індетіп келген істерді реттеуді інісі Сатай мен туысқаны Бектұрсын Алдиярұлына тапсырады. Сол жерде Сатыбалдының үстінен жазылған жеті шағымға қанағат әперіледі. Сонымен Сатыбалды төңірегіндегі дау бір ретке келгендей нышан танытады. Баймағамбет Махамбеттің Сатыбалды ауылынан кетіп, Қараойда жалғыз үй отырғанын біледі.

Ал шындығында Махамбеттің Сатыбалдыдан ренжіп бөлінген ештеңесі жоқ еді, Баймағамбеттің қол жиып шыққанын естіген Сатай, Сарыбөпе, Сарытай, Қаратай, Жүрентайлар жасы үлкен қариясы Сатыбалдымен ақылдаса келіп мәмілеге келмеуге болмайтындарына көздері жетіп, Махамбетті басқа жаққа асыра тұру қажеттігін ойластырған. Тапқан ақылдары – Сатайдың екінші қызының күйеуі Индер тауында тұратын Қаратоқай Беріш Асаубай Құдабикеұлы ауылына жіберу. Махамбет Асаубай  ауылында қонақ болып, Сағыздың төменгі сағасында отырған руласы Тоғыр Дәріұлы мен Байнақ Тілекеұлы ауылына асуды ойлайды.   Жәміл Тілемісұлын екі-үш рет серігімен соларға хабар беруге жіберіп, өзі Қараойда отырып қалады.

19 қазан күні сәске түс шамасында терістіктегі жүлгелердің бірінен 20 шақты аттылы шыға келеді. Оларды қазан-ошақ маңында жүрген Типан анамыз бірінші боп көріп, еркектерге хабар береді. Үйдегі еркектер: Махамбет, Хасен және Бітімай Шөкеұлы, Меңдібай Еспембетұлы есік алдына шығады. Бейтаныс адамдардың суыт жүрісінен қауіптенген Махамбет Хасенге мылтығын алдырады да, 100 метр шамасында құдық жанындағы көктесінде ерттеулі  тұрған аттарына қарай жүреді. Жүргіншілер тобынан жырылып шыққан үш адам бұларды аттарына жеткізбеудің амалын істейді. Махамбет оларды тоқтатпақ боп төбелерінен мылтық атады. Бірақ әлгі үшеуі Махамбеттің аттарының шылбырын қиып, үркітіп, далаға айдап салады.

Бұл үшеуі кім десе Тама  руының старшыны заурядхорунжий Ықылас Төлейұлы, Есенғұл Беріш адамдары Жүсіп Өтеуліұлы мен Мұса Нұралыұлы екен.

Осы кезден би Жанбар Боздақұлы, Төрежан Тұрымұлы бастаған өзге топ та келіп жетеді. Төрежан Баймағамбет сұлтанның жұмсауымен Адай Мұраттың төрт жылқысын даулай келгенін, басқа шаруалары жоқ екенін айтады. Көпке жалғыз топырақ шашсын ба, ол сөзге сенбегенмен, шарасы таусылған Махамбет түсініселік деп, келгендердің ішіндегі жасы үлкені Ықыласты үйге шақырады.

Үйдегі әңгіме Мұраттың жоғалған төрт жылқысынан басталады. Махамбет ондай адамды естімегенін, ешкімнен жылқы алмағанын, түк шықпайтын бос  сөзді доғарып, одан да келген мақсатын ашық айтуды сұрайды. Ықылас Баймағамбеттің бұйрығымен ұстауға келгенін мәлімдейді.  Махамбет тірідей берілмейтінін айтып қанжарына жармасады. Ықылас пен Мұса Нұралыұлы батырға тап береді. Типан анамыз күйеуіне араша түсіп, Ықыласқа қылыш ала ұмтылады. Ықылас  Махамбетті тастап, әйелмен болып кетеді. Осы кезде жалаң қылышпен ішке Жүсіп Өтеуліұлы енеді. Ол Мұсаны итеріп тастап, есікке ұмтылған Махамбеттің оң жақ шекесінен екі рет шабады. Бірақ батыр құламайды. Шалғайына жармасып қолын қайырған Мұсаға қайта бұрылған кезде Жүсіп Өтеуліұлы Махамбетке сол жақ қарақұстан бар пәрменімен қылыш сермейді. Махамбет өлтіруде айрықша құлшыныс көрсеткен туысқаны Жүсіптен қалмау үшін, Мұса көкжелкеден қылышпен үш рет шауып, батырдың басын кесіп алады.

Махамбетті бітірген соң, қарақшылар сандықты ашып, ақша, ол-пұлды, үйдегі бетке ұстардың бәрін тонап алады. Және Махамбеттің басын қанжығаға байлап, 8 жылқы, төрт түйені қуып кетеді.

 DSC_0974 — копия

Сөйтіп, Махамбет 1846 жылы қазан айының 19-ы күні түс шамасында Баймағамбет арнайы жұмсаған жаналғыштардың қолынан қаза табады.

