Жарнама
Жаңалықтар

ӨНЕГЕЛІ АЗАМАТҚА ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ

Бейсенбі күні облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары мен қызметкерлері саналы ғұмырында сан алуан саланың дәмін татып, қиындық пен жақсы күндердің салмағын өмірімен таразылаған парасатты азаматты құрметті демалысына салтанатты жағдайда шығарып салды. 
— Ұзақ жылдар бойы елге қызмет еткен Рысқали Ғабдығаппарұлы Құрманғазы ауданының ауыл шаруашылығы саласына көп еңбегі сіңді. Құрманғазы және Махамбет аудандарын басқарып, соңғы жылдары облыс орталығында қызметті абыроймен атқарып келді. Рысқали Сисатов қызмет атқарған барлық жерде де өзінің іскерлігін, шеберлігін, адал қызметкер, ұйымдастыру қабілеті жоғары басшы екендігін дәлелдеп, қызметі Елбасы, Үкімет және облыс басшылығы атынан лайықты бағаланды. Оның «демалысқа шығатын уақытым болды» деген шешіміне қолдау білдіріп, зейнетке шығуға рұқсат беріп отырмыз. Алайда, өзінің жинаған тәжірибесі және тәлімімен үнемі бөлісіп, жанымыздан табылып отырады деп сенеміз. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз! — деп облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы абырой мен беделге ие болған Р.Сисатовқа «Алғыс хат» пен сый-сияпат табыстады.
Рысқали Ғабдығаппарұлы Сисатов 1948 жылы 1 қарашада Батыс Қазақстан облысы Чапаев ауданының Таубірат ауылдық кеңесінде туып, 1971 жылдың тамызынан бастап Гурьев облысы Теңіз ауданы (қазіргі Құрманғазы) «Сүйіндік» қой өсіру кеңшарында есепші, аға экономисі, бас экономисі қызметтерін атқарды. Кейін аталған кеңшардың №1 фермасының басқарушысы бола жүріп, тек қана аймақтағы емес, сондай-ақ, облыстағы мал шаруашылығының дамуын жолға қоюға ықпал етті. Іскерлігімен көзге түсе білген Р.Сисатов партия жұмысына да араласып, халықпен қоян-қолтық жұмыс жасады. Теңіз ауданының Құрманғазы атындағы кеңшарында партия ұйымының хатшысы қызметін де табысты атқарып, «Сүйіндік» ААҚ төрағалығына дейін көтерілді. Облысқа қарасты Құрманғазы және Махамбет аудандарын басқарып, елдің абыройына бөлене білді. 2010 жылдың наурызынан бері облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы болып, бұл лауазымды қызметіне де дақ түсірмеді. Атырау облыстық Халық депутаттары кеңесінің, Атырау облыстық мәслихатының депутаты да болды.
Осындай адал еңбегінің нәжижесінде «Құрмет», III дәрежелі «Барыс» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне — 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына — 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен, «Мәдениет қайраткері», «Бірінші ұлттық ауыл шаруашылығы санағы» құрмет белгісімен, ҚР Ауылшаруашылық министрлігінің және Атырау облыстық мәслихатының «Құрмет» грамотасымен марапатталған. Атырау облысы Махамбет ауданының Құрметті азаматы атанды.
Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев, облыстық басқарма басшылары мен қызметкерлері де Рысқали Ғабдығаппарұлының өмірі және еңбек жолынан алар өнеге мол екендігін айтып, қызу құттықтады.
— Мен 43 жыл еңбек етіп, соның ішінде 33 жыл халықпен бірге қызмет атқарған екенмін. Зейнеткерлік жасқа толғаныма екі жылдан асты. — «Үкімет жұмыс жасауға мүмкіндік берді, зейнетақысын тағайындады. Енді жастарға жол беруім керек» деген ой келіп, облыс әкіміне өз шешімімді жеткізген болатынмын. Ол көп ойланып, рұқсатын беріп отыр. Бүгін бас қосып, мені бүкіл ұжым болып шығарып салып, жылы лебіздеріңізді білдіріп жатсыздар. Бірақ, бұл – менің еңбегім емес, халықтың еңбегі. Демек, сол атқарылған істердің халыққа кішкене болса да пайдасы тиген болса, бұл — ұжымның қол жеткізген табысы, — деп Рысқали Сисатов облыс басшыларына және ұжымдастарына алғысын жеткізді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button