Жарнама
Жаңалықтар

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ: ЕЛ БІРЛІГІ – ЕҢ АСЫЛ ҚАСИЕТ

 

Астанадағы мерейлі шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова арнайы қатысып, Елбасы – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді.

«ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, іс-шара Бейбітшілік және келісім сарайы алдындағы алаңда Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының Туын көтеру рәсімімен басталды. Одан соң «Жастар қоғамдық келісімді қолдайды» атты флеш-моб болып өтті. Шара барысында, сондай-ақ, этномәдени бірлестіктердің шеберлерінің қолынан шыққан қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды.

Атап өту керек, қоғамдық институт өзінің құрылған кезінен бастап елдегі ұлттарды топтастырушы тетікке айналды. Халықтық дипломатия мектебіне айналған институттың қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы маңызы зор. Демек, салтанатты рәсім барысында «Қазақстан Халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» атты тайқазан эстафетасының Астана қаласының әкіміне табыс етілуінде де үлкен символдық мән жатыр. Сол эстафета еліміздің барлық өңірлерін аралап, Ассамблеяның ХХІІ сессиясының ашылуы қарсаңында ізгі істерге «толтырылып», Астанаға қайта оралады. Демек, биылғы жыл қазақстандықтарды ынтымақпен өрілген жарқын жетістіктерге бастайды деуге толық негіз бар.

Атырау өңіріндегі атаулы жыл салтанаты Қазақстан халқы Ассамблеясының туы көтеріліп, мемлекеттік Әнұранның ойнауымен басталды. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» спорт кешенінде өткен салтанатты шараға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты. Жиналғандарды мерекелі де, берекелі жылдың ашылуымен құттықтаған облыс басшысы ел Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мерекелік лебіздерге толы хатын оқып берді.

«Біз осы бір жылды өміріміздегі ең маңызды құндылықтар: Тәуелсіздік, еркіндік, бірлік, Қазақстан халқының бейбітшілігі мен келісіміне арнайтын боламыз. 20 жыл ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы, шын мәнінде, жалпыхалықтық, жалпыазаматтық орган болып қалыптасты, Конституциялық дәрежеге жетті. Сондықтан, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы – біздің ортақ мерекеміз, барлық 17 миллион қазақстандықтың ортақ ісі. Әрбір азамат еліміздегі бейбітшілік пен туған жеріміздегі келісім алдындағы жауапкершілігін толық сезінуі тиіс.

Ассамблея жылы Конституцияның 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы сияқты маңызды оқиғаларға толы. Бұл жыл ортақ тарих пен тағдырға біріккен халықтық мереке. Қазақстан – біртұтас ел, біртұтас халық, ортақ тағдыр» делінген Елбасы құттықтауында.

«Биылғы жылдың жөні бөлек. Бір ғана соғыс тарихын алатын болсақ, Атыраудан қан майданға 42 мыңнан астам майдангер аттанды. Қазір арамызда солардың 83-і ғана қалды. Ендігі жерде бар құрмет майдангерлерге арналуы керек» деген «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының ардагері Сейтамин Акаев Қазақстан халқы Ассамблеясы жалпыхалықтық өкілеттіліктің институтына, азаматтық қоғамның авангардына айналғандығын атап өтті.

«Өзім орыс ұлты болғаныммен, әйелім – қазақ. Балаларымыз қазақы дәстүрмен тәрбиеленуде. Ұлтым орыс болғанмен, жаным – қазақ. Біздің ауданда қазір молдаван, армян ұлттары тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Биылғы жылдың Ассамблеяға арналуының зор мәні бар. Өйткені, Украинадағы жағдайлар қоғамдық тұрақтылық, келісім мәселелерін еріксіз күн тәртібіне шығарып отыр» деді Индер ауданынан келген делегат, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің жоғары санатты мұғалімі  Виктор Любин.

«Былина» орыс-славян мәдени ұйымы төрағасының орынбасары Раиса Биткова: «Ең бастысы, біз ашық аспанның астында өмір сүріп жатырмыз. Татулық болған жерде балаларымыз да бақытты ғұмыр кешеді. Дүниеде сәбидің бейкүнә күлкісінен асқан бақыт та жоқ шығар. Сондықтан да, біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатын қашанда қолдауымыз керек» деді.

«Татулық» татар-башқұрт ұйымының мүшесі Сәния Гарипова қазақ жерін өзінің қасиетті Отаны деп санайтынын айтты. «Атырауда тұрып жатқаныма биыл 36 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде қазақтың бай салт-дәстүрін бойымызға сіңірдік. Еліміз көпұлтты мемлекет қой. Бірақ, біз қазақ жерін мекен ететіндіктен, осы ұлттың маңына топтасуымыз керек» деген ойымен бөлісті.

Атап өтерлігі, біз тілдескен ұлт өкілдерінің қай-қайсысы да қазақ тіліне ағып тұрды. «Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету үшін де, бізге бірлігімізден ажырамау маңызды» дейді олар.

Салтанатты шара одан әрі студент жастардың қатысуымен өткен театрландырылған қойылымға, мерекелік концертке жалғасты.

 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button