Махамбеттің қазасы Баймағамбеттің 5 қараша 1846 жылы Шекара комиссиясына  берген №1355 рапорты, Махамбеттің інісі Хасеннің 4 қарашада берген түсінігі және Махамбет өлтірілгенде Орловск форпостында шаруамен жүрген Шекара комиссиясының шенеунігі Редкиннің Махамбеттің әйелі Ұлтуған мен Типаннан сұрап біліп, 31 қазанда хатқа түсірген протоколы негізінде баяндалды. Баймағамбет  бұл қаза Махамбеттің тұтқындауға көнбегенінен болған кездейсоқ өлім десе, ағасы өліп жатқанда, алып бара жатқан не діндарлық екенін, Хасен далада намаз оқып отырдым деп сандырақтаған, ал Редкин болса Махамбеттің өлімі алдын ала ойластырылған өлім екенін меңзеген. Шынында да, 20 адамның Махамбетті ұстап, байлап әкетуге толық мүмкіндігі бар еді, бірақ өйтпеген, бірден-ақ қылыш шапқан және жаралау үшін де емес, өлтіру үшін шапқан. Жүсіп Өтеуліұлының сұлап түскен Махамбетті тірі ме, өлі ме деп тексермей, төртінші рет шабуы-тұтқындауға емес, өлтіру мақсатымен келгендіктің белгісі. Кейін құн дауы шықпасын, өлтірген өз ағайындарың деп жалтару үшін, Есенғұл Беріштің адамдарын жалдаған. Махамбеттің басын кесіп апарып Баймағамбетке көрсету де бұйрықтың кімнен шыққанын айтпай нұсқап тұр.

1846 жылдың 21, 22 қарашасында Шекара комиссиясында Махамбеттің өлімі туралы іс қаралады. Редкиннің рапорты істі «кездейсоқ өлім» деп жаба салуға кедергі болды да, мәселені аяғына жеткізу мәжілісте құлшына сөйлеген Редкиннің өзіне тапсырылды. Бірақ Редкин жөнді тәптіш жүргізе алмады. Баймағамбет қылмысты  Мұса Нұралыұлы, Жүсіп Өтеуліұлы, Ықылас Төлейұлдарын әртүрлі, болды-болмады сылтаулармен жауаптауға жібермеді. Шекара комиссиясы басшылары тарапынан қысым көрген Редкин істі  былқылдаққа салды.

Махамбеттің ісін ізіне түсіп қуынғаны – ағасы Бекмағамбет. Ол 1847 жылы 9 қазанда Шекара комиссиясына 4-ші инстанция бастығы Сәңкібайұлы жауап беретін адамдар шептен ұзап қырға шығып кетті деп өтірік айтып, кісі өлтірушілерді сотқа әдейі жібермей отырғанын мәлім ете келіп, тергеуді тоқтатып, «қазақ рәсімі бойынша шешілуі үшін» Батыс бөлімінің кеңесіне істі жіберуді өтінген. Бірақ Шекара комиссиясы Бекмағамбеттің бұл талабын қанағаттандырмады. Сүйретіп барып, ақыры 7 жылдан кейін істі ұшты-күйлі жауып тастады.

DSC_0974

Сөйтіп, Махамбеттің өлімі үшін ешкім жауап бермеді. Бажасы Асаубай Құдайбикеұлы ақынның жазым болғанын келесі күні естіп, Қараойға келіп жерлеуіне қатысады да, ауылдың ақсақалдарын ілестіріп алып Суықбұлақтағы Баймағамбет ордасына тартады. Ол Баймағамбетке: «Алдияр сұлтан, қас жауыңды өлтірдің, бірақ адамның денесін екі жерге бөліп көму мұсылман рәсімінде жоқ. Махамбеттің басын бер, денесімен бірге жатсын» дейді. Баймағамбет Махамбеттің басын қайтарады. Асаубай қабірді ашқызбай, оң жағынан жанама шұңқыр қазып, денесінің деңгейіне жеткізіп, басты көмдіреді.

Махамбет қаза болған 1846 жылы сол маңда көшіп-қонып жүрген Қаратоқай Беріш Бектұрған 1851 жылы дүниеден өткенде ұлына Махамбеттің бейітін көрсетіп кеткен екен. Бектұрғаннан – Тәшен, Тәшеннен – Дінмұхамед, Дінмұхамедтен – Құрақ боп тарайтын бұл әулет әрі ақын, әрі батыр Махамбеттің жерленген жерін жадтарында сақтаған. Махамбет бейіті көп уақытқа дейін Қараойда қарайып жалғыз тұрған да,  кейін Махамбет моласының сол жағынан шағын қорым пайда болған. Беріде Дінмұхамед өлерінен бір жыл бұрын (68 жаста) 1952 жылы Махамбеттің басына дұға  қылып, қабірдің басы мен аяғына белгі болсын деп сырық шаншыған. Құрақ Бектұрғанұлы 1958 жылы бейітті жаңылыспай тауып беріп, кейінгі ұрпақ үшін мәні жойылмас еңбек қылды.

Сөйтіп, елім деп еңіреген есіл ер жауыздардың қолынан жазым тауып, Қараойда бір үйім топырақ боп, 120 жыл ескерусіз жатты. Халық үшін еткен еңбек зая кетпейді екен, Махамбет тағдыры соның куәсі.

Әнес САРАЙ,

жазушы,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button