Насихат негізі – ұлт жоспары
Ширек ғасыр уақытта алпауыт елдермен иық тірестіріп үлгерген тәуелсіз Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Әр саланың бәсекелестікте қабілеті артып, әлеуеті күшейді. Солардың бірі – уақыт көшімен қатар дамыған құқық қорғау саласы.
Ұлт жоспарында азамматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту, оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту үшін сот төрелігі институты мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінуі керектігі туралы міндеттер қойылған. Бүгінде елімізде сот саласын жетілдіруге байланысты көптеген іс-шаралардың атқарылып жатқаны белгілі. Осы орайда судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, олардың жаңа этикалық кодексін жасау және тағы басқа мәселелер Ұлт жоспарының 19 қадамында көрсетіліп отырғанын айта кеткен жөн.
Бүгінде облысымызда бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бағытында заңнамалық қолдау бойынша қабылданған ҚР заңдарында көрсетілген нормативтік құқықтық актілерді насихаттау, талқылау жұмыстары әлі де жалғасуда.
Бұл бағыттағы жұмыстың бірі жуырда Мақат аудандық мәслихатының депутаты А.Балашева және аудандық мемлекеттік құқықтық бөлім басшысы Н.Құлжанова «Мәдениет» бастауыш партия ұйымы мүшелерінің қатысуымен өткен кездесуде қаралды.
Шара барысында ҚР Азаматтық процестік кодексі, ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне сот төрелігі жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша және Қоғамдық кеңес, сондай-ақ бірқатар заңнамалық актілерге қоғамдық кеңестер мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы сөз қозғалды. Жиын барысында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша заңдарға да түсінік берілді.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарованың айтуынша, шаралар жергілікті мәслихаттардағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының бастамасымен ұйымдастырылуда.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА.