Атырау облысында биыл балық күрт азайып кеткен

Изображение 013 2 Жаңалықтар

Атырау облысында биыл балық күрт азайып кеткен. Бұл туралы Құрманғазы аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен аудан әкімдігінде «Балық және балық өнімдерінің заңсыз айналымы, браконьерлікке қарсы күрес және осы бағыттағы өзара іс-қимыл барысында туындаған өзекті мәселелер туралы» тақырыбында өткен ведомствоаралық мәжілісте Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитетінің аудандық бөлімшесінің басшысы Сансызбай Тоғаев мәлімдеді.

Изображение 013

Мәжілісте Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитетінің аудандық бөлімшесінің басшысы Сансызбай Тоғаев 2017 жылға арналған жоспарын аудандық ішкі істер бөлімі, Ганюшкин, Балқұдық, Сүйіндік шекара бөлімшелерімен бірге жүзеге асырып жатқандығын айта келіп, биыл балықтың айтарлықтай азайып кеткендігіне тоқталды.

– Балыққа келсек, бұрынғыдай емес азайды. Жоқ деуге де болады. Кооперативтер де кеш шығуда. «Сәрсенбаев» пен «Шәмші Сүлейменов» шаруа қожалықтары әлі шыққан жоқ. Лимитті алған соң оны орындау қажет. Теңізден аулайтындарға Атыраудан келме деп тыйым салмаймыз. Учаскелеріне бөтен балықшыларды жібере ме, жоқ па кооперативтер оны өздері шешеді. Ганюшкинге тексеру пунктін қояйық деп былтырдан айтып келемін. Бұрын Рембаза жағынан браконерлікпен айналысатындар көп еді, енді оған РТС пен басқа ауылдардан да қосылыпты. Қарап отырсаң бәріне де балық аулауға билет берілген. Тіпті лимиттері де бар және рұқсат етілген қайықтарды пайдаланады. Жалпы, тыйым салынған аулау құралдарын қолданатындар мен заңсыз балық тасымалымен айналысатындарды анықтап шарасын алу ортақ міндетіміз. Бұған бір ғана біздің инспекцияның күші жетпейді, – деп браконерліктің алдын алуда күштік құрылымдарды бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Сонымен қатар, ол егінге су соратын құбырлардың да ішіне балық кетпес үшін қажетті құралдармен жабдықталмайтынын, айналасы адам жақындай алмайтындай етіп темірмен қоршалатынын жеткізіп, мұны да шешу қажеттігіне тоқталды.

Қанат ҒҰМАРОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз