МҮЛІКТІ ЖАРИЯЛАУ: МҮМКІНДІКТІ ПАЙДАЛАНЫҢЫЗ!

Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті бірқатар құзырлы орын өкілдерінің қатысуымен мүлікті жария ету науқанының тоғыз айының қорытындылары туралы журналистерге брифинг өткізді.

 

Брифингте баяндама жасаған Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Рзағұлова облыс көлеміндегі мүлікті жария ету жөніндегі деректерге тоқтала келіп, бұл науқанды 2016 жылдың аяғына дейін ұзарту мәселесі, сондай-ақ заңға толықтырулар мен түзетулер енгізу де қарастырылып жатқанын айтты. Бұл үдерісті оңайлату мақсатында тиісті орындарға өтініштің орнына хабарлама жіберу сияқты өзгерістер жасау да ескеріліп отырғанын, тіпті алдағы уақытта бұл акцияға жеке тұлғалармен қатар, заңды тұлғалар да қатысуы ықтимал екенін жеткізді.

Келесі сөз кезегін алған ҚР Ұлттық банкі Атырау филиалының директоры Қозыбақ Құлбарақов Ұлттық банктің интернет-ресурсында «Мүлікті жария ету – 2014» бөлімі ашылып, керекті ақпаратпен қамтылғанын айтты. Осы бөлімде мүлікті жария ету акциясы шеңберінде жинақ шоттарын ашатын қаржы ұйымдарының және ақшаны инвестициялау шарттарын жасауға уәкілетті брокерлер тізімі берілген. Сондай-ақ, мұнда үш тілде жеке және заңды тұлғалардың тарапынан жиі қойылатын сұрақтардың жауаптары жарияланып тұрады.

Атырау облысы Қаржы басқармасының бөлім басшысы Бақтыгерей Жақсығалиев өз сөзінде аталмыш акцияны насихаттау мақсатында биыл медиа-жоспар жасалып, көпшілікке түсіндіру жұмыстарының жалғасып келе жатқанына тоқталды. Мүлікті жария ету комиссиясының хатшысы, Атырау қаласы әкімі аппаратының маманы Әнуар Байқадамов науқанға байланысты құрылған комиссияның атқарған жұмысы туралы мағлұмат берді.

Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Батырбек Юсупов: «Мүлікті жариялау науқаны – бұл саяси  мәселе. 2017 жылдан бастап кіріс пен мүлікті жаппай декларациялау күшіне енбекші. Бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстарды осыған әзірлік деп түсіну керек.  Кейін осы жарияланған мүлікті декларацияға  енгізу оңай болады», – деп алдағы басталар тағы бір науқанды еске салды.  

2015 жылдың 15 маусымына дейін облыс бойынша мүліктерді жариялауға 648 арыз түсті, олардың 545-і жарияланды, ал, 42 арыз ұсынылған құжаттары толық болмағандықтан, қаралмай кері қайтарылды. Жарияланған мүліктердің жалпы құны 4,6 млрд. теңгені құрайды. ҚР аумағынан тысқары орналасқан құны 5,1 млн. теңгені құрайтын бір мүлік жария етілді.

Мүліктерін заңдастыруда Атырау қаласы, сондай-ақ Исатай және Құрманғазы аудандары белсенділік танытуда. Ал, Қазақстан бойынша біздің облыс халқының мүлікті жария ету белсенділігі 9-10 орындарды еншілеген. Мұндай акция Қазақстан бойынша үшінші рет өткізіліп отыр. Айтпақшы, осы науқанның тоғыз айының қорытындысы бойынша  жеке тұлғаның атынан қаржысын заңдастыру туралы бірде-бір өтініш түспеген.

 2014 жылдың 1 қыркүйегінде басталған мүлікті жария ету науқаны 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Ал, жария етуге ұсынылатын құжаттарды қабылдау (ақшадан басқасы)  2015 жылдың 30 қарашасында аяқталады. 

 Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз