«НҰРСАЯДА» – ЖАҢА БАЛАБАҚША
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен Үкімет, атқарушы органдар соңғы жылдары өскелең ұрпақтың барлық жағдайын жасау үшін барынша жұмыстанып жатыр. Мемлекет басшысының 2020 жылға дейін үш пен алты жас аралығындағы балалардың барлығын балабақшамен толықтай қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес бағдарламалар жүзеге асуда. Бұл бағытта Атырау облысында ағымдағы жылы 2900 баланы қамтитын 16 балабақша бүлдіршіндерге есігін айқара ашса, бүгінде 17-ншісі іске қосылмақшы. Демек, биыл үш мыңнан астам бала бөбекжай табалдырығын аттады,-деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
— Әрине, осы мөлтекауданда мыңдаған тұрғын қоныстанғаннан кейін балабақша, мектеппен қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл «Нұрсаядағы» бірінші балабақша болса, келесі жылдың мамыр айында 320 орындық балабақшаның құрылысы басталады. Күні бүгінде 620 орындық гимназия мектебі салынып жатыр. Ақпан айында республикалық бюджет қаражаты есебінен жаңа мектептің іргетасы қаланады. Өздеріңіз де куәсіздер, мұнда «Салтанат сарайы», көптеген спорттық кешендер бар. Алдағы уақытта да жаңадан салынатын ғимараттар осы мөлтекауданнан орын табады,-деді өңір басшысы. Сондай-ақ, ол тұрғындар үшін коммуналдық базар ашылатынын хабарлап, жұртшылықты бір қуантып тастады. Онда «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жобалар өнімдерінің барлығы тікелей, делдалсыз, арзан бағамен сатылмақшы. Коммуналдық базардың жаймасөрелерінен өзіміздің жергілікті сүт өнімдері, құс еті, жұмыртқа, көкөніс, қаз еті, ет консервілерін табатын болады.
Жаңа балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналары мен мөлтекаудан тұрғындары атынан Роза Қожамбергенова аналық ақ алғысын жеткізді.
Салтанатты жағдайда жаңа ғимараттың лентасы қиылған соң, аймақ басшысы бастаған топ балабақша ішін аралап шықты. Жаңа жыл алдында осындай сыйға ие болған балалар алғыстарын мерекелік өлең шумақтарымен жеткізді. Ал, үлкен залда басқа топ бүлдіршіндерінің жаңажылдық шыршасы басталып кетіпті.
Мамандардан білгеніміздей, №27 «Нұрсая» балабақшасы 12 топқа балалар қабылдайды. Жаңа ғимарат ықшамауданда жаңадан бой көтеріп жатқан үйлердің арасында орналасқан. Оның құрылысын жүргізген мердігер «СтройТехКомплект» ЖШС директоры Андрей Ребриктің сөзіне қарағанда, республикалық бюджет есебінен салынған екі қабатты балабақша құрылысы сегіз ай ішінде бой көтерген.
Айбөпе САБЫРОВА.
Беттегі суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.