Наурыз көженің дәмі
Бірінші шегініс
«Біздің Татьяна»
Жыл сайын наурыз келіп, қазандарда наурыз көже қайнаған, абыр-сабыр уақытта әжемнің наурыз көже пісіріп, бүкіл ауылды қонақ ететіні есіме түседі. Жадымызда жаңғыра беретін бейнелердің бірі – «доқтыр Татьяна». Құрманғазы ауданындағы Көптоғай ауылы Қазақстанның батыстағы ең шеткі нүктесі болғандықтан, Астрахан облысы, Қызылжар (Краснояр) ауданының «Алша», «Бәйбек» ауылдарымен төсекте басы, төскейде малы қосылып, аралас-құралас жүретін. Көптоғаймен тығыз байланыста болған жанның бірі — жоғарыда айтып кеткендей балалар дәрігері Татьяна Бадрина болатын. Ол кісі ұлты орыс болғанымен, қазақшаға ағып тұратын, жан-дүниесі кең, өзінің Гиппократқа берген антына адал дәрігер еді. Оның бір көрінісі – ешқандай міндетіне жатпаса да Көптоғайда басы ауырып, балтыры сыздаған жанның бәріне күн демей, түн демей дәрігерлік көмек көрсетуі.
Түн ішінде қызулаған бала үшін, ауырып-сырқаған қария немесе аяғы ауыр әйелге көмек көрсетуге ат арбада немесе мотоциклде келе жататын «доқтыр Татьяна» бейнесі әлі күнге есімде. Ол кісі бір жеңін шешіп, бір жеңін шешпестен науқастың жанына отырып, сырқат беті бері қарағаннан кейін амандық-саулық сұрасатын. Сондағы ең алдымен айтатыны «Апа, наурыз көже беріңізші» деген сөз еді. Оған әжем ылғи да күліп: «Тәйірі, бұл «доқтыр Татианаға» салсаң, қазақ жыл он екі ай наурыз көже қайнатып отырады деп ойлайды-ау» дейтін және үнемі ернеуінен асып тұратын күбісін сапырып, көжесін құйып беретін.
Кейіннен зейнетке шығуына байланысты «доқтыр Татьяна» өзі тұратын «Алша» ауылынан Астрахан қаласына көшті. Алайда, көптоғайлықтардан бәрібір қол үзбеді. Ауырып-сырқаған жанның бәрі енді Астрахан асып, Татьяна, Михаил Бадриндердің үйін жағалайтын болды. Ол кісілер бейне бір туысы келгендей, автовокзалдан күтіп алып, үйлерінде қонақ ететін, бір ауыз орыс тілін білмейтін қазақтардың шаруасын тындырып, сырқатынан айықтырып, үйіне жатқызатын. Кетерде бүкіл ауылға сәлемдемеге тәтті-пәттілерді қойын-қонышына тығып жіберетін. Тек сонда сұрайтындары бір ғана нәрсе: «Наурыз көже әкелдің бе?» дейтін. Бүгінде ол кісілер бақилық болып кеткен, Татьяна Бадринадан ем алып, ол кісі кіндік шеше болған қазақтың қарадомалақ балалары да ержеткен. Бірақ, жақсылық ұмытылмайды екен. Әлі күнге ауыл адамдары «доқтыр Татьянадан» алған емдерін, көрген жақсылықтарын аңыз етіп айтып отырады.
Екінші шегініс
«Өзіміздің Тая»
Наурыз көжеге байланысты тағы бір адамның есімі есіме түсіп кеткені. Ол – мал дәрігері Тая Сергейқызы, ауылда «өзіміздің Тая» аталып кеткен аяулы адам. Бұл кісі де Көптоғайда тұрмағанымен, мал ауырса, бірінші ауызға ілігетін. Көршілес «Рембаза» ауылында тұрғанымен, қазаққа сіңісіп кеткен, қазақтың бір қызына айналған жан. Жыл сайын Наурызда наурыз көже пісіріп отыратын, қазақтың салт-дәстүріне салғырт қарамайтын. Мал өрістен ауырып оралса немесе төлдей алмай жатса, «өзіміздің Тая» шақырылатын. Ол кісінің де бір ерекшелігі, ешқандай бұлданбастан жаяу-жалпы, ат арбаға мінгесіп келе қалатын.
Ауыл адамдары ол кісінің ұлтының орыс екенін де ұмытып кеткендей, кәдімгі қазақша шүйіркелесетін. Сонда «өзіміздің Таяның» әжеме: «Сіздің көженің дәмі бөлек, қалай жасайтынын айтыңызшы» деп отыратыны көз алдымда. Ол өмірінің ақырына дейін өзі жанындай жақсы көрген қазақ бауырларының жанында болды, қолынан келген көмегін аямады. Содан да шығар, ол кісі дүниеден өткенде бүкіл ауыл болып аттандырды.
P.S. Жақсы адамдар ұлтқа бөлінбейді екен-ау. Ал, біздің наурыз көже сол ұлы да, ізгі достықтың алтын арқауы десек, қателеспеспіз, сірә!