Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «Тәуелсіздік тізгінін берік ұстауға тиіспіз»
«Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт». Осындай тақырыппен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бейбітшілік пен келісімнің жаңа кезеңіне аяқ басқанын мәлімдеді.
Бейбітшілік пен келісімнің жаңа кезеңі
Ең үлкен жаңалық, «Мәңгілік ел» патриоттық актісінің қабылдануы болды. «Патриоттық актіде ұлы құндылықтар қамтылып отыр. Ондай құндылықтар – біздің халқымыздың ерік-жігерінің, дана шешімінің көрінісі. Акт кабинеттерде ойластырылған құжат емес, ол – Тәуелсіздігіміздің жемісі» деген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық деңгейдегі талқы тақырыбына айналған бірқатар мәселелерге де тоқталып өтті.
Мәселен, мектеп балаларын бес күндік оқу жүйесіне көшіру, кей пәндерді ағылшын тілінде оқыту тақырыбына көзқарасын білдірген Президент білім саласындағы бастамаларды жан-жақты талқылаудан кейін ғана мектеп бағдарламасына енгізуді, түсінік жұмыстарын күшейтуді тапсырды. «Біз өндіретін, жасайтын істерді халыққа түсіндіру қажет. Халықтың барлығы бірдей кешке қарай теледидар алдында отырмайды, оларға жұмыс істеу керек. Барлығы бірдей газет те оқымайды. Бізде «Нұр Отан» партиясы, Ассамблея, жергілікті атқарушы органдар бар. Олар ауылдарда, аудандарда мұның не үшін қабылданғанын түсіндіруі керек» деген Елбасы бірқатар пәндерді біріктіруді ұсынды. «Мәселен, мен балаларымызға жүктеме тым артық деп санаймын. Бес күндік білім беруді қысқарту есебінен жасау қажет. Мүмкін, қазақ тілі мен әдебиетін бір пән жасауға, орыс тілі грамматикасы мен әдебиетін, тарих пен географияны қосуға болатын шығар» деді Мемлекет басшысы.
Біртектілік – ұлттық ерекшеліктерді жоғалтпау
Ұлт, азаматтық мәселесіне қатысты Президенттің жаңаша көзқарас білдіріп, халықты жаңа бағытқа үндеуі де сессия жұмысының негізгі жаңалықтарының біріне айналды. Осы ретте ұлттық біртектілік бағытында көптеген дүниелердің жасалғандығын айтқан Президент «ең бастысы — азаматтық, ұлт емес. Азаматтық деген ол еліміздің барлық азаматы бір заңмен, Конституциямен өмір сүреді деген сөз. Бәрі осы бір ғана заңға бағынуы керек. Рим империясында азаматтар болды, ұлт емес. Тіпті, латын тілінде «ұлт» деген сөз «жаңа туған» дегенді білдіреді екен. Ал, біз осы «ұлт» деген мәселені не қылып жібердік? Сондықтан да, біртектілік дегеніміз – ұлттық ерекшеліктеріңді жоғалтпау, тарихыңды, мәдениет пен тіліңді ұмытпау дегенді білдіреді. Ал, азаматтықта – біз бірдейміз» деп атап өтті.
Қоғамдық тұрақтылық пен бірлікті сақтаудағы Ассамблеяның рөлі неде? Осы мәселеге маңыз бере сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамды қайырымдылыққа үндеу мен медиаторлық институтты дамытуда Ассамблея құрылымының шешуші рөл атқарып отырғандығына тоқталды.
«Біріншіден, бұл – қайырымдылық. Қайырымдылық туралы жаңа заңда ҚХА-ның бас үйлес-тіруші ретіндегі қызметі бекітілген. Біздің тарихымызда алғаш рет меценаттар мен донорлардың, қайырымдылық ұйымдарының съезі болып өтті. Бұны жалғастыруымыз керек, өйткені біздің көптеген ізгі азаматтарымыз қайырымдылық қорларына қаражат аударып жүр» деген Елбасы «Үлкен ел – үлкен отбасы» акциясы аясында өткен жылдың өзінде 400 мың қазақстандыққа қайырымдылық көмек берілгенін, балалар үйінің 7800 тәрбиеленушісі үшін 5 миллион теңгеге шот ашылғанын атап өтті.
Және бір ерекшелеп айтарлық жай – соңғы жылдары темір торға қамалғандар саны қырық пайызға дейін азайғандығы. Яғни, бұл цифрдың өзі медиаторлық жүйенің одан әрі дамып келе жатқандығын көрсетеді.
(Толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар).