ТӨЛҚҰЖАТТЫ ТАҒЫ ДА ӨЗГЕРТЕМІЗ

Жаңалықтар

Елімізде қағазбастылықты азайту мақсатында тың жобалар жүзеге асуда. Халықтың, әсіресе, мемлекеттік және өзге орындардың табалдырығын тоздырмауы үшін құжаттарда микросхемалар қолданыла бастады. Чипі бар төлқұжат – соның көрінісі. Мұнда құжат иесіне қатысты мәліметтің бәрі – заңды мекен-жайы, жазбаша ақпарат пен фотосуреті, қолтаңбасы бар. Ол және тиісті деңгейде қорғалған.
– Қолында жаңа үлгідегі құжаты бар адам көптеген артықшылықтарға ие болады. Мәселен, ол тұрғынжайын өзгертсе немесе тіркеуден шықса, аяғын талдырып құжатын ауыстырып жүрмейді. Қосымша мәліметтер ұсынудың да қажеттілігі жоқ. Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жаңа мекен-жайын төлқұжатындағы чипке енгізсе болғаны, – дейді сұхбаттасушымыз Гүлжан Ибатқызы.
Жолға шыққан жолаушы үшін жаңа құжат өте маңызды. Өйткені, сапар барысында қандай жағдай кездесетінін ешкім болжап алмайды. Оның үстіне ескі төлқұжаттың халықаралық стандарттарға, құжатты машина арқылы оқитын жүйеге сәйкес келмейтіндігі белгілі болып отыр. Көші-қон полициясындағылардың баяндауынша, бүгінде Шенген аймағына кіретін еуропалық елдер шекарасын аттаушылардан микросхемалы төлқұжат талап етіле бастады. Аталған мемлекеттердің өкілдері оның жарамдылық уақытына ерекше маңыз береді, ол он жылдан аспауы керек (Қазақстан азаматтарына беріліп келген құжаттың мерзімі 10 жылдан асады). Сонымен қатар, мерзімі біте келген құжаттың иесі сырт жерде жүріп сан соғып қалуы ықтимал. «Сондықтан, жергілікті ХҚКО-на барып, жаңа құжат алуыңыз қажеттіліктен туындайды» дейді көші-қон мәселесіне жауаптылар.
Айтпақшы, куәліктің құны 346 теңгені, төлқұжат 6929 теңгені құрайды. Рәсімдеу аз ғана уақыт алса, дайын құжат бір ай мерзім ішінде қолға тиеді. Қосымша ақша төлей отырып, қажеттілікке тезірек қол жеткізуге мүмкіндік бар.
Көші-қон полицейлері құжаты жоқ, жарамсыз немесе оған салақ қарайтын жандарға талаптың күшейгенін айтып отыр.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған