«Өнер сабырлы болуды қалайды»
Қазақстан Республикасының еңбек
сіңірген әртісі Рамазан СТАМҒАЗИЕВ:
Ел ықыласына бөленіп жүрген әнші Рамазан Стамғазиев жақында Атырауға келіп, әдемі кешін өткізді. Өнер иесінің әндерін тыңдауға жиналған көрермендер көп болды. Біз де өз кезегімізде әншінің қолы босаған сәтінде сөзге тарт-тық.
— Рамазан аға, сіздің әніңізді сүйіп тыңдайтын жұрт көп. Ал, сіз Ұлту Қабаевадан басқа қандай әншіні жиі тыңдайсыз?
— Қазақ сахнасына шыққан әрбір өнерпаздың өз орны, жөні бар. Өз стилі бар. Жинақтап алған репертуары бар. Әрқайсысының әндері қо-ғамға керек. Адамзаттың рухани дүниесін дамытатын сапалы әндерді айтып жүрген әншілеріміз баршылық. Бірақ, «сапасыз әуендер» де көп. Әнді талғамыма қарай тыңдаймын.
— Сіз сахнада өте ұстамды, салмақты көрінесіз.
— Бала кезімде ұшқалақтау болдым. Әліптің артын күтпейтінбіз. Қазір өмір өзі тәрбиелеп алып келді. Әр дүниені қорыта білуді, сабырлықты үйрендік. Оның үстіне ән салып сахнада ғана жүргеніміз жоқ. Өзіміздің ұл-қызымыздан бөлек, өнерлі азаматтарды да тәрбиелейміз. Мұғаліммін. Сондықтан болар, жеңіл дүниеден гөрі, салмақты, салиқалы дүниеге жаным жақын.
— Өнерден басқа немен шұғылданасыз? Спортқа әуестігіңіз жоқ па?
— Өнерден бұрын, ең алғаш спортшы болғым келді. Бала кезімде еркін күреспен көп айналыстым. 56-81 келі салмақта облыстық деңгейде күресіп жүрдім. Кейін әскер қатарынан келгеннен кейін спорт екінші қатарда қалып қойды. Тек әншілікпен кеттім.
— Бизнеске икеміңіз қалай?
— Қазіргі кәсібім – ұстаздық. Өнерлі жастарды тәрбиелеймін. Ал, бизнеспен айналысып, сауда жасап көргенбіз, бірақ, ол біздің қолдан келмеді. Болашақта сол ұстаздығымды жалғастырып, жекеменшік мектеп ашатын болармын.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА