Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «НҰР ОТАН» ҚАШАНДА АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ БОЛУҒА ТИІС
САЯСИ ДАМУДЫҢ ЖАҢА ЖОЛЫ
Тәуелсіздік жылдарында қалыптасып, уақыт сынынан өткен құндылықты бағыт-бағдарларды нығайтуды үндейтін «Нұр Отан» партиясының жаңа саяси Доктринасының жобасы талқыланған алқалы жиында маңызды құжаттың алдағы онжылдықтағы міндеттері талқыға салынды. Сонымен бірге съезд барысында партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, партияның саяси кеңесінің құрамына бірқатар өзгерістер жасалды.
Съезд барысында сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев «Нұр Отанның» жаңа саяси Доктринасы партия дамуының жаңа кезеңіне жол ашады» деп мәлімдеді. Оның атап өтуінше, Доктринада еліміздің стратегиялық мүдделері мен партияның мақсаттарына қатысты нақты әрі айқын басымдықтар белгіленген. Сенатор Нұрлан Оразалин партия Доктринасына тәуелсіздік хақындағы тамыры терең, қазығы берік тұжырымдамалар кеңінен енді деп есептейді. «Қазақстан халқының санасына «Елбасы партиясы» деген саяси күш ретінде бекіген «Нұр Отан» партиясының бұл құрылтайы ерекше тарихи жағдайда өтіп отыр. Қазақстан өз дамуының жаңа сатысына көтерілді» деп атап өткен сенатор күн тәртібіндегі саяси Доктрина ел өміріндегі өзгерістердің түйінделер тұсы мен жаңа дәуір жағдайындағы ахуалдың сұрағы молайып тұрған кезімен тұспа-тұс келіп отырғандығын атап өтті.
«Біздің жеңістеріміздің арқауы Ел мен Елбасы бірлігінде, бұл – уақыт сынынан мүдірмей өткен шындық. Сондықтан, саяси доктрина адам ойы мен санасын тазарту кезеңінде өмірге келгенін сезіне отырып, осыған дейінгі уақыт сынынан сүрінбей өткен саяси, экономикалық және рухани бағыттарымызды жетілдіруге шақырады. Тәуелсіздікке қызмет ету, Тәуелсіздік мұраттарын қорғау, Тәуелсіздік тудырған ұлттық ұстанымдарды бекіту, Тәуелсіз елдің сындарлы саясатын орнықтыру, Тәуелсіз елді өзгенің кең астауына жалтақтатпайтын дербес экономикалық бағыттарды тиянақтау, Тәуелсіз рухани кеңістігін қалыптастыру, төл мәдениетімізді өрістету тәрізді жаңа тұрпатты мемлекет құру мен дамытудың осыншама қадау-қадау қағидаттарын Президент үздіксіз айтып келеді» деген сенатор жаңа саяси Доктрина съезд талқысына түспес бұрын жалпыхалықтық талқылаудан өтіп, нәтижесінде бірқатар өзгерістердің енгізілгендігін мәлімдеді. Жиын барысында сөз алған «Ерке-Нұр» компаниясының президенті Фарида Мерхамитқызы партияның стратегиялық құжатындағы экономикалық саясат барлық азаматтарымыздың тұрмыс-жағдайын жақсарту үшін бағытталуға, сонымен қатар өзара жауапкершілік пен әріптестік, мемлекет пен бизнес қарым-қатынасының маңызды қағидаты болуы тиіс делінген бағыт-бағдарды қолдайтындығын жеткізді.
ОТЫЗДЫҚ –
БОЛАШАҚТЫҢ
ТЕМІРҚАЗЫҒЫ
Партия төрағасы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз баяндамасында съездің басты міндеті — «Нұр Отан» партиясының рөлі мен саяси маңызын айқындау екендігіне айрықша тоқталды. «Аз ғана жылда «Нұр Отан» 250 филиалы, 6300 бастауыш ұйымы бар алып құрылымға айналып үлгерді. Осыдан 14 жыл бұрын партияның алғашқы съезіне небәрі 400-ге жуық делегат қатысқан еді. Бүгінде олардың саны 2000-ға жетті» деп атап өткен Президент Қазақ елін дамудың дара жолына бастау елдегі ең қуатты саяси күш «Нұр Отан» партиясына жүктеліп отырғандығын жеткізді.
«Бүгін өткен он бес жылдың қорытындысын шығару, болашақ бағдарды айқындау тұрғысынан өзгеше күн. Бұл еліміздің «Қазақстан-2050» стратегиясын қабылдағаннан кейінгі партияның алғашқы басқосуы болып саналады. Біз алыс болашаққа көз тігіп, алдымызға биік межелер белгіледік. Қандай мақсатқа, қай жолмен жеткенімізді нақтылап, оның келешек межелерін жүзеге асыруға кірістік. Еліміздің ертеңгі стратегиясын қалай іске асыратынымызды ойластыруымыз керек» деген Мемлекет басшысы одан әрі Қазақстанның алтын-валюта қоры 90 млрд. доллардан асып түскендігін мәлімдеді. «Біздің алтын-валюта қорымыз өсіп келеді. Ағымдағы жылы ол ұлттық қор қаржысын қоса алғанда 90 млрд. доллардан асып жығылды. Бұл әлемдік экономикада орын алатын кез-келген қиындық пен катаклизмге біздің кепіліміз, әрі жауабымыз болып табылады», — деді Елбасы.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы «Нұр Отанның» нақты нәтиженің, ілкімді істің партиясы екендігін айрықша атап өтті. «Партия елдік істердің барлығына белсене араласып келеді. Менің бастамаларыма әрдайым қолдау білдіріп, идеяларымды құлшына іске асырып келеді. Осы арқылы аса ауқымды тәжірибе жинадық. Халық көздегіні ғана емес, көңілдегіні де көреді. «Нұр Отан» – нақты нәтиженің, ілкімді істің партиясы. «Елің қуатты болса, бағың тұрақты болады» деген сөз бар. Күнімізді шуақты ету үшін елімізді қуатты ету – баршамыздың ортақ парызымыз» деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Президент елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына енгізу мақсатына да тоқталып өтті. «Бұл «Нұр Отанның» болашаққа жол сілтейтін темірқазығы болуы керек. Съезде қабылданатын жаңа саяси Доктрина да осыны көздейді», — деп атап өткен ел Президенті мемлекеттік тіл мәселесіне барынша ден қоятын кез келгендігін еске салды.
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ
«Нұр Отан» мемлекеттік тілді нығайту, қазақтың дәстүрін, мәдениетін жаңғырту жұмыстарының тиімді жүйесін жасауы тиіс» дей келе Президент «Доктринада мемлекеттік тіл ел бірлігінің факторы ретінде аталғаны да аса маңызды. Бұл мәселеге барынша ден қоятын кез келді. Қазақ тілін білу азаматтық парызымыз ғана емес, ұлтқа деген құрметті білдіру болып табылады. Отан дегеніміз отбасындағы өнегелі тәрбиеден басталады. Осыны әрбір азамат есінен шығармауы тиіс» деп баса айтты. Сондай-ақ, Президент партияға мемлекеттік тілді нығайтуға, қазақтың дәстүрі мен мәдениетін жаңғыртуға байланысты қоғамдық-саяси жұмыстардың тиімді жүйесін жасауды тапсырды. «Қазақша сөйлейтін халқы 70 пайыздан асқан өңірдің барлығы қазақ тіліне көшуі керек. Бұл – ана тіліміз бен ата дәстүріміздің, ұлттық мәдениетіміздің мәңгі жаңғыру дәуірі. 2025 жылға дейін мектептегі балалар түгел қазақша оқып шыққан кезде барлығымыз қазақ тіліне көшетіндігімізді айттық. Конституцияда екі тілділік деген мәселе бар. Бұл – елдің бірлігі үшін, сыртымыздың және ішіміздің бүтіндігі мен тыныштығы үшін жасалып отырған амал. Тәуелсіздік алған жылы халқымыз қанша болғанын баршаларыңыз білесіздер. Ал қазір қазақша сөйлейтін халқы 70 пайыздан асқан өңірдің барлығы қазақ тіліне көшу керек» деп атап өтті Елбасы.
ҚАЗАҚСТАН
ӨНІМІ 111 ЕЛГЕ
ЭКСПОРТТАЛУДА
Одан әрі Президент партияға қоғам мен мемлекетті батыл, инновациялық идеялармен қамтамасыз етуді міндеттеді. Ел Президентінің айтуынша, бүгінде Қазақстанның дайын өнімі әлемнің 111 еліне экспортталуда. «Қазақстандық экспорт тек шикізаттық ресурстар – мұнай, газ, металл ғана емес. Бұлар – аккумуляторлар, трансформаторлар, металл құбырлар, тыңайтқыштар, азық-түлік және басқа да тауарлар» деп атап өткен Мемлекет басшысы елімізде бұрын-соңды болып көрмеген экономиканың түбегейлі жаңа салаларының пайда болғандығын атап өтті. «Біздің жерімізде еш уақытта машина, локомотив, вагон, тікұшақ құрастырылған емес. Толықтай алғанда, индустрияландыру бағдарламасы аясында елде, біздің жерімізде еш уақытта болмаған 250 жаңа өнім түрі игерілді» деген Елбасының сөзіне қарағанда, олардың қатарында машина жасау саласының жоғары технологиялық өнімдері, фармацевтика және химия өнеркәсібі салаларының өнімдері бар. Мәселен, елімізде дәрі-дәрмектің 100-ден астам өнімін шығару жолға қойылған.
Съезд барысында ел Президенті «Қазақстан-2050» стратегиясының тарихи мүмкіндік екендігін атап өтті. «Осы арқылы біз мәңгілікке әлемнің ең танымал ұлтының қатарына енеміз» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев форумның Қазақстанның жаңа тарихындағы өтпелі кезеңде болып жатқанын, қазақстандық қоғамның жаңа мақсаттарға сенімді қадам басқанын атап өтті. Елбасының айтуынша, мұндай қадамның нақты бағдары «Қазақстан-2050» стратегиясы болып табылады. «ХХІ ғасырдың ортасындағы тарихи апогей нақты айқындалды. Бағдарлама жан-жақты жасалды, біз не істеу керектігін білеміз, әрі оны қалай істеп, сол арқылы қандай мақсаттарға жететінімізді де болжап отырмыз. Әлбетте, өмір бір орында тұрмайды, тарих қашанда өзінің аргументтерін алға тартады» деген ел Президенті құбылысты, бұрылысты кезеңге дайын болуымыз керектігін баса айтты.
Сондай-ақ, Президент жастарымызды үш тілді білуге тәрбиелеуді дұрыс деп санайтындығын мәлімдеді. «Мысалы, дүние жүзінде жыл сайын 10 миллион кітап шықса, соның 85 пайызы ағылшын тілінде басылып жатыр. Сонда біздің жастарымыз білімді қай жерден алады?!» деген Президент орыс тілінен ажырап қалмау керек екендігін де айтып өтті.
ҒАЛАМДЫҚ
СЫНИ-ҚАТЕРДЕ СЕРГЕКТІК КЕРЕК
Съезд барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Таяу Шығыстың бүгінде «арабтың анти-көктемін» бастан кешіріп жатқандығына тоқталып өтті. «Қазақстан-2050» стратегиясында мен ХХІ ғасырдың жаһандық он сыни-қатерін бөле жара айтқанмын. Өткен жыл бұл болжамның дұрыстығын көрсетті. Ғаламдық дамудың драматизмі айқын. Жыл басында Кипр дағдарысы әрең «ауыздықталды». Ендігі күні Еуроаймақтағы экономика ең төменгі макроэкономикалық көрсеткіш аясындағы дамудың күрделі күйінде қалып отыр» деген Президент әлеуметтік саяси дағдарыстың өзектілігі күн тәртібінен түспегендігін, жоғары деңгейдегі жұмыссыздықтың жалғасып келе жатқандығын атап өтті. Өз сөзінде Мемлекет басшысы БҰҰ сарапшыларының баяндамасына тоқталды. «Ондағы мәліметтерге қарағанда, 2050 жылға қарай Жер шарының 50 пайызы судың тапшылығы жағдайында өмір сүреді. Бүгінгі күні ғаламшар азаматтарының 80 миллионға жуығы кедейліктің шегінде өмір сүрсе, жыл сайын әлемде 40 миллионға жуық бала аштық салдарынан көз жұмады. Таяу Шығыс ендігі күні «арабтың анти-көктемін» бастан кешіріп жатыр» деп атап өтті.
Сондай-ақ, Президент әлемнің жақын кезеңдегі даму сатысы төтенше күрделі жағдайда болатынын болжайтынын жеткізді. «Мұндай жағдайда барша қазақстандықтар дамуымыздың тұрақтылығын бағалауы керек. Ал жоғарыда айтылған дағдарыс қиындықтарына қарамастан еліміздің ағымдағы дамуы орнықты. Болжам бойынша біздің еліміздің ағымдағы экономикалық өсімі алты пайыз шамасында болмақ. Бұл – әлемдік деңгейдегі бүгінгі күннің ең жоғары көрсеткіштерінің бірі» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз арасында әлемдік даму конъюнктурасына тоқталған Елбасы, мұндай дағдарысты дамудың ел экономикасына өз әсері де болатынын жеткізді. «Еліміздегі индустрияландыру, шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстарының арқасында біз күрделі жағдайды қалыпты жолмен еңсеріп келеміз. Біздің фермерлеріміз мол астық жинады. 20 миллион тонна астық! Осыған орай ауыл шаруашылығы мамандарын жеңістерімен құттықтаймын» деген Президент партия мүшелерінің орта тапқа салық ауыртпалығын ұлғайтуға жол бермеу туралы ұстанымын дұрыс деп санайтындығын жеткізді.
ДЕПУТАТТЫҚ
КОРПУСҚА –
ЖАҢА ТАЛАП
Өз сөзінде Президент «жастар – біздің алтын қорымыз» деп мәлімдеді. «Жас қазақстандықтардың партияның, жалпы Отанымыздың бағдарын қолдауы және 2050 жылға дейінгі мерзімге арналған бағдарламаны жүзеге асыруға кеңінен қатысуы тарихи, моральдық, тұрақтандырушы зор мәнге ие», — деп атап өткен Елбасы жастарды ата-аналардың, аға буынның еңбегін бағалауға шақырды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев партиялық жауапкершілікті күшейтуді тапсырды. «Қазіргі кезде партиялық ресурстарды дұрыс бөлу керек. Атап айтқанда, партиялық жауапкершілікті, әрбір «Нұр Отандықтың» жауапкершілігін күшейту керек» деп тоқталған Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясының партиялық бағдарламаның негізі екендігін атап өтті. Сөз арасында Президент депутаттық корпусқа атқарушы биліктің жұмысын тиімді қадағалауды міндеттеді.
«Нұр Отан» партиясы халық мүддесінің бастаушысы болуы үшін депутаттық корпус тарапынан атқарушы билік жұмысын қадағалаудың тиімділігі қажеттілік етеді. Бүгінде жүйелік жаңару қажет. Сондықтан да біз мұраттар мен құндылықтарды, ұстанымдарды бекітетін саяси доктринаны қабылдап, болашақтың жолын айқындаймыз» деді Президент.
