СӨЗ БЕН ІСТІҢ АРАСЫ

sozbenнемесе жергілікті маманды неге жүре тыңдады?

Жуырда Жылыой аудандық әкімдігінде «Аудан халқын жұмыспен қамту бағытында 2013 жылы мердігер ұйымдармен өткізілген жиындардың қорытындылары туралы» тағы да мәселе қаралып, оған Теңіз аймағындағы іргелі компаниялардың жауапты мамандарымен қатар, жергілікті колледж, лицей оқу орындарының жетекшілері де қатысты. Айта кету керек, бұл мәселе ауданға Мақсым Ізбасов әкім болып келгелі бесінші мәрте көтеріліп, ТШО-ның мердігер ұйымдарының жетекші буындарымен арада жергілікті мамандарды жұмысқа бірінші кезекте алу тақырыбы өткір қозғалды. Екіжақты ниет-хаттамаға және меморандумға қол қоюға алғашқы қадамдар жасалды. Нәтижесі қандай?

Жылыой аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Серік Хамидолланың хабарламасынан мәлім болғандай, 2013 жылдың жарты жылдығында бөлімге 990 адам тіркеліп, олардың 552-сі тұрақты жұмысқа орналастырылды, ол тіркелгендердің 56 пайызын құрайды. 270 адам қоғамдық жұмыстарға бағытталды. Десек те, жүргізілген мониторинг бойынша тұрақты жұмысты қажет ететіндер ауданда 2000-ға жуық. 
Демек, мәселе түпкілікті шешімін тапқан жоқ. Айталық, Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңының 9-бабына сәйкес, бос жұмыс орындары пайда болған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде олар туралы уәкілетті органға мәлімет жіберуді, сондай-ақ уәкілетті орган берген жолдамаға тиісті белгі қою арқылы жұмысқа қабылдау немесе жұмысқа қабылдаудан бас тарту себебін көрсете отырып, ол туралы дер кезінде (бес жұмыс күні ішінде) хабарлауды мердігер мекемелер мақсатты міндетіне айналдырмай келеді. Мысалы, өткен жылы аудандық жұмыспен қамту бөліміне бос жұмыс орындары туралы бірде-бір мәлімет бермей, бөлімнің жолдамасынсыз «Юлмар Сервис» 151 адамды, «Мұнай Сервис» ЛТД» – 26, «Вейзерфорд» серіктестігі 15 адамды өз еріктерімен жұмысқа қабылдаған екен. Ал, мүгедектер, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар және интернаттық ұйымдарды бітіруші кәмелетке толмағандар үшін жұмыс орындарының белгіленген квотасын орындаудан мердігер мекемелердің қай-қайсысы да шет қалып отыр.
Наурыз айында «Казэмай Дриллинг», «Асқартау инжиниринг», «Ескерт Қызмет Ратледж», «ЭлектроСтроймонтаж», «Инженеринг Констракшн Компани», «НефтеСтройСервисез», «Фиркрофт», «Шлумбердже», «Грехем», «КазахСервис», «Датоба» және «Интертаско» мекемелері қатысқан жиында, жергілікті кадрларды жұмысқа тартуға ықпалдылық таныту тұрғысынан екіжақты келісімге келе тұрса да, сөз бен іс кірікпей отыр. Тек «Интертаско» мекемесі ғана 24 адам қабылдады. Осы ретте Құлсары оқу орталығы директорының орынбасары Бақтыгүл Нұғманова өздерінен автокраншы, стропольшы мамандығын алған жастарды «Даларо» мекемесі еңбек өтілі жоқ деп қабылдамағанын айтып, «оларды тәжірибелі мамандарға бекітіп беріп, өндірістік жұмыста неге шыңдамасқа?» деген ойын алға тартты. Ал, «Даларо» серіктестігінің өкілі жуырда өздеріне жіберілген краншы зауытта жұмыс істеуге қабілетсіздік танытқанын айтып ақталды.
«Юлмар Сервис» ЖШС директорының орынбасары Николай Игнатов өздеріне қажетті кәсіпке («Пожарный наблюдатель») мамандар даярланса деген ұсынысын білдірді. Оның сөзіне қарағанда, зауыттағы күрделі жөндеу, айталық изоляциялау (айыру, жекелеу), күкірт жинау жұмыстарын жұмысшылар қиынсынып шығып кетеді немесе күнкөрісі үшін шыдап жүре береді екен. Сонда зиянды жұмыстың денсаулыққа қауіпті екенін кім ескереді?
Жоғарыдағыдай басқосулар барысында 11 мекеме басшысымен 496 адамды жұмысқа қабылдау жөнінде меморандум жасалғанын білдік. Алайда, көптеген мердігер мекемелер бұл құжаттың маңыздылығына әлі күнге мән беріп отырған жоқ. Мысалы, «Болашақ Атырау», «Кисорион» сияқты мекемелер қойылған талаптарды орындамай отыр.
«Болашақ» жобасынан қысқартылғандарды әлеуметтік қолдау мәселесі республика бойынша күн тәртібіне қойылғаны белгілі. Үкімет те бұл бағытта арнайы іс-шара жоспарын бекіткен еді. Жылыой ауданы бойынша 2012 жылы «Болашақ» жобасынан 227 адам қысқарған болатын. Оларға арнайы мониторинг жүргізіп, зерделеу барысында 58 адамның өз бетімен жұмысқа орналасқаны, 74 адамның басқа жобаға ауысқаны анықталды, 95 адамға бөлімге жұмыссыз ретінде тіркелуге ұсыныс беріліп, 48 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Қызметтен босағандардан тұрақты жұмысты қажет ететіндер – 46 адам.
Айта кетер бір жай, жұмыспен қамту бөліміне жұмыссыз ретінде тіркелмей, әртүрлі жолдармен өз бетінше күн көріп жүргендер де аз емес. Мониторинг көрсеткіші бойынша олар төрт мыңға жетіп жығылады.
Алда 60 жас оқу бітіріп келеді деп күтілуде. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасында жастар тәжірибесі қарастырылған. Жұмыс берушілерге жас мамандар жұмыспен қамту орталығы арқылы жастар тәжірибесіне жіберіледі. Олардың жалақысы алты айға дейін бюджеттен төленеді. Осы кезеңде өзіне қажетті маманды даярлап, тұрақты жұмыспен қамту – жұмыс берушінің міндеті.
Бұған дейін осы тақырыпта бес мәрте өткен жиынның берекелі қадамдарға бастағанын да айта кеткен жөн. Мәселен, осы жиында «ЮСС Супорт «Сервисез» компаниясының кадр бөлімі менеджері Ерболат Құмаровтың, «Хилсон Дивижн» серіктестігі директоры Миклож Гутидің, «Ак Пан» мекемесінің директоры Петр Прокктің аудан әкімі Мақсым Ізбасовтың қолынан Алғыс хат алуы тектен-тек емес. Мысалы, төрт мыңға жуық адам еңбек ететін «ЮСС СупортСервисез» серіктестігі жыл басынан бері 226 адамды жұмысқа қабылдапты, оның ішінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған 56, аудан әкімінің қабылдауында болған 7 адам және мүгедек те бар. Бұлардың қатарына биыл 72 адамды қызметке тартқан «Хилсон Дивижн» мекемесін қосыңыз. Оларда еңбек ететіндердің 70 пайызы – жылыойлықтар. Жуырда бұрын бас бостандығынан айырылған бір адамды жұмысқа қабылдауы адами тұрғыдан шынайы жанашырлық деп түйсіндік. Ал, «Ак Пан» ЖШС – шағын мекеме. Небәрі 56 адам еңбек етеді. Солай бола тұрса да, жергілікті мамандарды қабылдап, отбасылық жағдайы төмен 20 адамға қаржылай көмек беріпті.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз,
Жылыой ауданы.
P.S. Теңіз кенішіндегі мекемелер бұған дейін жұмысқа тұруға үміткермен сұхбаттасуды немесе сынақ мерзімін өздерінде өткізіп келген. Оның тиімсіздігі – Құлсарыдан Теңіз кенішіне дейін жолақы 1000-1500 теңге, бұл өзі жұмыссыз жүрген қарапайым халық үшін ауыр тиеді. Осы жағдайды ескере отырып, алдағы уақытта қызметке тұруға қабылдауға келгендермен сұхбаттасуды немесе сынақты жұмыспен қамту бөлімінде өткізсе деген ұсыныс айтылды, бұлай болғанда барлық жағдай бөлім тарапынан жасалады. Жиында, сонымен қатар, жұмыспен қамту орталығы мен жұмыс беруші мекемелер өздері арасында тараптардың іс-әрекетін анықтайтын ниет Хаттамасына және меморандумға қол қоюға бәтуаға келуі бізге жақсылықтың нышанындай көрінді…
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз