
Нақты сектор мен сауда саласы өсім көрсетуде
Атырау облысы 2025 жылдың бірінші жартыжылдығын әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша бірқатар оң нәтижемен қорытындылады. Облыстық экономика және қаржы басқармасының мәліметіне сүйенсек, осы кезеңде өңірдің негізгі капиталына 656,3 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Алайда нақты көлем индексі 68,0 пайызды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмендегені байқалады. Бұл көрсеткіштің төмендеуіне бірнеше ірі жобалардың аяқталуы және жаңа инвестициялық бастамалардың баяу қарқынмен жүзеге асуы себеп болып отыр.
Құрылыс саласында да ұқсас үрдіс тіркелген. Жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 246,0 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 62,7 пайыз деңгейінде болды. Дегенмен, тұрғын үй құрылысы бағытында өсім байқалады. Есепті кезеңде облыс бойынша 257,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108,4 пайызды құрап, халықтың тұрғын үйге деген жоғары сұранысы мен мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін дәлелдейді.
Аймақтағы сауда саласы да тұрақты даму көрсетіп отыр. 2025 жылдың алты айының қорытындысы бойынша сауда айналымы 3 450,4 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 105,1 пайыз болды. Бұл ішкі тұтыну сұранысының тұрақты деңгейде сақталуы мен өңірдегі кәсіпкерлік белсенділіктің артуын білдіреді.
Жалпы алғанда, Атырау облысының экономикасында тұрақты даму бағыты сақталып келеді. Алайда кейбір салалардағы баяулау үрдістері өңірлік даму қарқынын арттыру мен экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында қосымша шараларды қабылдауды қажет ететінін көрсетеді.
Еркеназ ҚАЛИЖАН