«НҰРСАЯДА» – ТАҒЫ ДА ҚОНЫС ТОЙЫ!
Осыдан екі үй немесе 105 пәтер «Кезекте тұрған отбасылары» бағытымен Ұлы Отан соғысының ардагеріне, жетім балаларға, халықтың әлеуметтік осал тобына кіретін және үйі апатты жағдайда деп танылған отбасыларына бөлінген. Сондай-ақ, пәтерлердің бір бөлегін мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне жалға беру көзделген. Бұдан бөлек, «Халықтың барлық санаттары үшін» бағыты бойынша тоғыз үйге топтастырылған 450 пәтердің 218-іне бірнеше жылдан бері кезекте тұрып, төлем қабілеттілігін растаған отбасылары орналастырылса, 232-сі банк салымшыларына ұсынылып отыр.
Осынау айтулы оқиғаға орайластырылған салтанатты рәсімге облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып, баспаналы болғандарды қоныс тойымен құттықтады.
— Баршаңызға белгілі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында жылдан-жылға адамдардың тұрмысы түзеліп, әлеуметтің әлеуеті артып келеді, — деді аймақ басшысы. — Бұған бірінші кезекте халықтың тұрғын үймен қамтылып, баспанаға мұқтаждық мәселесінің оңтайлы шешілуіне қолайлы жағдайдың туғызылуы септігін тигізіп отырғанын айтуымыз керек. Тұтастай алғанда, бұл Мемлекет басшысының қазақстандықтарға арнаған дәстүрлі Жолдауында да, қала берді Ұлт жоспарында да аса маңыз берілген басым бағыттардың бірі болып табылады. Оның үстіне, пәтер алушылардың әлеуметтік санаттарына байланысты несиелерді өтеуде кейбір жеңілдіктер де жоқ емес. Ендеше, баспана алу бақыты бұйырған ағайындар, қуаныштарыңыз құтты, қоныстарыңыз жайлы болсын!
Бұдан соң облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы алғашқы пәтердің кілтін көп балалы ана Күнзира Елемесоваға табыстап, ізгі ниет, игі тілегін арнады. Кезегі келгенде, ол да өзі сияқты халықтың қарапайым өкілдеріне ел ағаларының тарапынан жасалып жатқан қолдау мен қамқорлыққа шексіз ризашылығын жасырмады. Білгеніміздей, бес ұл мен қыз тәрбиеленіп өскен бұл отбасы он үш жылдан бері баспанаға мұқтаждар санатында кезекте тұрып келген.
Аймақ басшысының қолынан пәтер кілтін алған алғашқы үшеудің бірі ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандардың санатында тіркелген Рыскүл Өмірғалиева болса, екіншісі жас маман, мемлекеттік қызметкер Нұрдәулет Жұмасейітов еді. Соның ішінде, соңғысына жаңа қоныс «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүйесі бойынша бұйырыпты.
Салтанатты рәсімді өткізіп, тұрғындардың тілегін тыңдаған облыс әкімі, орынбасарлары, шаһар басшысы Нұрлыбек Ожаев және мердігер компаниялар мен қаржыландырушы банк жетекшілерімен бірге жаңа пәтерлердің ішін аралап көрді. Бөлмелердің кең де жайлылығын, құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілгендігін атап өтті. Жаңа қоныс иелеріне шағын сыйлықтарын тарту етіп, байғазысын берді.
— Төрт жылдан бері қалалық әкімдіктің кәсіпкерлік бөлімінде қызмет істеймін. Жолдасым Жанар №2 емханада акушер-мейірбике болып жұмыс жасайды. Отбасымызда бір сәбиіміз өсіп келеді, көп кешікпей екіншісін де күтіп отырмыз. Міне, енді мемлекеттік бағдарламамен көптен күткен баспанамызға да қолымыз жетіп, қуанышым қойныма сыймай тұр, — деп ағынан жарылды тілдескенімізде Нұрдәулет Берікұлы.
Осы мазмұндас жүрекжарды лебізімен Рыскүл Ермекқызы да бөлісті.
— Несін жасырайын, қуанғанымнан қатты қобалжып, толқып та тұрмын. Елбасының, оның саясатын жергілікті жерде жүзеге асырып отырған аймақ пен шаһар басшыларының тұрғындарға, әсіресе, біз секілді жастайынан қиындық көрген жандарға жасаған қамқорлығына ризашылығымызды бірер ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осындай азаматтарымыз аман, тыныш заман болғай, — деді ол.
Сол сияқты, №93 үйдің бірінші қабатындағы пәтерлердің біріне жайғасқан Айгүл Дүйсәлиева да бұл күні әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасы ретінде жаңа пәтердің кілтін иеленді. Сауда нүктесінде сатушы болып істейтін ол 2007 жылы кезекке тіркеліпті. Әңгімелесу барысында, ел қатарлы баспаналы болғандарына ол да дән разы.
Дәулетқали АРУЕВ.
Суретті түсірген: Ерлан Алтыбаев.