Бітімі бөлек бір бейне

бітімі бөлек Жаңалықтар

Жерлес жазушымыз Мақсот Ізімұлы жөнінде мөлтек сыр

… Мақсотпен асық ойнап азбаған, доп  қуаласа да тозбаған   балалық шағымыз бірге өтті. Бозалаң таңда боз қырау кешіп, бозбала болып бойжеткендердің терезесін  де бірге  қаққанбыз.  Сонау…  Халел қайраткердің  ауылында  өсіп,  Қызылқоғадан  шыққан  Кеңес  Одағының  батыры Ш.Еркінов  атындағы  мектепті  қанаттас бітірген  Мақсот дос  қаршадайынан қаламын талабына жанып, қағаз бетін  ерте  шимайлаған еді. Әлі  есімде, 6-класта  жүргенінде  тырнақалды туындысы – «Космонавттар»  атты тақпағы 12  сәуір күнгі  газет  бетінде жарқ ете  түскені.  Бұл – өлең-сөздің киесін ұғып, иесін сыйлап өткен өлке тұрғындары үшін елеулі уақиға болды.  Ол  сол  күннен  бастап-ақ  мектебіміздің  «ақын баласы»  атанып, бөркі қоқырайып шыға келді.  Бұған дейін де Мақсот  ұстаздармен  тең  дәрежеде  сөйлесіп, кейде пікір таластырып қалатын.  Оның  мектеп директоры Ғимран  ағаймен  сөз оздырғанына  куә  болған  Досқайыр  деген  құрдасымыз:  «Мақсот  директормен  әңгіме  соғып  тұр,  ал сол  ағайымыз мына біздің бар екенімізді біле  ме  екен?»  деп бір  күлдіріп  еді. Иә, ол ортасынан оза шапқандай өзгешелеу бітім-болмысымен ертерек  танылып, болашақ жолын – өмірлік кәсібін сол кезде-ақ  таңдап үлгерді. Кішкентайынан  журналист  болуды мақсат тұтқан ол  кітапты, газет-журналды жастанып оқыды, сондықтан да шығар, кейде бала бойына шақ келмейтін салиқалы әңгімелерді соғатын, әзіл-қалжың айтудан да алдына жан салмайтын. Кейбір шымшымалары әлі күнге шейін ауылдастарының аузында жүр…

бітімі бөлек

Қызылқоға ауданы қалың қазақтың қайнаған ортасы бола тұра, орыс тіліне де сол кезде жетік еді.  Оған, сірә, Нұрым ағасы іні қылған Александр Стомманың септігі тиген шығар…

Ол  сабақты үздік оқыды, әсіресе, есепке жүйрік еді. Мектебімізде математика пәнінен ұзақ жыл сабақ берген  ұстаз Қосшығұлов Ұябай ағайдың: «Мына жуан 4- ті өзіңнің біліміңе қарай қойдым» деп айтқанын өз құлағыммен естігенмін…

Мақсот тумысынан өжет, мінезді бала-тұғын. Шынымды айтсам, бұл өмірде ештеңеден және ешкімнен тайсалмайтын ондай жігіттерді  сирек кездестірдім. Көптік орта, дүрмек тірлік – интернат қабырғасында өсіп-жетілгенімен, киімді сәндеп киетін, тамақты да талғап ішетін…

Осындайда сарытап сағынышқа айналған өткен  күндер қойнауынан ой аулап, сыр суырар сәтте әлдеқашан елеске айналған әр нәрсе  көз алдыңда көлбеңдеп, жадыңда жаңғыра береді екен. Соның бірі – жора-жолдастарының арасында ақшаның ажарына, дүниенің базарына қарамайтын ашыққол, мырза жан екендігі. Тіпті,  бірде  жыл аралатып жүздескен дос-жарандарын қимай, бірнеше күн ас та төк жолаяқ  жасаймын деп,  қалтасын тақырлай қағып, жол-сапарынан қалып қойғаны да есімде. Әрине, келесі  рейспен ұшуға курстасы Исатайдың өзі пұл тауып бергеніне де куәмін. Ондайға қабырғасы қайысып, көңілі ортаюды білмейтін Мақсоттың арынды, сұрапыл мінезі – жасанды қылық емес, табиғат берген сый еді. Оны бала күннен бірге жүрген, қатар оқыған жора-жолдастары, дос-жарандары бес саусақтай біледі. Қадыр Мырзалиевтің талантты жандар  табиғатын тап басқандай мына байламы: «Айтамыз  біздер ақын деп, Адамды  шоқ боп маздаған. Ақынға керек ақыл көп, Асаулық керек аздаған» деген өлең шумағы біздің Мақсоттың да бөлек болмысын ақтап алғандай…

Талант өзіне өріс іздейді, тіпті, қарақанаттанған тастүлек те (бүркіттің балапаны) өз ұясына сыймай, биікке ұшуға талпынбай ма?!.  Мақсот та… мектеп бітірген соң ақ көйлегі желбіреп, ауыл-аймақтан алыстағы абат байтақ – Алатау аясындағы Алматыға аттанды. М.Әуезов, З.Қабдолов сынды ұлы тұлғалардың маңдай тері тамып, табан ізі түскен қазақ білімінің қарашаңырағы – ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсті. Бүгінде  есімдері республика оқырмандарына  кеңінен  танымал қаламгерлер – белгілі әдебиеттанушы-ғалым Мақсат Тәж-Мұратпен,  «Атырау»  газетінің  бас  редакторы  Исатай  Балмағамбетовпен, «Ақтөбе»  облыстық  газеті   бас  редакторының  орынбасары, ақын  Ертай  Ашықбаевпен,  сондай-ақ  «Қызылқоға»  газетінің  бас редакторы  болған марқұм Лес  Жолдиевпен, т.б. бір аудиторияда  дәріс тыңдап, тағылым алды. Талабы мен талантын бір арнаға тоғыстыра білді.

Жалпы, қаламгердің  жазу әдібі  мінезіне байланысты қалыптасады ғой. Өзім бала күннен жақсы білетін Мақсоттың  шығармаларында өзіндік «Мені» айқын шалынады. Көз көрген, көңілге түйген әлеуметтік мәселелерге қатысты авторлық позицияны алға оздырар азаматтық ұстанымын ұтымды диалог,  астарлы әзіл-қалжың арқылы жеткізе білу шеберлігінен де мен бала күннен таныс тұлғаның бірегей болмысын көргендей боламын. Осы орайда бес жыл бірге оқыған досы, әдебиетші-ғалым М. Тәж-Мұраттың біздің Мақсот шығармашылығына жан-жақты талдау жасаған «Шындықты бірге іздескен» (қаламдас туралы сөз) атты эссе-мақаласындағы мына жолдар еріксіз ойға оралады: «…Жалпы, Мақсот шығармаларының жазушылық қиялдан туған образдарды мейлінше аз етіп тұратын бұл автобиографиялық табиғаты М.Бахтин талдап жасаған теорияға қайшы келіп қалатынын айта кету лазым. Ойшыл әдебиеттанушының пайымдауынша, әрқандай көркем шығармада автор тұлғасы мен автор образы екі бөлек қаралуы тиіс. Былайша айтқанда, автор образы биографиялық автордың өзі емес, шығарманың өн бойынан өсіп шығатын, ондағы өмірге жалпылама көзқарасты білдіретін әлдеқандай ғылыми сындар-конструкция. Рас болар. Өмірде шайтанның отын оттап, ал жаз-ғанда періштенің сөзін соншалық шеберлікпен қиыстыратындар аз емес қой. Бахтин одан әрі шығармада автор-айтушы мен повествователь-ұқтырушыны және ажыратады. Бұл пікірге бұрын біз де қол қоятынбыз. Өзім жақсы білетін Мақсот әңгімелерін оқығаннан кейін сол сенімнің іргесі шамалы шайқалды. Себебі, қанша талаптансам да, өмірдегі өзім білетін айтушы Мақсот пен қағаздың ішіне түсіп кеткен ұқтырушы Мақсотты екі бөлек ажырата алмай-ақ қойдым. Өйтсем, бір денені қылышпен қақ жарғандай зорлық болып шығатын сияқты. Біз білетін Ізімұлы – бір қарасаң достыққа адал, ағайынға қайырымды, жалпыға мейірбан жігіт, екінші жағынан келгенде – жасандылыққа жаны қас, әділетсіздікті суқаны сүймейтін, қайратқа, қимылға бойұрғыш, ер мінез, батыр ысық. Бірақ, осы екі жақты сипаты оны екіге бөлмек тұрғай, Білеулінің қайрақ тасынан егеп шығарғандай тұп-тұтас құйыла салған бүтін бітімге айналдырады» деп, көкейдегі ойды дөп басады. Иә, солай… Әңгімелері мен хикаяларын былай қойғанда, қысқа қайырым новеллаларынан-ақ, бала кезіндегі әзіл-қалжыңы, әжуа-оспағы есімде сақталып қалғандықтан шығар, Мақсот досымның өзіндік қолтаңбасын, дәлірегі, болмысын жазбай танимын. Мәселен, «Қалам мен қамшы» деген мөлтек әңгімесі «Алғашқы курсты тәмамдап, аудандық газеттің редакциясына тәжірибеден өтуге келген кезім. Ертеден қара кешке дейін газет тігіндісін ақтарып, есіней беруден басқа ермек таппай жүрген күндердің бірінде хатшы қыз:

– Бастық шақырады,-деді. «Апырау, не болып қалды!..» деп, қобалжи кірген мені редактор жылы ұшырай қарсы алды» деп басталады. Сөйтсе, «Қосшағыл» совхозындағы шопан қыз туралы жазуға жұмсамақшы екен. Журналистік жолға енді түскен, түк тәжірибесі жоқ студент алып-ұшып «Ұшқын» жас шопандар бригадасына аттанады.  Қос басында Мәнсия қызбен танысып, оңаша әңгімелеседі. «Күлген сәтінде адырнадан атылар жебелердей қою кірпіктері тұмшалаған қара көздерінің шуағы шұғыладай жарқ ете қалатын» қойшы құрбысы туралы екі күн бойы елжірей жазады.  Онысы  «Сіркіреген сезімдер» деген атпен газетке шыға келіп,  редакциядағылар ризашылығын ірікпей арқадан қаққанға сарыауыз тілшінің төбесі көкке сәл жетпей қалады. Осылайша іштей масаттанып, терісіне  сыймай жүргенде редакцияға дауылдатып бір қария келеді. Сөйтсе, Мәнсияның әкесі екен. «Очеркті» оқи отырып қайдағы бір жалаңтөс тілшінің айдаладағы қоста көзінің ағы мен қарасына балаған жалғыз қызымен оңаша сырласқанын, сүйріктей саусақтарын аялай сипағанын суреттейтін тұсқа келгенде уақиғаның бояуын қалыңдата, сәл-пәл әсірелей көрсететін «журналистік қиял» дегеннен қаперсіз шалдың талағы тарс айырылып, қаһарлана атқа мінеді…

« – Мына бала еді,-деді редактор мені нұсқап,- тәжірибесі жоқ студент қой, қайдан білсін…

– «Тәжірибесі жоқ»… Мен саған көрсетейін қаршадай қыздың басын айналдырғанды! Ауламаған қасқырымды аулатып қойғандарың аз ба еді, енді келіп… Әй, осы ел-жұртқа күлкі қыл деп оқыта ма осы? – Шал қолын сілтеп қалғанында сегіз өрме дойыр қамшы жонымды жыланша орап, ысқырына жөнелді…»

Бас -аяғы бірер беттен аспайтын шағын әңгімеде автор әлеуметтің үнін көкке жеткізіп, әділетсіздік атаулыдан қоғам мүддесін қорғауға міндетті кәсіптің – журналистика мамандығының да бір кездері өз деміне тұншығып, жадағай идеологияның қолжаулығына айналғанын астарлы ишара, айшықты иіріммен жеткізеді. Жалаңсөз уағыз, жасанды тірлік ағымына қарсы авторлық ұстанымы мен  азаматтық қыжылын қақ-соқпен ісі жоқ қарапайым әрі қаһарлы қарияның қолындағы  дойыр түрінде кіріктіреді. Өйткені, қазақ халқының ұғымында қамшы – қара қылды қақ жарар әділеттің қаруы, ақ сөйлеп, ақиқатқа жүгінудің нышаны. Автор да әңгімесін: «Сол оқиғадан бері біраз жыл өтті. Университеттен алған мамандығым бойынша өмірге араласып, мазасыз  тірлігі мол газет жұмысына бауыр басып та үлгердім. Арнайы тапсырмамен сан рет сапарға шығып, талай адамдармен жолығуға тура келді. Кейіпкеріміздің бейнесін сомдап, еңбегін паш етер тұста, сол бір тентектеу қара шалдың қамшысы көз алдымнан кетпейді. Сондықтан ба, кім білсін, әкелген  материалдарымды сәл дүмбілездеу сезінсем, қаламды қағазға батыра алмай қоямын» деп түйіндейді. Күле отырып, күйінесің…

Аз сөзге ауқымды мағына сыйғызып, том кітаптың жүгін арқалатқан Мәкеңнің – бала күннен таласа кітап оқып, жарыса өлең-әңгіме жазған досымның қалам қарымына қызыға да, қызғана да қарадым. Тіпті, «Бедеріндей кестенің» атты жинағына енген әңгіме-хикаяларын айтпағанда, жыныс-тегі  әуелден журналистика жанрына жататын, «шартты фельетон» аталатын туындыларында да әдеби-көркемдеу құралдарын сары майдан қыл суырғандай ептілікпен қолданып, шұрайлы тілімен еліктіріп ала жөнеледі. Әсіресе, «Әтештердің бәрі – коммунист» деген әзіл әңгімесіне  «тоңмойын түсініктердің түгі қисаймай тұрған тоқырау кезеңінің» бір уақиғасын арқау етеді: арыз хаттың дерегін тексеру қамымен университетті жаңа бітірген жас тілші бір ауданға командировкаға барады. Оны кешқұрым қарсы алған ауылдық кеңестің төрағасы бойдақ келіншек екен. Қонақүй жоқ болғандықтан, мейманды үйіне шақырады ғой. Содан шай ішіледі, қаз-қатар төсек салынады. Санасына сықиған коммунистік мораль әбден сіңген «партиялық органның өкілі» қол созым жерде сары майдай толықсып жатқан келіншекке ындыны құрып, жамбасына біз тыққандай төсегінде дөңбекши береді. Ақыры, таң атып, екеуі дастархан басына жайғасады. Тілші жөніне отырмай,  «мен таңғы асқа жұмыртқа жейтін едім» дейді. «Қазір» деп сыртқа шыға жөнелген бойдақ келіншек жер жұтқандай жоғалады. Бір мезгілде жайнаңдап кіріп келеді:

«– Қайным ау, ауылдан жұмыртқа таппадым. Содан соң көршілерді жағалап шықтым, қырсыққанда олардың да тауықтары жұмыртқаламапты.

– Неге ,- дейді келіншектің көмейіндегісін түсінбеген тілші жайына қарап отырмай,- Әтештерің де басшыларға еріп,  қыр аралап кеткен бе?

Сонда келіншек:

– Жоға, бәрі ауылда жүр, тек осы түнде олардың бәрі  партияға өтіп, коммунист болып алыпты,-  деп жауап қайтарған екен.

Тілші айтарға сөз таппай, көзімен жер шұқып қалыпты.»

Міне, осылай мысқылмен өріліп, елеусіздеу түйінделетін мөлтек әңгімеде жаратылысынан «жасандылыққа жаны қас» жазушының не айтқысы келгенін жіліктей жіктеп, тәптіштей талдаудың қажеті жоқ шығар. Әркім өзінің ой-өресіне қарай пайымдап, талғам-таразысына тартуға тиіс қой деп ойлаймын. Ең бастысы, Мақсот шығармаларында «қысқа күнде  қырық құбылған» заман ағымы, адам тағдыры бар. Күнделікті тірлікте көзіміз көріп, көңіліміз әбден бастыққан үйреншікті құбылыстардың астарына үңіліп, өзекті әлеуметтік проблемаға айналдырып ала қоятыны тәнті етеді. Сондайда «жазушылық дегеніміз – аңғарымпаздық» деген сөздің растығына амалсыз қол қоясың. Мәселен, қазіргі кезде қоғамды жайлаған кесел– жең ұшынан жалғасқан жемқорлық тақырыбының қаны жерге тамбай тұрғаны аян. Ал, Мақсот дос өткен ғасырдың 90-ыншы жылдары егемендігін енді алған еліміздің ертеңіне сын болар әлеуметтік дерттің себеп-салдарын «Ауылдан шыққан «ауу-у-у» атты миниатюрасында сатираның сарабдал тәсілімен ашып көрсетіп, әжуа қылады; айдалада иесі Өрісбайға серік болып, қой бағып жүрген «барақ төс төбет» Бөрібасар мен «рэкетирді», яғни, берсе – қолынан, бермесе, жолынан әкетіп жүрген кәдімгі Көкжал қасқырды кездестіреді. Түз тағысы қойшының итін «бірлескен кәсіпорын» құрып, құр шабалаңдамай, отардағы тоқты-торымды бірге жеп тұруға азғырады. Өзінің иесіне және міндетіне адал Бөрібасар азар да безер болады. Сонда Көкжал:

