НЕМІС КӨРМЕСІ НЕНІ КӨРСЕТТІ?
Екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсетін шараға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Бейбіт Мамраев, облыстағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары, оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Бейбітшілік пен береке орнаған елімізде көршілес мемлекеттермен экономикалық, мәдени байланыс күн өткен сайын артып келеді. Шараға қатысқан шетелдік мейман – Германияның бас консулдығының елшісі Рабан Рихтерге құрметін білдірген университет басшысы Бейбіт Мамраев неміс көрмесінің мән-маңызына тоқталды. «Адамзат тарихы сан түрлі оқиғаларға толы. Бір кездері жақсылық, бейбітшілік үстем етсе, ал бір кездері қиянат, озбырлық, қатыгездік адамдар өміріне ойран салды. Десек те, біз мұның барлығынан сабақ алып, қайткен күнде еліміз үшін тиімділігі жағына мән беруіміз қажет. Бұл көрмеде XX ғасырдағы Германия елінің тыныс-тіршілігі сипатталған. Шараның көпшіліктің қызығушылығын тудырғанын бүгінгі келушілерден-ақ аңғаруға болады» — деген ол студенттерге Германия елінің тарихы жайында жан-жақты, тереңнен танып білу – таптырмас мүмкіндік екендігін айтты.
Көшпелі көрменің бұған дейін Алматы, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе қалаларында өткендігін айтқан Германияның бас консулдығының елшісі Рабан Рихтер географиялық тұрғыдан Шығыс пен Батыстың тоғысқан жері – Атырау өңірінде ұйымдастырылуының мән-маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ол көрмеде Германияның даму тарихы, саяси-экономикалық жай-күйі сипатталғанын айтты. Шара аясында бейнекөрсетілім де ұсынылды.
Тағы бір айта кетерлігі, Ассамблея жылына орай, университет осы елдің мәдени, тарихи орталығын ашуды да жоспарлап отыр.
Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ.