Наурыз құтты болсын!
Қазақстан халқы Самарқанның көк тасы жібіген, Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамын тойлап жатыр.
Наурыз — көктем мейрамы және көптеген халықтардың Жаңа жылы. Ол бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Көне парсы тілінде «наурыз» жаңа айдың бірінші күні дегенді білдіреді. Бұл айды соғдалықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған. 2001 жылы Наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде жарияланды. Ал 2010 жылдан бері үш күн — 21-23 наурыз аралығында тойланып келеді. Жүздеген жылдар бойы қазақ халқымен бірге жасасып, ұлттымыздың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпының ажырамас бөлігіне айналған Наурыз мерекесінің орны әрине ерекше. Түбі бір түркі жұртының төл мейрамы — Наурыз — ең алдымен қазақтың мәдени мұрасын ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды ерекше қадірлеудің жарқын айғағына да айналып отыр.
Жалпы, Наурыз — достықтың, ынтымақтың, ырыс-берекенің, жаңарудың мерекесі, халықтар бірлігі мен татулығының бастауы. Сондықтан да, бұл мейрам бір ұлтқа ғана емес, жалпыға ортақ болуы, ұлыстардың ұйытқысымен шын пейілдегі жалпыхалықтың мейрамына айналуы шарт. Ал бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ең алдымен Ұлыстың ұлы күнін тойлау ауқымын да мазмұнын да кеңейте түскен орынды. Қыстың соңы, көктемнің басы жыл құстары келе бастайды. Сол себептен де болар табиғаттың тылсымы мен ғалам ғажайыптарын терең ұғына білген ата-бабаларымыз бұл күнді Жыл басы деп есептеген. Наурызды шығыс халықтары бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде атап өтеді.
Бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Осы күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным ұғымдарының үлгі түрлері өте көп. Оның барлығы әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегеге, бауырмалдыққа, көргенділікке, ізгілік пен білімділікке баурайды. Наурызды халқымыздың асыға күтетіні осы себептен болса керек. Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған.
Бұл күнді қарсы аларда халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырып, әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтқан. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі — қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы — жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады.
Бұл мерекені «жыл басы» деп танығанымен, оның барша болмысын, философиясын жыл алмасумен шектемейді. Осы күндері дүниеге келген сәбилерге Наурызбай, Наурызгүл сынды есімдер беріледі. Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл, ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алып, арықтарды тазалап, су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егуден бастайды. Бұл күн жер-жерде ат бәйгесі, көкпар тарту, қыз қуу, палуандар күресі тектес ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылады. Наурыз мейрамында әркім жылы шырай сезіне бастап, сағынышты көрісулерімен, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алады.