Одан әрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның кез-келген тәуекелдерге жедел әрекет етуі тиіс екендігін айтып өтті. «Партиялас депутаттардың орта буынға салық ауыртпалығын ұлғайтуға жол бермеу туралы ұстанымдарын абсолютті дұрыс деп санаймын. Біз бұған әлі жеткен жоқпыз. Бізде 20 пайыздан астам өнімді шағын және орта бизнес өндіреді, ал дамыған елдерде ол 60-70 пайызды құрайды. Біздерге 50 пайыздық көрсеткішке жету қажет» деген Елбасы одан әрі Қазақстан халқының ерлік пен бірліктің үлгісін көрсеткендігіне айрықша тоқталды. «Біз бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған арманға қол жеткізгенімізді мақтан ете білуіміз керек. Ұлтымыздың ұлы тарихының жаңа тарауы қуатты да табысты тәуелсіз мемлекеттің шежіресі болып жазылуда. Айтатын сөз біреу-ақ: елдің бірлігі – қазақтың бірлігі» деген Мемлекет басшысы осының нәтижесінде еліміздің зор табыстарға жеткендігін атап өтіп, бір жұдырықтай жұмылып отырған халқына алғысын жеткізді.
Съезд барысында, сондай-ақ, Президент «Нұр Отанға» қашанда азаматтық қоғамның көшбасшысы болуды міндеттеді. «Партия өңірлерді бір-бірімен жақындастырып, өңіраралық байланыстарды нығайтуы керек. Бүгінгі күні мемлекеттің жаңа өңірлік саясаты қалыптасып келеді. Республиканың барлық өңірі бойынша ауыл әкімдерінің, аудандық маңызы бар қала әкімдерінің сайлаулары өтті, жергілікті билік айтарлықтай жаңарды. Орталықтан өкілеттіктер жергілікті жерлерге берілді. Мемлекеттік қызметте көтерілу тек сіңірген еңбегіне қарай бағаланатын жүйе түбегейлі өзгеріске ұшырады. Қазір басқарушыларды қабылдаудың конкурсы айтарлықтай жаңарды» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл бағытта партия жұртшылықтың бір бөлігіндегі жершілдіктің көне формасын санасынан еңсеруі керектігін айтты. Сондай-ақ, ол экономика өсімі мен жұмыс орындарын құру мәселесі инновация арқылы қамтамасыз етілуі керектігін айтты. «Партиялық көшбасшылықтың басты мәселелерінің бірі – экономикалық және әлеуметтік жаңашылдықтың эпицентрі болуда жатыр. Біздің партия мемлекет, қоғамға батыл инновациялық идеяларды енгізуді қамтамасыз етуі керек. Бүгінгі таңда әлемдік экономика екі маңызды проблемамен жұмыс істеп жатқаны белгілі. Бұлар: инновациялық-индустриялық жаңа кәсіпорындар құру арқылы экономика өсімі мен жаңа сападағы кәсіби мамандар даярлау. Екінші мәселе – жұмыс орындарын құру. Осы екі мәселе бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан да, біздің индустриялық даму бағдарламамыз дер кезінде қабылданып отыр» деген Елбасы мұны ел экономикасын серпілтетін негіз ретінде пайдалану керектігін айтты.
Елбасының айтуынша, ХХІ ғасырда ғылыми жаңалықтар маңызды рөл атқарады. Осыған орай, Президент Нұрсұлтан Назарбаев болашақ энергиясымен, балама қуат көздерін ашумен жұмыс істеу қажеттігіне баса назар аударды.
