ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ КЕЗДЕСУ

Жеңістің 69 жылдық мерекесіне орай Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетті.

Атырау қаласындағы «У Гаджи» мейрамханасында өткен басқосуға облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, құттықтау лебізін білдірді.
– Сіздер – қан майданды көзбен көріп, барлық азапты жеңе білген рухы мықты жауынгерсіздер. Осы ерен ерліктеріңізбен жас ұрпаққа отансүйгіштік пен батырлықтың жарқын үлгісін көрсетіп, бейбіт өмірде де еңбектің көрігінде қайнап, ел дамуына белсене атсалыстыңыздар. Әлі де қатардан қалмай, жас ұрпаққа кемел ақылдарыңызды айтып, қайраттарыңыздан қайтпай, ұзақ ғұмыр кешіңіздер, – деген Шыңғыс Жұмабекұлы ардагерлердің майдандағы ерлігі бейбіт күнде елдің дамуында бүгінгі жастарды жігерлендіретінін баса айтты.
Шынында да, бүгінгі жас ұрпақтың ел қорғаны болуға талпынысы артып келеді. Бұл жөнінде облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы, полковник Ардақ Кукатов ардагерлерге арнаған ақжарма тілегінде мәлім етті. «Ұлт болып ынтымақтасу, Отанды сүю, бірлік пен бауырмалдық сынды құнды қасиеттер соғыста ерлік көрсеткен аға ұрпақтан дарығаны сөзсіз. Ендігі уақытта бұл құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жалғау – біздің міндетіміз» деді ол.
Сондай-ақ, аталмыш партияның ардагері Жәукен Көшеков қан майданда жаумен арпалысқан атыраулық батырлар жөнінде ой бөлісті. Ол өз сөзінде қатары сиреп бара жатқан ардагерлерді ұлықтау басты міндет екенін жеткізді.
Қалай десек те, уақыт алға жылжыған сайын ерліктің даңқы артып, мәні тереңдеп, даралана түседі. Бұл жөнінде Қазақстан Коммунистік Халық партиясының Атырау облысы бойынша бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиев баса айтып, мұндай шаралар тек мереке қарсаңында емес, жыл бойы ұйымдастырыла беретінін мәлім етті. Одан әрі Жеңістің 69-шы көктемін қарсылап отырған Ұлы Отан соғысының ардагерлері өткенге шегініс жасап, майдандағы ерлік істерінен сыр шертті.
Тағылымы мол кездесу мерекелік концертке ұласты.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз