Атырауға да көкпар келді!

  Жақында Талдықорған қаласында Қазақстан Республика- сы ересектер арасындағы көкпардан ұлттық ХVI чемпионаты өтті. Аталған жарысқа республикамыздан ең таңдаулы деген 14 командасы қатысып, Атырау облысының «Нарын» көкпар құрама командасы 2-ші орынды иеленді және «Еліміздің үздік көкпар клубы» атанды. Бір қарағанда бұл бұрындары көкпар ойындары дамымаған өңірдің адам таңқаларлық табысы еді. Аталған спорт түрі облыста қалай дамыды, жеңіс құпиясы неде? Біз осы сұрақтармен «Ұлттық спорт түрлерінің Атырау облыс-тық клубы» КМК директоры, республикаға еңбек сіңірген жаттықтырушы Өнербек Жанбаланы сөзге тарттық.

– Әңгімені атыраулықтар үшін бұған дейін бейтаныс болып келген көкпар ойынына бұрайықшы. – Мен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап кәсіпкерлікпен айналысып, белгілі дәрежеде биіктерге көте-рілгенде өзіме жақын спорт түрлерін дамытуға ден қойдым. Бұл таэквондодан бас-талды, ат спортын қолға алдым. Содан көкпарға көңіл аударып, сол «Махамбет бабамыздың 200 жылдығына» орай өз қаражатымызға арнайы көкпар командасын құрдық.

  kokpar2Ол үшін Оңтүстік Қазақстаннан атақты көкпаршы, Кеңес одағының тоғыз дүркін чемпионы Сәттархан Әбдіәлиев деген азаматты алып келіп, Қызылқоға, Исатай аудандарының ат құлағында ойнайтын, күш десе, күші бар жігіттерін таңдап, дайындай бастадық. Ірілі-ұсақты жарыстарға да қатыстық. Бірақ, көкпар басқа спорт түрлеріне қарағанда қаражатты көбірек қажет ететін, шуы мол, азапты болып келеді. Белгілі бір жердегі жарысқа қатысу үшін адамынан бас-қа атын, оның ер-тұрманын, шөбін, жемін, суын жеткізу, көкпаршының киімі, тамағы, жатар-тұрар орны, міне, осының бәрі – қомақты қаражат. Ал, оған мемлекет тарапынан қолдау болмаса, кәсіпкердің шарғасы жете бермейтіндігіне көзіміз жетті. «Бұл ұлттық спортымыз ғой, аз да болса дамытуға көмектессеңіздерші» деп, талай есікті қаққан мезгіл болды. Әйтсе де, көп ешкімнің бүйрегі бұрыла қоймады. Осындайда батысқазақстандық айтыскер ақын Қатимолла Бердіғалиевтің «Шевченкоға қос қаласын қиған қазақ, Махамбетке бір қаласын қия алмаған» деген өлең жолдары ойға түседі екен. Басқа ел спортына іркілмей қаражат та-уып, өз ұлттық спортыңды есіктен сығалатып қойғаны жанға ауыр тиетіні сөзсіз. Бірақ, жұрттың бәрін кінәлауға болмайды ғой, облысқа Бақтықожа Ізмұхамбетовтің әкім болып келуі өнерге ұлттық спорт түрлерінің қайта жандануына ықпал етті. 2013 жылдың аяғында «Ұлттық спорт түрлерінің Атырау облыстық клубы» коммуналдық-мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылды. 

 Ат жарысқа қатысып, бүркітшіліктен тым-тәуір нәтижелерге қол жеткізіп жүрген облыстық ұлттық ойындар қауымдастығы өңірде баяулап қалған ұлттық ойындар түрлерін қайтадан қолға алып, жандандыра бастады. «Өліп қалған» көкпарды тірілтті. 2014-2015 жылдары Атыраудың «Нарын» командасының ең алғаш ойыны Түркістанда 16 команданың ішінде жетінші орынды иеленсе, Қызылорда қаласында өткен ұлттық ойындар фестивалінде төртінші орынға ие болды. 2014 жылы Ақмола облысының Балқарағай елді мекенінде әлемнің сегіз елінен (Чехия, Венгрия, Қытай, Моңғолия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Болгария) 64 бүркіт қатысқан фестивальда атыраулық «Нарын» бүркіті (құсбегі Арман Қошқаров) бас жүлдені иеленді.