ЖАРҚЫН КЕЛЕШЕК КІЛТІ – ЕҢБЕК ҚОҒАМЫНДА
Мемлекет басшысының атап өтуінше, кейбір араб елдері ақшаны халқына таратып беріп, жұмыстан ажыратып алды. Қазір такси жүргізетін де өз адамдары жоқ. Барлық жұмысты шеттен келген азаматтар істейді. Осылайша олар еңбек етуден алыстап қалды. Ал күніне 10 сағат жұмыс істейтін кәрістер бүгінде дүние жүзінің алдыңғы қатарлы елі болса, демалыстан көз ашпаған грек елінің қазіргі жағдайы белгілі. «Барлығы еңбекпен жасалады. Бақыт басыңа еңбекпен келеді» деген Президент еңбек қоғамының маңызына айрықша тоқталды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы съезд барысында партияның ең алдымен парламенттік және қоғамдық бақылауды кеңінен пайдалануы керектігін атап өтті. «Мәжілістің бесінші шақырылымының өзінде ғана нұротандық депутаттар мемлекеттік органдарға сайлауалды тұғырнаманың орындалуына қатысты 300-ге тарта сауал жолдады. Бұл сауалдар мұқият сараланып, халыққа тұғырнаманың орындалып жатқанын жеткізуге тиіспіз» деген Президент одан әрі жемқорлықпен күрес мәселесіне тоқталып өтті. Елбасының айтуынша, партиялық көшбасшылықтың принципті мәселесі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев партия мен құқық қорғау құрылымдарының міндеті сыбайлас жемқорлықпен күресушілерді қорғау екендігін атап өтті. «Мемлекет қазынасынан жұмсалатын әрбір тиын бақылауда болуы керек. Бұл біздің елімізде сыбайлас жемқорлық шектен шығып кетті дегенді білдірмейді. Өйткені, ондай кері құбылыс әлемнің барлық елдерінде, оның ішінде ең дамыған елдерде де бар нәрсе. Алайда, мұның мөлшері қандай? Күресу жолдары ше? Міне, мәселенің мәнісі осында» деді Мемлекет басшысы. Осыған орай, Президент сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында жұмысты одан сайын кең ауқымда жалғастырудың қажеттігін атап өтті.
«Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын арттыру – бұл жемқорлықпен күрес тәсілдерінің бірі ғана. Мұндай табыс арқылы ол өзінің отбасын жақсы қамтамасыз ете алуы керек. Ондай асырай алмайтын болса, бүкіл өмірін мемлекеттік қызметке арнап та несі бар? Сондықтан да, сыбайлас жемқорлықпен күрес – қоғамның ортақ мәселесі» деп атап өтті Елбасы.
Съезд барысында Президент жастар саясаты бойынша жүктелген тапсырмалардың толық орындалмай отырғандығын сынға алды. «Ашығын айтайын, менің тапсырмаларым жартылай ғана орындалып отыр. Мәселен, Үкімет 2020 жылға дейінгі жастар саясаты тұжырымдамасын бекітті. Алайда, оны жүзеге асыру іс-шаралары бойынша қаржыландырудың көлемі анықталмаған. Барлығы бағдарламалардың әкімшіліктеріне келісілген шек бойынша берілген. Ал бұл шекті қаражат тұтынушыға жете ме, жоқ па? Бұл белгісіз.
Тағы бір мысал, менің тапсырмам бойынша Білім министрлігі «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығын құрды. Алайда, қаржыландырудың жоқтығынан бұл да толыққанды жұмыс істей алмай отыр» деген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өңірлерде жастар ресурстық орталықтарын құру жұмысының созылып кеткендігін, Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларында, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында бұл жұмыс мүлдем басталмағанын атап өтті.
Атауын өзгертіп, жаңа Доктрина қабылданған съезд жұмысына партияның барлық өңірлік филиалдарынан келген 1200-ге тарта делегат пен үкіметтік емес ұйымдар, жастар ұйымдары, дипломатиялық корпус өкілдері, мәдениет және спорт қайраткерлері, мемлекеттік органдар, ұлттық холдинг басшыларынан тұратын меймандар қатысты.
ҚазАқпарат материалдары негізінде дайындаған
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.