Ән шалқып, күй төгілді
ИНДЕР. Жыл басы – Наурыз мерекесінің көпшілік шараларын индерліктер. Тәуелсіздіктің 25 жылдық тойына тарту етілген жаңа мәдениет үйінің алдында қарсы алды.
Бұл күнгі ауа райының ызғарлы болғанына қарамастан жиналған көпшілік ыстық пейілде бір-бірімен көрісіп, тілек-баталарын жолдап, арқа-жарқа болып жатты.
Алдымен, жиналған барша қауымды аудан әкімі Серік Арыстан Наурыз мейрамымен құттықтады.
Мерекелік шараны Бақытгүл Жәкиева мен Ерболат Кәрімов әуезді үнімен, кестелі сөзімен жүргізіп тұрса, Р.Ғабдиев атындағы ұлт аспаптар оркестрі Құрманғазы мен Динаның күйлерін күмбірлетті.
Мәдениет үйі, мектептер мен балабақша ұжымдары дайындаған «Қыдыр ата», «Алдар көсе» сынды әсерлі қойылымдар мен орындалған ән-би тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Аудандағы онға тарта мекеме ұжымы ақшаңқан киіз үйлер тігіп, ұлттық тағамға толы дастархан жайды. Кәрі де, жас та жеті түрлі тағамнан дайындалған наурыз көжеден дәм татты.
— Жылдағы дәстүр бойынша Наурызда киіз үй тігіп, ұлттық нақышта безендіріліп, әшекейлермен жабдықтадық. Бұл күні мекемеміздің ардагерлерімен қатар өзге қонақтарға да қызмет көрсетіп, көпшіліктің алғысына бөлендік, — дейді «Индерсу» КМК директоры Шалқар Алмурзиев бізбен әңгімесінде.
Саламат БАЗАРБАЕВ.