 Ал, биыл Талдықорған қаласында ұлттық спорт түрлерінен ересектер арасында көкпардан өткен ҚР XVI чемпионатындағы жерлестеріміздің жеңісі айтарлықтай. Бұл жерде техникалық жаттығумен бірге теориялық дайындық қатар жүріп отырды. Біздің «Нарын» командасынан басқа 15 команда болса, әрқайсысының ойнау тактикасы зерделеніп, зерттелді. Олардың ойын тәсіліне қарсы әрекеттер жасау тыңғылықты ойластырып отырылды. Бір ғана мысал келтірейік, алматылық сары ат (Саршаян) мінген көкпаршы тақымына серке тисе болды қарсыластар қазандығы басынан табылатын. Өйткені, аты жүйрік. Соған сай біздің жігіттер оны қуаламай, керісінше қорғаушыларымыз оны қазандықтан күтіп алып отырды. Сөйтіп, Саршаяндағы көкпаршыға салым салуға мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде ойын барысында жерлестеріміз Павлодар облысының көкпаршыларын – 14:0, қызылордалықтарды – 8:2, ақмолалықтарды – 7:0, Алматыны 4:2 есебімен ұтып, финалда республикамызда ең үздік команда деп есептелетін «Әулиеатамен» кездесті. Бірінші кезеңді 1:1 есебімен аяқтап, екіншісінде азғана басымдылықпен жеңіліске ұшырадық. Әрине, жамбылдықтар республика үшін көкпардың туын тіккен отаны, олардың жеңіс тұғырына көтерілуі заңдылық. Бірақ, ойыншыларымыздың осындай биікке – екінші орынға көтерілуі зор мақтаныш. – Жеңіс жемісті және жұғысты болғай. Көкпаршыларыңыз туралы айтсаңыз.

– Команда капитаны Ералы Тойшиев деген жігіт, жасы 36-да. Өте тәжірибелі, жасы біразға келсе де, ойын барысында жасындай жарқылдап, жұлдыздай ағады. Кездесудегі команданың ауа райын қалыптастыратын да осы жігіт. Көбіне көп шабуылда жүреді. Ағайынды Рауан, Мейірман Жәрдемов, Мейірбек Болысбек, Алтынбек Ибрагимов деген қорғаушыларымыздың команда беделін арттырудағы еңбектері айтарлықтай. Бұл арада қорғаушылардың да өзіндік ерекшеліктері барлығын ескеру керек. Мәселен, Мейірбек Болысбек көкпаршымен салымға талас кезінде дес бермесе, Айтбай Жасұлан салымшыны қорғау, қостау кезінде мерейі үстем. Бұл арада көкпаршы мен оның астындағы ат бір-бірін түсінбесе, оң нәтиже болмайды. Шабуылдаушы жігіт көкпарды (салымды) ала қашқанда жұлдызша ағатын ат бар да, қазандық басында иесіне ешкімді жақындатпайтын ат бар. Бірақ, оның бәрі үйретумен, иесінің ыңғайына қарай тәрбиеленеді. Айта кету керек, ойыншылардың басым көпшілігі – басқа облыстардың көкпаршылары. Әттеген-ай, өзіміздің көкпаршыларымыз жарқылдап ат үстінде ойын көрсетсе, қандай жарасар еді. Бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз, нәтижесі болар деген үміттеміз.

– Бұл жақсы нәтиже екен. Қазіргі бағыттарыңызға қарап, облыста ұлттық спорт түрлерінің біршама өскендігі байқалады. Келешекке қандай үміт артып отырсыздар?

– Спорт — қашан да жалаң қолмен жеке адамның от көсеуі емес, көп болып, қауымдаса жұмыс істеуі нәтижесінде жеңіс әкелетін сала. Біздің бүгінгі аздаған байрағымыз – ол кешегі өңір басшысының көңіл бөлуі нәтижесінде қол жеткен табыстар. Бүгінгі облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевты осыған дейін Батыс Қазақстан облысында облыс экономикасы мен өндірісті дамытумен қатар, ұлттық спортқа айрықша мән бергенін жақсы білеміз. Оның айғағы, бірнеше рет ат спортынан турнирлер, чемпионаттар, жарыстар өткізілгені барша қазақстандықтарға мәлім. Сол үрдіс біздің облысымызда жалғасын табатындығына сеніміміз мол. Облыс орталығында ұлттық ойындар орталығы — атшабар (ипподром) салу жоспарланған-ды. Оның жобасы, қаржылық сметасы, жері, бәрі де анықталған, тергеу, тексеруден өткен. Бұйырса, алдағы жылы аталған құрылыс басталар деген үміттеміз.

– Атшабарыңызды таратыңқырап айтыңызшы, оның ішінде қандай қызметтер бар?

– Ол – үш мың адамдық көрерменге арнал-ған орындығы бар үлкен алаң, ат шабатын 2,5 шақырымдық айналма жолақ. Оның топырағы жаңбырда езіліп, ыссыда кеуіп қалмайтын, бәйге аттарына қолайлы болса, әр атқа арналған елу орындық жеке орын (бөлме), жем-шөп сақтайтын арнаулы қойма, зертханалық бөлмелері бар. Көкпар тартатын арнайы қазандығы бар дербес алаң, елу төсектік қонақ үй, асхана да осында болмақ. Былайша айтқанда, аталған орталық республикамыздағы әлемдік стандартқа сай алғашқы атшабарлардың бірі болады деген ойдамыз.

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз