«Наз ғұмыр»
Облыстық жас қобызшылар сайысы осылай аталды
Атырауда алғаш рет облыстық қобызшылар сайысы өтті. «Наз ғұмыр» аталған байқау ҚР Мәдениет қайраткері, қобызшы Жанар Ермағамбетованы еске алуға орай ұйымдастырылды.
Байқауға облыстық балалар саз мектептерінен алпыс шақты жас қобызшы қатысып, бағын сынады. Екі күнге созылған сайыс қос кезеңде өтті.
— Академияның түлегі, өнер иесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақ ұлттық мемлекеттік халық аспаптар оркестрінің қобыз тобының жетекшісі, концертмейстер Жанар Ермағамбетованың шығармашылығын, орындаушылық шеберлігін дәріптеу, насихаттау, жас ұрпаққа қобызшының есімін үлгі ету мақсатында сайысты облыс көлемінде ұйымдастырдық. Байқау қатысушыларының орындаушылық шеберліктері көңіл толтырады. Көпшілігінің ертеңіне зор үмітпен қарауға болады, — дейді «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінің директоры, қазылар алқасының төрайымы Гүлнар Сәдуақасова.
Байқаудың бас жүлдесі жас қобызшы Зере Ахметоваға табысталды. Ол болашақта Жанар әпкесіндей атақты қобызшы болуды армандайды екен.
— Жанар Ермағамбетованың өте талантты өнер иесі болғанын білеміз. Сол себепті, ол кісінің орындаушылық шеберлігін айнытпай салмағаныммен, соған ұқсауға тырыстым. Сайыстан үлкен әсер алдым. Болашақта қобызды тереңірек меңгеріп, үлкен маман атанғым келеді,- дейді Зере.
Сондай-ақ, шара аясында колледжде Жанар Ермағамбетова атындағы қобыз сыныбы ашылды. Оның шығармашылығын жан-жақты көрсету мақсатында облыстық тарихи-өлкетану мұражайында көрме жасақталды. Көрме ай бойына көрермендер назарына ұсынылмақ.
Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, концертмейстер Гаухар Ермағамбетова мен домбырашы, республикалық бай-қаулардың лауреаты Сәбира Бибатырова жас қобызшылардың алдында өз арнауын тарту етті.
Қобызшының әкесі Өтеген аға бізбен әңгімесінде, өзінің нағашысы, атақты домбырашы болған Төлеуғали Сәрсенғалиев жайында айтты. «Қыздарыма сол кісінің өнері дарыған болып тұр. Әйтпесе, өзім өнерді құрметтеп, қолдайтыным болмаса, алып бара жатқан өнерім жоқ. Инженер-механикпін, жұбайым Күләш Оңайбаева да – медицина қызметкері», – дейді Өтеген аға.
Аталарынан жалғасқан өнер Жанар Өтегенқызын 16 жасынан бастап үлкен даңғылға салып, еңбекке ерте араластырды. 1990 жылы Қазақстанның халық әртісі, домбырашы, дирижер Рысбай Ғабдиевтің шақыртуымен Д.Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінде жұмыс жасайды. 1991 жылы оркестр Түркияда өткен бүкіл дүниежүзілік байқаудан бас жүлдені иеленген. Ж.Ермағамбетова А.Жұбанов атындағы дарынды балалар-ға арналған республикалық музыка мектебінде қобыз пәнінен дәріс беріп, шәкірттерінің бойына ұлттық өнерді дарыта білген.
2007 жылдан өмірінің соңына дейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ұстаздық қызмет атқарған. Небәрі 39 жас ғұмырында дарынының арқасында абыройға бөленіп үлгерді. Атап айтқанда, «ҚР Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен, «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалімен, Құрмет грамоталарымен, дипломдармен марапатталды.
Өтеген ЕРМАҒАМБЕТОВ, Жанардың әкесі:
«Қобызды жүрек қалауымен таңдады»
— Жанар кішкентайынан өнерге жақын еді. Орыс сыныбында оқыса да, қазақтың қобыз өнерін жүрек қалауымен таңдады. Алғашқы оқытушысы Райса Ғұмарова болды. Кейін академияны да үздік аяқтады. Бес жылда бітіретін консерваторияны үш жылда тәмамдады. Қаламбаева Меруерттің сыныбынан аспирантураны бітірді. Өнерінің арқасында көптеген елді аралап, халық өнерін танытты. Бүгінде Жанардың ізін жалғастырған іні-сіңлілері көптігіне қуанып тұрмын. Жастардың қобызға көзқарасы ерекше екен. Жаңа леп байқалады.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА
Суреттерді түсірген:
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.