«Ой, сен ит десе, ит екенсің ғой! Сен әуелі адамдарға қарасайшы. Сенің Өрісбай қожайының сияқты қайсысы «Адал еңбегімен күн көремін!» деп,  жыл бойы теңгенің жүзін көрмей, бала-шағасымен аш-жалаңаш отыр. Әлі де ойлан: Осы жердің байлығы саған да, маған да жетеді, таусыла қалса тағысын тағы көре жатармыз» дейді…

Мен балалық дәуренді бірге өткерсек те қырық жылдай хабар үзіп, жүздеспей кеткен досым М.Ізімұлының тұрақты оқырманы ретінде шығармашылық ерекшелігі мен кісілік келбетіне азды-кем сөз арнап, бірер туындысына  ғана шолу жасаумен шектелдім. Ал, оның «Қанаты күйген қарлығаш», «Рация», «Аяқталмайтын әңгіме», «Тоқшылықтың түтіні», «Жол ұзақ еді,  жер шалғай», «Бір вагон кемпір керек», «Қабанның қазасы» сияқты шығармаларының әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, тереңдете талдауға болар еді. Бірақ, әлгінде айтқанымдай, оның әдеби-көркем туындыларын осыдан он шақты жыл бұрын қаламдас досы, білікті маман М. Тәж-Мұрат теориялық-практикалық тұрғыдан саралап, көкейге қондыра бағасын бергендіктен, ой таптап, пікір қайталағым келмеді.

Оның үстіне, ауыл өмірін мөлдірете жазып, еріксіз езуіңе күлкі үйіретін әрідегі Бейімбет Майлин, берідегі Тынымбай Нұрмағамбетов сияқты қаламгерлік қарымы, суреткерлік шеберлігі мол бола тұра, М.Ізімұлы кейінгі кезде – соңғы жиырма-отыз жылдың бедерінде әдеби-көркем шығарма жазудан мүлдем қол үзіп кеткенін білемін, тіпті, мерзімді баспасөз бетінде де көрінбейді. Естуімізше, ғылыми-танымдық журналистикаға машықтанып, таралым аясы тар басылымдарды  –түрлі анықтамалықтар мен энциклопедиялық кітаптарды шығаруға төселіп алған сыңайлы. Иә, журналистика – бір бөлек сала, жазушылық дегеніміз – өзіндік әлем екенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Оның үстіне, «өзіне қатаң талап қоятын» (М. Тәж- Мұрат) талғампаз Мақсот екіге жарылып, қос кеменің құйрығын ұстағаннан гөрі «өмірінің бір мәні болған кәсіптің» шыңына шығуды – ел мен жердің шежіресін жасауды қолай көрген шығар деп ойлаймын. Себебі, студент кезінде одан «өлең жазып жүрсің бе әлі?» деп сұрағанымда: «Бірінші курсқа түскен кезде бәріміз – жиырма бес студент жапатармағай жазатын едік, қабырға газетін шығаруға плакат жетпей қалатын. Кейін Ертай Ашықбаев сияқты арқалы ақындардың қатарында шатпақтап, нашар өлең жазу ұят көрінді. Талғамы өспей қалғандар тақпақтата береді, содан шығар, әдебиетте ақындар аз, өлеңшілер көп болатыны…» деп жауап берген еді. Сол сөзін есіме алған сайын бозбала Мақсоттың маған 1978 жылы өлеңдете жолдаған сәлем хатының мына бір тұсы:

– Достар – менің бұл күнде сағынарым,

Достар еді-ау тек қана табынарым.

Дос туралы жазып ем бұрын талай

Дос туралы шырқалар тағы да әнім,- деген жолдары тілімнің  ұшына орала кетеді. Төрт тармақ, жалқы шумақтың әдеби-көркемдік деңгейінде, поэтикалық өрнегінде шаруам шамалы, маған ол арада біршама жылдар өтсе де, достыққа адал, жолдастыққа берік қалпынан айнымаған Ойыл ұлының бітім-болмысын оралтатын қасиетімен ғана құнды…

Зайдолла ИБАТОВ,

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Мейірбек Байғалиев

    Оқып шығып риза болып ерекше көңілде отырмын. Мақсот жездемізді жақсы білсем де, жас кезінен-ақ қандай тілші, жазушы болғаны туралы естімеппін. Өте мықты адам! Рахмет көп көп!