Награда алмағандар бізді кінәлайды – Қатимолла Ризуанов
Ардагерлер – еліміздің ең сыйлы тобы. Халқымыз әрқашан үлкенді құрметтеген, ақсақалдарымыздың кебісін алып, қолына су құйған, батасын алған. Әңгімелерін тыңдап, астындағы көлігін де күтіп баққан. Тіпті, еріп жүрген итіне де ас құйған. Ал, қазір неге олай емес дегенде, біздер бүгін бірден жастарды кінәлауға әуеспіз, одан бұрын әуелі өзіміз де айналамызға қарап, олардың тәрбиесіне белгілі дәрежеде жауапты екенімізді естен шығармасақ екен, ағайын.
Қазір іс басындағылар Тәуелсіздік замандастары – орда бұзар отыз бен қамал алар қырықтағылар, бұлардың дәуірінде біз алаңдамайтын жағдайдамыз. Себебі, еліміз өркендеп, бірлік пен тұтастық жылма-жыл нығая түсіп отыр, жаңа белестер бағындырылуда. Даму үрдісіндеміз. Бірақ, «Шыңға шықсаң да шыңыраудың барын ұмытпа» дегендей, олардан кейінгі ұрпақ, бүгінгі жетектегі немерелер ер жеткенде елін дамытып, бізді жетектейтін бола ма, жоқ па?
Аймағымызға танымал тарих зерттеушісі, Жазушылар Одағының мүшесі, сөзі дуалы, өзі беделді азаматымыз, еңбек ардагері Өмірзақ Қажымғалиевтың «Атырау» газетінің №92 санында жарияланған «Қарыз бен парыз» мақаласы осы тұрғыдағы көкейкесті мәселелерді көтерген екен.
Шынында да, кейбір аға ұрпақ өкілдері тарапынан үнемі еш нәрсеге көңілдері толмай, бұрын былай еді деп үнемі мазаланып, толқу үстінде жүретіндері бар. Мұндай хал-ахуалдың оның өз денсаулығына да кері әсер ететіні белгілі. Сондықтан, өмірдің біраз белесіне келген адам ретінде, үлкендер көбіне-көп жүйкесін тоздырмауға тырысып, барынша көңілді жүруге тырысқандары абзал дер едім. Ол түптің түбінде, өмір жасын ұзартуға себеп болмақ. Күйбеңдік онша жақсы қасиетке жатпайды, керісінше, шүкірлік мол болуы қажет деп ойлаймын.
Аталған мақалада айтылғандай мысалдар кездесіп-ақ тұрады. Оқырманның ойлануы үшін мысал келтіре кетпекпін. Соңғы жылдары облыстық ардагерлер кеңесі әкімдіктің, демеушілердің көмегімен кейбір жалғызілікті, не әлеуметтік жағдайы онша емес, бірақ газет оқитын, оны өзіне серік етіп келе жатқан зейнеткерлерді газет-журналдарға жаздырып келеді. Бұрынғы жылдары мұндай тәжірибе тек қала, аудандық кеңестер тарапынан ғана жүзеге асырылып отырған. Қолға түскен қаржыға және жаздыру бағаларына байланысты кейде жарты жылға, кейде жылға жаздырылады. Ал, сол жарты жылға жаздырылған бір қадірлі азаматымыз «сендер сонда маған 1-ші шілдеге дейін өлуің керек дегендерің бе, өле алмасам қайтемін» деген әңгімені айтты. Өмір көрген адамның бұлай деуі ұят болып көрінеді. Сайып келгенде, бұл тек бір бастамашылдық көмек қана, тіпті оны газетке тегін жаздыру ешкімге міндетті емес. Бұл бір жағынан масылдық психологияның да нағыз көрінісі, турасын айтқанда – босқа міндетсу.
Жыл сайын мемлекеттік награда тапсырудан кейін «Қалай болғанда да мен ілігуім тиіс еді» деп санап, Жарлықта ол болмай қалса, барлық инстанцияны кінәлап жүретіндер табылады. Соның ішінде ардагерлер кеңестерін де кінәлі санайды. Мемлекет наградасын берудің өз ережесі бар, қарайтын комиссия бар екенін үнемі есте сақтауымыз керек. Награда алуға тиісті адам бізде өте көп, бірақ, бір ұсыныспен бәрі шешіле салмайды ғой.
Қайсыбір зейнеткерлеріміздің «тырнақ астынан кір іздеп», орынды-орынсыз пікір туғызып жүретіндері де бар. Мәселен, үлкен бір шараға өзі қатынасып отырып, «бізді жиналысқа шақырмайсыңдар, ұмыттыңдар, ананы қалдырмайсыңдар» деген секілді тыңдағың келмейтін орынсыз сөздер айтады. Әкімдіктің кабинеттерін аралап шағымдануға да жалықпайды.
Облыста 52 мың ардагеріміз бар, олардың бәрі бірдей және бір-бірінен артық-кемі жоқ, барлығын бір залға, бір шараға қатар шақыру мүмкін емес нәрсе екенін түсінбейді, түсінгісі де келмейді. Бір ардагеріміз жиынға келіп, залдағы отырғышқа менің атым жазылмаған, сондықтан, қатыспаймын, кетемін деп те шықты. Көңілінде сол үшін біреу одан кешірім сұрауы керек деп талап тұрады. Сондықтан, шүкіршілік мол болса екен деймін.
Бір сөзбен айтқанда, аға ұрпақ әрқашан өз орнынан табылып, өз тарапынан жөнсіздікке жол бермей, әр сөзіміз бен ісімізге жауапкершілікпен қарай білейік, ағайын! Ата-әжеден немерелер не күтеді, нені аңсайды, нені жоқтайды деп ойлануымыз керек. Ұсақ-түйектерге әуес болмай, дария қарт бола білейік деймін өз замандастарыма. Жақсы қартая білейік, күле білейік, ойлана білейік, әрдайым өткен жолымызды саралай білейік.
Кім-кім де құрметке өз ісімен, атқарған еңбегімен ғана сыйлы. Сұрап алған марапат та, орынды-орынсыз айқаймен «тапқан» құрмет те шын мәнінде құрмет емес. Ардагер деген атақты жоғары ұстай білейік, көпшілік ортасында сыйлы ақсақал, не қадірменді қария атануға жете білейік.
Бұл мақаланың мазмұнын қоштаушылармен қатар, түсінбестікпен қарайтындар да болуы мүмкін. Біздіңше, олардың қай-қайсысы да кім-кімге де пайдалы болары сөзсіз. Осындайда заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайұлының «Барды бағалай білсең – бақ қонады, күліп жүрсең – құт қонады» деген сөзі ойға оралады.
Қатимолла Ризуанов,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Атырау облысының Құрметті азаматы.