Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeҚоғам

«Сыбайлас-жемқорлықпен жұмысқа тұру» «NEET» жастардың ойы

«NEET» жастардың ойынша елімізде жұмысқа таныс-тамыр арқылы сыбайлас жемқорлықпен кіруге болады деген қатып қалған ескі оймен өмір сүреді екен.

«NEET жастар» – біліммен де, еңбекпен де шұғылданбай, белсенді өмір сүруге құлықсыздық танытатындар. Қазір елімізде еңбекке құлықсыз жастар саны 250 мыңнан асатыны айтылғанымен, олардың нақты санын шығару да оңай болып тұрған жоқ. Себебі, өздерінің осы топқа жататынын мойындамайды əрі жұмыссыздыққа тіркелуге де құлықсыз. Егер болашағымыз солардың қолында болса, Мағжанның «Мен жастарға сенемін!» деген үмітінің шынымен-ақ өшкені емес пе?!

Əрине, жетістікке жетіп, бүгінгі қоғамға «кірпіш» болып қаланып жүрген жастар да жеткілікті. Алайда, «NEET жастардың» азаяр түрі жоқ. Оның үстіне бұл санаттағы жастар кеше ғана пайда болған жоқ. Ағылшын зерттеушілері жұмысқа енжар, құлшынып жұмыс жасауға ниетсіз, білім алуға құлқы жоқ жастарға сонау 80- інші жылдардың соңында ерекше көңіл аударған екен. Сондықтан, олар бұл топтағыларды «ZerO тобы» деп атап, кейін оны «Not in Employment, Education or Training» терминімен алмастырған. Мұны қазақшаласақ, «жұмыс жасамайтын, оқымайтын немесе өзге де істермен шұғылданбайтын адам» деген ұғымды білдіреді. Тұманды Альбион еліндегі зерттеушілердің мəселеге атүсті қарамай, дер кезінде ден қоюының түпкі мəні де осында жатыр. Бұл термин негізінде дамыған елдерге тəн көрінеді. Соның бірі – Жапонияда осы санаттағылармен жұмыс істеу үшін арнайы бағдарламалар да қабылданған. Өйткені, белгілі бір кезеңде ешнəрсеге зауқы жоқ, мақсат-мүддесіз жастардың саны ел тұрғындарының едəуір бөлігін қамтып, жапондардың жағасын ұстатыпты.

Ал, республика Ақпарат жəне қоғамдық даму министрлігінің ұсынысы бойынша Қазақстандағы NEET жастар 7 санатқа бөлінген: 1. Білімі, белгілі тəжірибелік дағдысы бар, бірақ оқу мен жұмыс істегенді қаламайтын біреудің асырауындағы адамдар; 2. Жасөспірім балалары бар жас келіншектер жəне жалғызбасты аналар, соның ішінде ерте жастан ана болған жас келіншектер; 3. Еркін табыс табуды қалайтын, кездейсоқ жұмыстар арқылы ақша табатын фрилансерлер; 4. Білімі нашар, біліктілігі жəне тəжірибесі жоқ, қосалқы шаруашылыққа жұмылдырылған ауыл жастары; 5. Оқуды жалғастыруды қалайтын, бірақ мүмкіндігі жоқ күнкөрісі төмен отбасыдан шыққан мектептің түлектері, жетімдер; 6. Денсаулығының нашарлығына байланысты жұмысқа орналасуы қиын мүмкіндігі шектеулі жандар; 7. Бас бостандығын шектеу орындарынан босап шыққан, есірткілік жəне алкогольдік тəуелділігі бар, оңалтудан өткен жастардың бейəлеуметтік тобы.

Дегенмен, өмір мұнымен тынбайтыны анық. Себебі, елімізде жастарға арналған мүмкіндіктер де бар. Мемлекет басшысы Қасым[1]Жомарт Тоқаев биыл 11 қаңтардағы Парламент Мəжiлiсiнiң отырысында: «Жұмыссыздықты, əсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу керек. Жоғары оқу орындарын, колледж бiтiрушiлері, əсiресе бiлiмi жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкiндiгi əрқашан бола бермейдi. Бiз мұны жақсы бiлемiз. Олар тапқан жұмысын iстеп өмір сүреді. Кейбіреулер табыс iздеп, заң бұзуы мүмкiн», – деп, қоғамдағы жұмыссыз жастардың түйткілді мəселесін атап көрсетті.

Рас, жас мамандарға арналған «Менің жұмыс орным», «Жастар тəжірибесі», «Дипломмен – ауылға», «Серпін» сияқты бірнеше бағдарламалар жасақталды. Бұл құжаттар – еңбек өтілі жоқ жастар үшін айтарлықтай қолдау. Бірақ жұмыссыз жастардың барлығы бірдей еңбекке икемсіз, келешегі күмəнді деу де орынсыз. Бірі – көңілге қонымды жұмыс таппаса, келесісінің жалақысы мардымсыз. Ал, кейбіреуіне тұрақты жұмысқа орналасу үшін еңбек өтілі керек.

Атырау қаласының тұрғыны Ақтоты Қосайқызы жоғары оқу орнын «қызыл дипломмен» 2021 жылы тəмамдаған. Бастапқыда мамандығы бойынша жұмыс таппапты. Тапқаны жұмыс тəжірибесін сұрап, оның көңілін пəс еткен.

– Оқуымды аяқтаған соң мамандыққа сəйкес жұмысты таппадым. Уақытты көп созбай аудандағы жұмыспен қамту орталығына тіркелдім. «Жастар тəжірибесі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 6 ай бойы өз мамандығым бойынша жұмыс жасадым, айлығым сол кезде 60 мың теңге болды. Соның өзі мен үшін зор қолдау еді. Осылайша, еңбек жолым басталып, біраз тəжірибе жинақтадым. Кесімді уақыт аяқталған соң өзімнің мамандығым бойынша тұрақты жұмысқа аса қиындықсыз орналастым. Сондықтан, еңбек етуге ниетті адамның екі қолына бір күрек қашанда табылады. Тек бос уақыт өткізбеу керек, – дейді жас маман.

Иə, Ақтотының мұнысы – өзі құралпы көп жасқа үлгі. «Жұмыс жоқ, жалақы аз» деп қол қусырып қарап отырғаннан ұжымға үйреніп, еңбекке араласуға талпынған жөн. Өйткені, еңбекке құштар жанға елде қолдау жеткілікті. Ешнәрсемен шұғылданбай, тек сыбайлас жемқорлықпен ғана жұмысқа тұра аламын деген жастардың бәрі таяз ой қорытып, мүмкіндікті пайдалануға құлықсыз жастар.

Мемлекетке масылдықтан бойды аулақ ұстаса, шешілмеген іс болмас, сірə. Өйткені, Отан бізге балық емес, қармақ ұсынып отыр. «NEET жастар» тізіміне енгенше, берілген мүмкіндікті тиісінше пайдаланған абзал.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button